КСАД РК - Постановление от 27.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/332 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 27 тамыз 6003-25-00-4к/332 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының өкілі С.А.Ерсаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,

Мейірбек Амангелдіұлы Тұрлыбековтің «Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тарту туралы актінің күшін жою және оны заңсыз деп тану және сәулетжоспарлау тапсырмасын беру міндетін жүктеу туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мүдделі тұлғасын тарта отырып, қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы төменгі соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауына, соттар қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне сілтеме жасай отырып, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабардар етілген талап қоюшы мен жауапкер кассациялық сатыдағы сотқа келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне байланысты істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Мүдделі тұлғаның өкілі С.А. Ербаевтың қарсылықтарын тыңдап, материалдарды зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылағаннан кейін сот мынадай түйінге келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кассациялық сатыдағы сотта кассациялық шағымдану тәртібі мен іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер осы Кодекстің 427-бабында көзделген, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы болып табылады.

Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеді.

Іс материалдары бойынша М.А. Тұрлыбеков жауапкердің 2024 жылғы 2 шілдедегі жеке тұрғын үй құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі – СЖТ) беруден бас тартуына шағымданған.

Бас тарту жер учаскесінің құрылысқа заңмен тыйым салынған Ащыбұлақ өзенінің су қорғау белдеуінің шегінде орналасқандығына негізделген.

Соттар талап қоюшының сатып алу-сату шартының негізінде алаңы 57 ш.м. тұрғын үйдің және кадастрлық нөмірі 20 -321- 013 -127, Алматы қаласы, Алатай ауданы, «Ұлжан-2» шағын ауданы, Бертайқызы көшесі, 29-үй мекенжайы бойынша орналасқан алаңы 0, 072 га жер учаскесінің меншік иесі болып табылатынын анықтады.

Жер учаскесіне мемлекеттік актіге сәйкес талап қоюшы Ащыбұлақ өзенінің су қорғау аймағында орналасқан жер учаскесін пайдалану шарттарын сақтауға міндетті.

Талап қоюшы мемлекеттік органның бас тартуымен келіспей, оның шешіміне шағымданды.

Талап қоюдан бас тарта отырып, төмен тұрған соттар Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген Құрылысты ұйымдастыру және оған рұқсат беру жөніндегі рәсімдерден өту қағидаларының 41-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, егер жоспарланып отырған құрылыс елді мекенді дамыту мен салудың бас жоспарына, егжей-тегжейлі жоспарына немесе схемасына сәйкес келмесе, СЖТ беруден бас тартуға жол берілетінін көрсеткен.

Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес аталған жер учаскесінде жаңа тұрғын үй салу көзделмеген, себебі ол су қорғау аймағында орналасқан.

Су кодексінің 125-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес су қорғау аймағында ғимараттар мен құрылыстар салуға тыйым салынады. Ерекшелік тек 2009 жылдың 1 шілдесіне дейін салынған объектілер үшін кәріз, су өткізбейтін науалар және басқа да ағынды суларды бұру жүйелері болған жағдайда ғана қарастырылған. Ол Су кодексінің 145-1-бабында көрсетілген. Бірақ бұл жағдайда талап қоюшы заңмен тікелей тыйым салынған жаңа құрылысты жоспарлап отыр.

Кассациялық сот төменгі соттардың жауапкердің СЖТ беруден бас тартуы заңды, негізделген және қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келеді деген тұжырымдарымен келіседі.

Талап қоюшы жаңа тұрғын үй салғысы келген жер учаскесі шын мәнінде Ащыбұлақ өзенінің су қорғау белдеуінің шегінде орналасқан.

Талап қоюшының сұрауы бұрыннан бар ғимаратты пайдалану емес, жаңа құрылысқа қатысты болды. Қазіргі уақытта аталған жер учаскесінде орналасқан үй 2009 жылдың 1 шілдесіне дейін салынған және оны пайдалануға рұқсат берілген (тазарту және басқа жағдайлар болған кезде). Кассациялық шағымның су қорғау белдеуінің шекараларын дұрыс анықтамау туралы дәлелі негізсіз болып табылады.

Су кодексінің 123-бабына сәйкес су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары бас жоспарлар, картографиялық деректер, сондайақ нормативтер негізінде белгіленеді.

Іс материалдарында даулы учаскенің Ащыбұлақ өзенінің 100 метрлік су қорғау белдеуінің шекарасында екенін растайтын уәкілетті органның (Балқаш - Алакөл бассейндік инспекциясының) қорытындысы бар.

Талап қоюшының су қорғау аймағының қате белгіленгені туралы мәлімдемелері негізсіз болып табылады, өйткені олар техникалық және геодезиялық қорытындылармен расталмаған.

Шағымның СЖТ беруден бас тарту оның меншік құқығын бұзады деген дәлелі негізсіз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6- бабының 3-тармағына сәйкес меншік құқығы субъектілері мен меншік объектілері танылады және бірдей қорғалады. Меншік міндеттейді және қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтірмей пайдаланылуы керек.

Конституцияның 26-бабының 2-тармағына сәйкес меншік иесі өз құқықтарын қоршаған ортаға, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірместен жүзеге асыруға міндетті.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес жеке меншік құқығы абсолютті емес және қоғамдық мүдде үшін заңмен шектелуі мүмкін. Меншік иесі заңда белгіленген, атап айтқанда – қоршаған ортаны қорғау қатысты шектеулерді сақтауға міндетті.

Осылайша кассациялық шағымның дәлелдері төменгі сатыдағы соттар баға берген аргументтерді қайталап отыр. Сот актілерінің күшін жоюға әкеп

соғатын материалдық немесе процестік құқық нормаларын бұзу анықталмады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Мейірбек Амангелдіұлы Тұрлыбековтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Д. Әбдіғалиев

Судьялар

М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.