Қ А У Л Ы
2026 жылғы 15 қаңтар №6003-25-00-2к/3736 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі К.А.Байталяковтың және жауапкер өкілі Т.Ә.Сайтгалиевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қарағанды облысы Нұра ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер жеке кәсіпкер Алтынғаным Сәнкібайқызы Тажмағанбетованы (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Мекеме аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 359-баптарын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2025 жылғы 17 cәуірде тараптар арасында тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы №250081 шарт жасалып (бұдан әрі - Шарт), оған сәйкес Кәсіпкер 16 күнтізбелік күн ішінде 1 550 000 теңге құрайтын дуплексті рентранслятор тауарын жеткізуге міндеттенген.
Алайда, ол міндеттемелерін орындамай, тауарды белгіленген уақытта жеткізген жоқ, сол себепті 2025 жылғы 21 мамырда Мекеме тарапынан Шарт біржақты бұзылған.
Бұл жағдайда жергілікті соттар Кәсіпкердің әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни Кәсіпкер өзінің міндеттемесін орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер жеке кәсіпкер Алтынғаным Сәнкібайқызы Тажмағанбетованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.