6001-22-00-3гп/195
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 7 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші судья Н.К. Шәріпов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов прокурор А[...],
талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...], жауапкерлер ««АҚ[...]»» шаруа қожалығының өкілі Ш[...], жеке кәсіпкер А[...] өкілі
жауапкерлер ««АҚ[...]»» шаруа қожалығының өкілі Ш[...],
Г[...],
даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері А[...], И[...],
аудармашы М[...]
қатысуымен мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер ««АҚ[...]»» шаруа қожалығынан, жеке кәсіпкер А[...] мемлекет пайдасына алынған бюджеттік субсидияны өндіру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 29 қазандағы шешімін, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 ақпандағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер жеке кәсіпкер А[...] өкілінің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
«Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) жауапкерлер ««АҚ[...]»» шаруа қожалығынан (бұдан әрі – ««АҚ[...]»» ШҚ), жеке кәсіпкер А[...] (бұдан әрі – А[...]) ортақ мемлекет пайдасына 236 919 375 теңге мөлшерінде алынған бюджеттік субсидияны өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. ««АҚ[...]»» ШҚ-дан және А[...] мемлекет пайдасына 236 919 375 теңге мөлшерінде алынған бюджеттік субсидия ортақ өндірілген.
««АҚ[...]»» ШҚ-дан және А[...] мемлекет пайдасына 1 701 581 теңге мемлекеттік баж ортақ өндірілген.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
А[...] өкілі өтінішхатта дау айтылған сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне және істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Сот алқасы жауапкер А[...] өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкер ««АҚ[...]»» ШҚ өкілінің өтінішхатты қанағаттандыру туралы пікірін, талап қоюшы Мекеме өкілінің қарсы пікірін, үшінші тұлға «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» КММ-нің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсінігін, прокурордың өтінішхатты ішінара қанағаттандырып, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сот алқасына қайта қарауға жолдау туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.
Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) аясында Мекеме өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау жұмыстарын өткізген.
Осыған орай ««АҚ[...]»» ШҚ басшысы К[...] «Награда» атты таңқурай сортының көшеттерін А[...] жасасқан сатып алусату шартының негізінде тиесілі субсидияларды төлеу туралы Мекемеге 2020 жылғы 19 мамырда екі өтпелі өтiнiм тапсырған.
Өтпелі өтінімдерге сәйкес Мекеме «АҚ[...]» ШҚ-ның сатып алатын «Награда» атты 787 680 дана және 73 845 дана таңқурай көшеттері құнының 50 пайызын субсидия ретінде тиісінше 216 612 000 теңге және 20 307 375 теңге мөлшерінде А[...] аударған.
«Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» КММ-нің (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) бағдарламаның іске асырылуын сондай-ақ, дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген.
Тексеру комиссиясының 2020 жылғы 6 қарашадағы №15 қаулысымен бекітілген аудиторлық қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы, [...] орналасқан ««АҚ[...]»» ШҚ-ның 32 га және 3 га алқаптарына 236 919 375 теңгеге субсидияланған «Награда» атты таңқурай сортының көшеттері өтінімде көрсетілген жер теліміне отырғызылмаған және жеткізілмеген.
Мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2020 жылғы 6 қарашадағы №33-Н Н[...] комиссиясы Мекемеге «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бюджеттік бағдарламасы бойынша ««АҚ[...]»» ШҚ-ға төленген 236 919 375 теңге мөлшеріндегі субсидияны жергілікті бюджет кірісіне өндіруді қамтамасыз етуді талап еткен.
Мекеме субсидияны жергілікті бюджет кірісіне кері қайтару туралы ««АҚ[...]»» ШҚ-ға 2020 жылғы 4 қарашадағы хабарламасына субсидияны қайтаруға негіздер жоқ екендігі жөнінде 2020 жылдың 30 қарашасында жауап берген.
Атап айтқанда, А[...] пен ««АҚ[...]»» ШҚ-ның арасында таңқурай көшеттерін жеткізу үшін:
433 224 000 теңге сомасына 787 680 дана көлемінде 32 га алаңға таңқурай көшеттерін жеткізуге 2020 жылғы 11 мамырда №4/05;
40 614 750 теңге сомасына 73 845 дана көлемінде 3 га алаңға таңқурай көшеттерін жеткізуге 2020 жылғы 11 мамырда №6/05 шарттары жасалған.
Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне және жеткізудің маусымдылығына байланысты, жауапкерлер арасында таңқурай көшеттерін 2020 жылғы қарашаға дейін жеткізу мерзімімен А[...] сақтауға бере отырып, өтеусіз негізде жауапты сақтау шарттары жасалғпн: 2020 жылғы 18 мамырдағы №02/05 шартпен – 787 680 дана, 2020 жылғы 18 мамырдағы №04/06 – 73 845 дана.
Жауап беру күніне көшеттер нақты сатып алынған, жүк берушінің сұрауы бойынша жеткізілді және оларды отырғызу жүзеге асырылған. Мекеме ««АҚ[...]»» ШҚ-ның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі - Қағидалар) №107 бұйрығы талаптарының орындалуын қамтамасыз етпегенін көрсетіп, одан 236 919 375 теңге мөлшеріндегі субсидияны бюджет кірісіне өндіру туралы талап арыз берген.
2021 жылғы 12 қазандағы сот ұйғарымының негізінде Мекеменің егін шаруашылығы бөлімінің басшысы М[...], мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т[...], Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы - мемлекеттік аудитор И[...] және осы бөлімнің бас маманы А[...] қатысуымен, ««АҚ[...]»» ШҚ-ның өтінімде көрсетілген жер теліміне субсидияланған «Награда» атты таңқурай көшеттері отырғызылғанына 2021 жылғы 19 қазанда жүргізілген мониторинг актісіне сәйкес отырғызылған таңкурай көшеттерінің қурағаны және ішінара өскені, кейбір көшеттердің өскін бермегендігін және көшеттердің отырғызу схемасы сақталып отырғызылғанымен, егіс алқабы арам шөптермен залалданған.
Қағидалардың 40-тармағының 5) тармақшасына сәйкес субсидиялар нақты сатып алынған элиталық көшеттер үшін ауылшартауарөндірушілердің (ауылшаркооперативтерінің) шығындарын ішінара (50%) өтеуге арналады. Қағидалардың 46-тармағына сәйкес элиттұқымшардан (тұқымшардан, өткізушіден) арзандатылған құны бойынша субсидияланатын тұқымдарды сатып алу кезінде ауылшартауарөндіруші (ауылшаркооперативі) шарттың негізінде осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша субсидияланатын тұқымдарды арзандатылған құны бойынша сатып алу кезінде тиесілі субсидияларды төлеу туралы өтпелі өтінімді «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы береді.
Осы жағдайда, субсидия элиттұқымшарға (тұқымшарға, өткізушіге) элиттұқымшар (тұқымшар, өткізуші) Қағидалардың 59 және 60тармақтарына сәйкес нақты өткізілген субсидияланатын тұқымдар бойынша мәліметтерді өтпелі өтінімге күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей енгізген жағдайда төленеді. Істі қарау барысында анықталғандай осы оқиға бойынша Жамбыл облысы Экономикалық тергеу департаменті, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасымен қылмыстың құрамы болмауына байланысты өндірістен қысқартылған.
Бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8-бабының 5- тармағының негізінде азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi деп айта келе, жауапкерлер субсидияларды пайдалану барысында жосықсыз әрекеттер жасаған деген тұжырымға келіп, жауапкерлерден субсидияның толық мөлшерін мемлекет пайдасына ортақ өндірген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келіскен.
Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
АПК-нің 15-бабының 1-3-бөліктеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.
Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.
Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПКнің 224-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.
Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (АК-нің 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мәнжайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.
Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалған болып табылады, себебі олар істің белгіленген мән-жайларына сәйкес келмейді, дұрыс қолданылмаған материалдық және процестік құқық нормаларымен негізделген. Жауапкерлер өзара жасалған келісім шаттардың негізінде, қабылдауберу актісі бойынша таңқурай көшеттерін біреуі сатып, біреуі сатыпалғандығы туралы мәліметтерді зерделемей, көшірмесін азаматтық іс құжаттарына тіркемеген. Шарттар бойынша таңқурай көшеттерін сатыпсатып алынғандығы туралы әр тарап қандай әрекеттерді жасауға міндеттелген, сатушы таңқурай көшеттерін сатып алышуға қандай құжаттармен өткізуге тиіс болғаны анықталмаған.
