№6003-25-00-2к/2742
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы Ж.К.Буйрабаев пен оның өкілі Б.Ажекұлының, жауапкер М.Н.Жүсіпбаевтың, үшінші тұлға Н.Қ.Әбілданың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Жуматай Кожахметович Буйрабаевтың жауапкер Мақсат Нұрланұлы Жүсіпбаевқа ақша және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Ж.К.Буйрабаев сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер М.Н.Жүсіпбай алдау арқылы өзіне тиесілі емес пәтерді 6 000 000 теңгеге бағалап, 2022 жылғы 8 маусымда 4 000 000 теңгесін алғанын, қалған 2 000 000 теңгені берген кезде аталған пәтерді өзінің атына рәсімдеп беретіндігі туралы қолхат жазып бергенін, алайда жауапкерге бірнеше рет 2 000 000 теңгені ұсынғанда, соңғы пәтерді өзінің атына рәсімдеместен, түрлі сылтаулар айтып, бүгінгі күнге дейін ақшасын қайтармай, не болмаса пәтерді өзінің атына рәсімдеп бермегенін көрсетіп, жауапкерден 4 000 000 теңге ақшасын және 3 000 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 4 000 000 теңге, өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 500 000 теңге шығыны, мемлекет кірісіне төлеген 40 000 теңге баж салығы өндірілген. Ж.Буйрабаевқа мемлекет кірісіне артық төленген 33 154 теңге баж салығы қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшының пайдасына жауапкерден өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 500 000 теңге шығысы 400 000 теңгеге дейін төмендетілген.
Талап қоюшы шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, 3 000 000 теңге моральдық зиянды өндіру талап қоюының бөлігін қанағаттандыру жөнінде жаңа сот актісін шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғаны, жауапкер М.Жүсіпбаев 2022 жылғы 8 маусымда талап қоюшы Ж.Буйрабаевқа ауызша келісім бойынша Түркістан қаласы, Жүсіп Қыдыр көшесі, № 84 үйдегі бір бөлмелі пәтерді (бұдан әрі - пәтер) заттарымен бірге 6 000 000 теңгеге сатқан.
Іс құжаттарына тіркелген 2022 жылғы 8 маусымдағы жауапкердің жазған қолхатына қарағанда, талап қоюшы келісілген пәтер ақысының 4 000 000 теңгесін жауапкерге беріп, қалған 2 000 000 теңгені талап қоюшы берген соң, пәтерді рәсімдеп беруге міндеттенген.
Алайда, жауапкердің сатқан пәтері үшінші тұлға Н.Әбілдаға тиесілі екені анықталып, көрсетілген пәтердің коммуналдық төлемдерге қарыздары болуына байланысты тараптардың араларында дау туындаған.
Түркістан қалалық полиция басқармасымен Ж.Буйрабаевтың жауапкер М.Жүсіпбаевқа қатысты бөтеннің мүлкін сатумен байланысты әрекеттері туралы жазған арызы бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы анықталмауына байланысты құжаттар номенклатуралық іске жолданып, арызданушыға азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі -АК) 188, 272, 951-баптарының талаптарын соттар дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Себебі жауапкердің талап қоюшыға сатқан пәтері үшінші тұлғаға тиесілі екені іске тіркелген құжаттармен өз дәлелін тауып, тараптармен жоққа шығарылмаған.
Үшінші тұлға мен талап қоюшы арасында пәтерді сатып алу – сату туралы келісім жасалмаған, яғни араларында аталған мәміледен туындайтын азаматтық құқықтары мен мiндеттері пайда болмаған.
Жауапкер талап қоюдың 4 000 000 теңге өндіру туралы талабын мойындап, оны қайтаратынын айтып көрсеткен.
Мұндай жағдайда соттар 4 000 000 теңге өндіру туралы талап қоюдың бөлігін заңды әрі негізді қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар моральдық
зиянды өндіру туралы талап қоюдың бөлігін АК-нің 951-бабының 4-тармағы негізінде қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан, себебі Заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
Істің бұл тұрғысында кассациялық сот дауланып отырған сот актілері заңнама талаптарына толық сәйкес келеді деп санайды.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Талап қоюшымен кассациялық шағым берерде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (әрі қарай - Салық кодексі) 610-бабы 1-бөлігінің 7) тармақшасы, 2- бөлігіне сәйкес ақша өндіру талабы бойынша 20 000 теңге, ал моральдық зиянды өндіру талабы бойынша 923 теңге, барлығы 20 923 теңге баж салығы төленуі тиіс еді.
Алайда талап қоюшымен шағым берерде 15 000 теңге баж салығы төленуіне байланысты талап қоюшыдан мемлекет пайдасына 5923 (20923 - 15000) теңге баж салығы өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Жуматай Кожахметович Буйрабаевтан мемлекет пайдасына 5923 (бес мың тоғыз жүз жиырма үш) теңге баж салығы өндірілсін.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.