ҚАУЛЫ
2026 жылғы 11 ақпан №6003-25-00-4к/2703 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов, жауапкердің өкілі А.А. Жаримбетованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Жасұлан Мұхтарұлы Нұрбайдың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) қатысты 2025 жылғы 23 тамыздағы арызды қанағаттандырып, патрульдік полиция инспекторы Е.Дурмановты жұмыстан шығару жөнінде қолайлы әкімшілік акт қабылдауды мәжбүрлеу, өтінішті қарау кезінде жол берілген әрекеттерді заңсыз деп танып, кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әр – МАӘС) 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа көрсетілген әкімшілік талап қоюмен жүгініп, өз уәжінде оның өтініштері тиісті түрде қаралмағанын, жауапкер тарапынан тиісті шаралар қабылданбағанын, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылмағанын көрсеткен.
МАӘС-тің 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымымен талап қою іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпау салдарынан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтарылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымымен МАӘС-тің ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.
Талап қоюшы кассациялық шағымында даудың ӘРПК-нің нормаларына сәйкес әкімшілік соттардың қарауына жататынын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұрайды.
Талап қоюшыдан сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түскен. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс оның қатысуынсыз қаралды. ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.
Анықталған мән-жайлардан көрінгендей, 2025 жылғы 23 тамызда Ж.М. Нұрбай өз автокөлігінен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін заңсыз шешіп алған полиция қызметкерлеріне қатысты шаралар қабылдау туралы Департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасына өтінішпен жүгінген. Өтінішінде көрсетілген қызметкерлерді теріс себептер бойынша қызметінен босатуды сұраған. Департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының 2025 жылғы 26 тамыздағы жауабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 179-бабында көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін негіздер жоқ екені көрсетілген. Қалған бөлігінде өтініш Департаменттің Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарау үшін жолданған.
Департаменттің Жергілікті полиция қызметі басқармасымен қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, 2025 жылғы 11 қыркүйекте қорытынды жасалған.
Департаменттің Жергілікті полиция қызметі Патрульдік полиция полкінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі №120 полиция жиналысы хаттамасына сәйкес, Е. Дурмановқа «жолдастық сын-ескертпе» жарияланып, оған қатаң түрде ескерту жасалған.
Департаменттің Жергілікті полиция қызметі басқармасы 2025 жылғы 12 қыркүйектегі хатпен Ж.М. Нұрбайды оның өтінішін қарау нәтижелері және Е. Дурмановқа қатысты қабылданған шаралар туралы хабарлаған.
Ж.М. Нұрбай берілген жауаппен келіспей, 2025 жылғы 12 қыркүйекте жауапкерге қайтадан жүгініп, өтінішін тиісті түрде қарауды сұраған.
Департаменттің Жергілікті полиция қызметі басқармасы 2025 жылғы 30 қыркүйектегі хатпен Ж.М. Нұрбайды оның өтінішін қарау нәтижелері және Е. Дурмановқа қатысты қабылданған шаралар туралы қайтадан хабарлаған. ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:
әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе айқындалатын тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;
әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).
Бұл ретте дау нысанасы әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ оның құқықтық жағдайын өзге де түрде нашарлататын акті немесе әрекет (әрекетсіздік) болып табылады. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Кассациялық сатыдағы сот ұсынылған дәлелдемелерге құқықтық баға бере отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындыға келеді, олардың негізіне алынған мән-жайлар төмен тұрған соттардың талап қоюды қайтару туралы тұжырымдарының дұрыстығын растайды.
Қаралып отырған жағдайда жауапкердің өтініштерді қарау және жауап беру жөніндегі дауланып отырған әрекеттері жария-құқықтық қатынастар шеңберінде талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Талап қоюшының берген өтініштері мен дауланып отырған жауаптардың мазмұнынан өтініштерді қарау рәсімінің сақталғаны, оларға тиісті жауаптардың берілгені көрінеді, соның нәтижесінде әкімшілік рәсім аяқталған. Тиісті жауаптарда жүргізілген іс-шаралар мен анықталған мән-жайлар баяндалған, алайда олар дербес құжаттар ретінде толық көлемде әкімшілік актінің өлшемдері мен ұғымына сәйкес келмейді, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешімдер болып табылмайды.
Мұндай сипаттағы әрекеттер (жауаптар) әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен дербес соттық бақылауға жатпайды, аталған хаттар түсіндірмелік (хабарламалық) сипатқа ие және белгілі бір құқықтық нәтижеге қол жеткізуге бағытталмаған.
Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы ережелерін қолдану және талап қоюды осы негіздер бойынша қайтару дұрыс болып табылады.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер соттармен қаралып, кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген. Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер таппайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.