ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-4к/1735 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшы Ж. Мухамедиеваның, жауапкердің өкілдері Д.Н. Сарыбаевтың, А.Б. Өскенбайдың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Жанылсын Мухамедиеваны жауапкерлер Алматы облысы Кеген ауданының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), Алматы облысы «Кеген ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты 2013 жылғы жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім-шартты, жер учаскесіне қатысты жасалынған сызбаларды, жер учаскесіне берілген мемлекеттік актіні жарамсыз деп танып күшін жою, «Кеген» ауыл шаруашылық кооперативінің 2013 жылғы 10 сәуірдегі жер учаскесін бекіту туралы № 3 хаттамасын жарамсыз деп тану, 2014 жылғы 30 сәуірдегі № 116 жер учаскесін беру туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымына және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) және 15) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, яғни талап қоюды беруге арналған мерзімдің өткізіліп алынуына және осы мерзімді қалпына келтіруден бас тартылуына, сондай-ақ, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынына байланысты қайтарылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен МАӘС-тің ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында талап қоюды беруге арналған мерзім өткізілмегенін, сондай-ақ қойылған талаптар ӘРПК-нің шеңберінде қаралуға жататынын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Әкімнің 2007 жылғы 2 қарашадағы №1096 қаулысымен Ж. Мухамедиеваға жалпы ауданы 60 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша жер пайдалану құқығымен берілген.
«Кеген» ауыл шаруашылығы кооперативінің 2013 жылғы 10 сәуірдегі №3 қатысушылар жиналысының хаттамасымен Е.М. Бекмуратовқа шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы ауданы 66,9 гектар жер учаскесін бөлу туралы шешім қабылданған.
Алматы облысы Райымбек ауданы (қазіргі Кеген ауданы) әкімінің 2014 жылғы 30 сәуірдегі №116 дауланып отырған қаулысымен Е.М. Бекмуратовқа жалпы ауданы 66,9 гектар, кадастрлық нөмірі 03-050-027037 жер учаскесі 2045 жылғы 22 шілдеге дейін уақытша жер пайдалану құқығымен берілген. Дауланып отырған 2014 жылғы 30 сәуірдегі №116 қаулы туралы талап қоюшы Ж. Мухамедиеваға 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №ЖТ-202405430112 өтінішіне Бөлім тарапынан берілген 2024 жылғы 11 қазандағы №ЖТ-2024-05430245 жауаптан белгілі болған.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:
әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;
әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).
Бұл ретте даудың нысаны ретінде әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) болып табылады.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сай дау айту туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе ӘРПК-де және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылатындығы көрсетілген.
Егер АПК-де белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкіндігі АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде көзделген.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын және олардың негізінде жатқан мән-жайлардың талап арызды қайтару туралы қорытындыларымен келіседі. Тараптар келтірген уәждер төмен тұрған соттармен тиісті түрде бағаланған.
Жоғарыда көрсетілгендей, дауланып отырған Әкімнің қаулысы 2014 жылғы 30 сәуірде қабылданған, ал оның бар екендігі туралы талап қоюшыға 2024 жылғы 11 қазанда белгілі болған.
Осы әкімшілік іс бойынша талап қоюшы сотқа 2025 жылғы 19 наурызда жүгінген, яғни бір айлық мерзім өткізіліп алынған, талап қою айтарлықтай уақыт өткеннен кейін берілген.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген дау айту туралы талап қоюды бір ай мерзім ішінде беруге жол береді, алайда қаралып отырған жағдайда бұл мерзім өткізілген. Талап қоюшы мерзімді өткізу себептерін дәлелдейтін негіздерді келтірмеген.
Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасы ережелерін қолдану және Әкімнің 2014 жылғы 30 сәуірдегі №116 қаулысын даулауға қатысты талап қоюды қайтару заңды әрі негізді болып табылады.
Сонымен қатар, 2013 жылғы жалдау шартының үлгі нысанын, жер учаскесіне берілген мемлекеттік актіні, жер учаскесінің сызбаларын, сондайақ «Кеген» ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының 2013 жылғы 10 сәуірдегі №3 жиналысының хаттамасын жарамсыз деп тану бөлігінде талап қоюды ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша қайтару да дұрыс болып табылады.
Қаралып отырған жағдайда дауланып отырған үлгілік шарт, жер учаскесіне берілген мемлекеттік акт, қатысушылар жиналысының хаттамасы мен сызбалар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды. Аталған құжаттар әкімшілік актінің белгілері мен ұғымына толық сәйкес келмейді және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін жария-құқықтық қатынастарда айқындайтын шешім болып табылмайды. Мұндай сипаттағы әрекеттер әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде дербес сот бақылауына жатпайды.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымы және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.