КСАД РК - Постановление от 23.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/2269 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 қазан 6003-25-00-4к/2269 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшының өкілі Р.Джумагулұлының,

жауапкердің өкілі Н.Суинбековтың қатысуларымен,

талап қоюшы «Компания Строй Инвест 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер Манғыстау облысы атқарушылық округының жеке сот орындаушысы Есенкулов Аскарбек Ондасыновичке 28 мамыр 2025 жылғы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы 57 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою және өндірілген 21 044 400 теңгені қайтаруға міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешіміне, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшы тарапының кассациялық шағымның уәждерін қолдаған пікірлерін, жауапкердін шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2023 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен «Компания Строй Инвест 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне елу жеті талап қошының Еңбек кітапшаларына 16 қаңтар 2023 жылы жұмыстан шығарылған күні туралы жазбаны енгізу, міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік сақтандыру аударымдарын аудару міндеттелген.

Аталған сот шешімі негізінде елу жеті атқару парағы беріліп, 2024 жылғы 27 ақпанда елу жеті атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалған.

2024 жылғы 23 сәуірде атқарушылық іс жүргізу өндірісінің орындалуына байланысты, жеке сот орындаушы А.О.Есенкуловпен (әрі қарай – ЖСО) жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы 57 қаулы қабылданған. Әрбір қаулы бойынша ЖСО қызметіне бекітілген сома мөлшері 369 200 теңгені құраған.

2024 жылғы 24 сәуірде аталған қаулылар бойынша ЖСО 57 атқарушылық іс жүргізу өнідірісін қозғаған.

2024 жылғы 6 мамырда инкассалық өкімдер арқылы Серіктестіктен ЖСО-ның пайдасына әрбір атқару құжаты бойынша 369 200 теңгеден қызмет ақы сомасы өндіріліп, атқару өндірістері тоқтатылған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының (әрі қарай-Заң) 118-бабына сай, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.

Заңның 120-бабының 1-бөлігінде, егер орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілмесе, орындау жөніндегі шығыстар, өндіріп алушы енгізген аванстық жарналар өтелмесе, жеке сот орындаушысы осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген қаулыларды шығарып, оны борышкерге жібереді делінген.

Заңның 9-бабы 1-бөлігінің 10)-тармақшасына сәйкес, жеке сот орындаушысының өзінің қызмет ақысының сомасын бекіту туралы қаулысы атқару құжаты болып табылады.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомаларын бекіту не атқарушылық әрекеттерді жасаған кезде жұмсалған шығыстарды өтеу туралы қаулыны, оның қызметін тоқтату жағдайларын қоспағанда, осы қаулыны шығарған жеке сот орындаушысы орындайды.

Іс бойынша анықталғандай, атқарушылық іс жүргізуді қозғау кезінде 2024 жылғы 23 сәуірде жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы елу жеті қаулылары заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күннен асқан. Сондықтан бірінші сатыдағы соты, МАӘС-тың 14 маусым 2024 жылғы және 6 тамыз 2024 жылғы шешімдері заңды күшіне енгенін ескеріп, ЖСО-ның 28 мамыр 2025 жылғы қаулыларымен елу жеті атқарушылық іс жүргізу өндірістерін қайтадан қозғау кезінде заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысы осы іс бойынша, өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.