6001-24-00-6ап/3534
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 21 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б. Ермагамбетова болып,
прокурор Б.И.Саттыбаевтың,
жауапкернің өкілі Е.С.Құрманбектің, А.С.Өстемірдің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Өмір жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №5820ОВ400027 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын (бұдан әрі - хабарлама) заңсыз деп танып, күшін жою жөніндегі талап қоюы бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысына жауапкермен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа Басқармаға жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылған, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкер кассациялық шағымда апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, қаулының күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Сот алқасы, жауапкердің өкілдерінің шағымды қолдау уәждерін, прокурордың кассациялық шағымды қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым мен өтінішхат уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Әкімшілік іске талап қоюшы өкілінің келмеуі оған тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ӘРПК - нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда хабарламаны қабылдауға Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2023 жылғы 21 тамыздағы заңды күшіне енген шешімімен жеке кәсіпкер Гульсим Бахитбековна Андабаеваның мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылғаны негіз болған. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 - бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып салық органымен белгіленген мерзімді елеулі бұзып хабарламаның қабылдануы оның заңсыз деп танылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
Басқарма сот шешімін тиісті мерзімде ала тұра хабарламаның кеш қабылдануына уәждері мен дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған, сондықтан апелляциялық сатыдағы соты хабарлама қабылдану мерзімін МАӘС шешімі заңды күшіне енген күннен бастап негізді есептеген.
Салық кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органы хабарламаны қабылдау құқығы бар деген кассациялық шағымның уәждері негізсіз, өйткені «талап қою мерзімі» және «хабарламаны жіберу мерзімі» тектес мерзімдер болып табылмайды, Салық кодексінің әртүрлі нормаларымен реттеледі. Расымен хабарлама талап қою мерзім шегінде қабылдану мүмкін, алайда Салық кодексінің 114-бабында көзделген мерзімдер сақталуы тиіс.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актінің заңсыздығы істі қарау барысында өз растауын тапқан.
Бұл ретте апелляциялық сатының талап қоюшы мен осы контрагент арасындағы өзара есеп айырысулардың нақты жүзеге асырылуының дәлелденуі туралы қорытындылары Cалық кодексінің 145-бабымен салық органдарына бекітілген тексеру жүргізу құқығы, салықтық әкімшілендіру шаралары, оның ішінде салықтық тексерулердің нәтижелерін алдын ала анықтауға жол бермеуіне байланысты қаулының дәлелді бөлігінен алып тастауға жатады.
Апелляциялық сатымен қаулы материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов Ж. Ермагамбетова Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.