Жауапкерлер сілтеме жасап отырған қабылдау-беру актілерін де жергілікті соттар А[...] және ««АҚ[...]»» ШҚ-ның өкілдерінен
өздері сілтеме жасаған жазбаша дәлелдеме ретінде ұсынуды талап етпей, құқықтық баға бермей, іс құжаттырна тіркемеген.
Бірінші сатыдағы сот шешімінде қарама-қайшы мән-жайдарды келтірген, онда: өтінімде көрсетілген жер учаскелеріне 236 919 375 теңге сомасында субсидияланған көшеттер отырғызылмаған деп анықтаған; сонымен қатар таңқурай көшеттері отырғызылған, алайда қурап, жартылай өскендігі, кейбір көшеттер өніп шықпағаның және көшеттердің отырғызу схемасы сақталмай, егіс алқабы арам шөптермен залалданғаны анықтағанын көрсеткен.
Көрсетілген мән-жайлар даудың дұрыс шешілуіне маңызды екендігіне қарамастан, бірінші сатыдағы сот таңқурай көшеттері отырғызылғаны жөніндегі дәлелдемені жоққа шығармастан, қажетті сипаттамасыз көшеттер отырғызылмай, субсидия алу мақсаты орындалмағандығы туралы тұжырымға келген.
Алайда мониторинг актісі әкімшілік өкілдермен жасалғандықтан, олардың құрамында өсімдік шаруашылығы саласындағы мамандар ғана емес, аудиторлар да енгізілгенін ескеріп, актіде қанша таңқурай саны қурап қалғаны, қаншасы өскені, таңқурайдың кебу себептері туралы толық қорытындылар жасалмай, соттар осы мәселе бойынша сарапшының қорытындысы қажеттігі жөнінде мәселені қарастырмаған.
Таңқурай көшеттері келісім бойынша 2020 жылдың қыркүйек-қазан айларында отырғызылды, өспеген көшеттер екі жылдан кейін жемістерін беретіні туралы жауапкер ««АҚ[...]»» ШҚ-ның өкілінің уәждерін жергілікті соттар назардан тыс қалдырған.
Аталған мән-жайлардың анықталуы немесе анықталмауы іс үшін маңызды екендігіне қарамастан, жергілікті соттар сол мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамай және анықтамай, кемшіліктер жіберіп, кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан. Сонымен қатар, осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 5 тамыздағы ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілі болып қазақ тілі белгіленген.
Азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотта қарау барысында А[...] өкілі сот ісін жүргізу тілін білмегендіктен, істі аудармашының қатысуымен қарауды мәлімдеген.
АПК-нің 56-4-бабының 1-бөлігіне сай аударма жасау үшін білу қажет тілдерді меңгерген және егер іске қатысатын адам, сондай-ақ куә, сарапшы, маман іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тілді білмеген жағдайларда, сол сияқты жазбаша құжаттарды аудару үшін процестік әрекеттерге қатысуға тартылған, іске мүдделі емес адам аудармашы ретінде шақырылады.
Алайда іске қатысқан аудармашы Ж[...] аударма жасау үшін қазақ және орыс тілдерін жеткілікті меңгеретіндігі жөнінде мәселе анықталмай, аударма ісі саласындағы арнайы білімін растайтын құжаттар сотқа ұсынылған жоқ.
Апелляциялық сот отырысында жүргізілген аудио-, бейнетіркеу құрылғыларын қарап тыңдауы барысында аудармашы Ж[...] 56-4-бабының 4-бөлігінде аударманы толық және дұрыс жүзеге асыру туралы міндеттерін орындамағаны анықталған. Осы тұрғыда апелляциялық сот алқасы АПК-нің 14-бабының 4-бөлігінде белгіленгендей сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын және іске қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуды тегін қамтамасыз ету туралы талаптарын орындамаған. АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 3) тармағына сай егер істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылса кез келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады. Осыған орай, алқа осы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.
Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданып, заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 29 қазандағы шешімінің, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 ақпандағы қаулысының күші жойылсын. Азаматтық іс Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда қайта қаралу үшін жолдансын.
ЖК А[...] өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Ғ. Мырзаке Н. Сұлтанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.