№ 6003-25-00-2к/3372 Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар Г.Б.Тергемесова, А.К. Айкенова, прокурор Р.Б.Казмуханбетов,
талап қоюшы Ә.Ә.Әбілхайрдың, оның өкілі Т.О.Азадовтың, жауапкердің өкілі А.А.Тажиевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Әлібек Әбілхайрұлы Әбілхайрдың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбекақыны өндіру туралы талабы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ә.Ә.Әбілхайр сотқа талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар толық әрі дұрыс анықталмағанын көрсеткен. Атап айтқанда, 2024 жылғы 16 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімінде тіркелген қылмыстық іс өндірістен тоқтатылғанын, сондай-ақ талап қоюшының 2024 жылғы 11 қарашадан 2 желтоқсанға дейін «АйдинаМед» ЖШС медициналық мекемесінде ем қабылдаған кезеңінде оны жұмыстан заңсыз босату туралы бұйрық шығарылғанын алға тартып, дау айтылып отырған сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сай, материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, соның салдарынан заңсыз сот актісі шығарылған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 13), 14) және 19) тармақшаларына сәйкес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны, сондай-ақ қызметкердің дәлелсіз себептермен бір жұмыс күнінде қатарынан үш және одан да көп сағат бойы қызметте болмауы жұмыстан шығаруға негіз болып табылады.
Талап қоюшы Ә.Ә.Әбілхайр Шымкент қалалық полиция департаментінің (бұдан әрі - Департамент) экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының ведомствоаралық үйлестіру және профилактика тобының аға жедел уәкілі лауазымын атқарған.
Іс құжаттарынан 2024 жылғы 4 шілдеде Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына (бұдан әрі-ӨҚБ) азаматтар Г.Ахметова мен Н.Ахметовтың арызбен жүгінгені анықталды. Арызда Департаменттің қызметкерлері Н.Ахметовты заңсыз ұстап, оның автокөлігін заңсыз тінтіп, есірткіге қатысы бар адамдарға ақша аударды деп қорқытып, қылмыстық жауаптылыққа тартпау үшін 8 000 000 теңге талап еткені, кейін олардың талабымен 3 000 000 теңге берілгені көрсетілген.
2024 жылғы 9 шілдедегі қызметтік тексеру қорытындысымен Департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілдері Б.О.Ханазаровтың, Ә.Ә.Әбілхайрдың және Т.Е.Байдуашовтың қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланғаны, жедел іс-шаралар жүргізуге негіз болатын құжаттарсыз азаматтармен заңсыз байланысқа түскені толық дәлелденген деп танылып, тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы тәртіптік комиссияның қарауына жолданған.
Талап қоюшыға қатысты қызметтік тексеру қорытындысы тәртіптік комиссияда 2024 жылғы 6 және 14 тамызда қаралуға тағайындалғанымен, оның бірнеше рет жеке медициналық ұйымдарда еңбекке жарамсыздық парағын аштыруына байланысты комиссия отырыстары кейінге қалдырылған.
2024 жылғы 14 қарашадағы қосымша қызметтік тексеру қорытындысымен талап қоюшының 2024 жылғы 11 қараша сағат 12:00-ден бастап 14 қарашаға дейін себепсіз жұмыс орнында болмағаны, бұл мәнжайларды тікелей басшылығына хабарламағаны анықталып, құқық қорғау органдарынан шығару мәселесін тәртіптік комиссияда қарау ұсынылған.
2024 жылғы 15 қарашадағы №1014 ж/қ тәртіптік комиссияның шешімімен талап қоюшының Заңның 16-бабының 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларын және Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары,
азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі - Әдеп кодексі) талаптарын бұза отырып, теріс қылық жасағаны үшін оны құқық қорғау органдарынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.
Осыған байланысты Департаменттің 2024 жылғы 15 қарашадағы №1014 ж/қ бұйрығымен талап қоюшы Заңның 80-бабының 1-тармағының 13), 14), 19) тармақшалары негізінде қызметтен шығарылған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің барлық мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолдана отырып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы негізді шешімдер қабылдаған.
Соттар тәртіптік жаза қолдану кезінде талап қоюшының жасаған теріс қылықтарының сипаты мен ауырлығын, кінәлілігінің дәрежесін және өзге де мән-жайларды ескерген.
Талап қоюшының жеке медициналық ұйымдарда бірнеше рет және ұзақ мерзімге еңбекке жарамсыздық парақтарын аштыруы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы №781 бұйрығымен бекітілген әскери-медициналық қамтамасыз ету қағидаларының талаптарына қайшы келетіні де соттармен дұрыс бағаланған.
Қызметтен шығару туралы бұйрық уәкілетті тұлғамен қабылданып, заңда белгіленген тәртіп пен мерзімдер сақталған.
Талап қоюшының қызметтен шығаруды заңсыз деп тану туралы уәждері объективті дәлелдермен расталмайды.
Сондықтан талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюға, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруға және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші А.К.Рамазанова
судьялар Г.Б.Тергемесова А.К.Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.