ВС РК - Постановление от 13.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/859 (Административное)

№6001-22-00-6ап/859

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 13 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшының өкілі – Е[...],

жауапкерлердің өкілдері:

Шымкент қаласы әкімдігінің өкілі - З[...],

«Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Е[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы К[...] өзіне тиесілі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығармай, жауапкерлер жер учаскесінің бір бөлігіне көпшілік пайдаланатын көше құрылысын заңсыз жүргізіп жатқанын көрсетіп, жауапкерлердің іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен күшінде қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер соттармен орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы К[...] Шымкент қаласы «Тұран» шағын ауданында орналасқан кадастрлық №[...], жалпы алаңы 0,2500 га жер учаскесіне меншік құқығы 2018 жылғы 20 желтоқсандағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде туындаған.

2021 жылғы 21 шілдеде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалымен талап қоюшыға жер учаскесіне далалық зерттеу актісі берілген.

2021 жылғы 21 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімінің талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің 0,1824 га бөлігін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы №1080 қаулысы қабылданған.

Аталған қаулыда жер учаскелері Шымкент қаласы, «Тұран» шағын ауданы аумағында орналасқан 1-көше, 5-көше, 6-көше, 8-көше, 9-көше, 10көше, 11-көше, 12-көше, 13-көшелеріне инженерлік коммуникация және көпшілік пайдаланатын жол құрылысы үшін алынатыны көрсетілген.

2021 жылғы 22 қыркүйекте Басқармамен талап қоюшыға Шымкент қаласы «Тұран» ықшам ауданында №3 көшенің құрылысы жүргізіліп жатқаны хабарлаған. Жергілікті соттар талап қою қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда жер учаскесінің бос болғанын, қоршалмағанын, жер учаскесінде құрылыс нысандары салынбағанын, «Тұран» ықшам ауданындағы №3 көше құрылысы талап қоюшының жер учаскесінің алдынан өтетінін, ал жер учаскесін кесіп өтуге тиіс №5 көшенің құрылысы жүргізілмегенін, жер учаскесінің бір бөлігінің көше құрылысы үшін арнайы тегістелгенін растайтын дәлелдемелер ұсынылмағанын назарға алған.

Соттардың бұл тұжырымы негізді және іс құжаттарымен қуатталған.

ӘРПК-нің 129 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы өз мүмкіндіктеріне сәйкес дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті. Берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.

Істі қарау барысында талап қоюшының өзіне тиесілі жер учаскесінің бөлігін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға қарсы еместігі, жер учаскесіне бағалау жүргізіліп, жер учаскесінің бөлігін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасы талап қоюшыға ұсынылғаны анықталған.

Талап қоюшының жер учаскесінің 0,1824 га бөлігі «Тұран» шағын ауданында 1-көше, 5-көше, 6-көше, 8-көше, 9-көше, 10-көше, 11-көше, 12көше, 13-көшелерінің құрылысы үшін алынған және талап қоюшының жер учаскесінен өтуге тиіс №5 көшенің құрылысы басталмағаны анықталған.

Бұған қоса, талап қоюшы жер учаскесінің бос екенін, қоршалмағанын және жер учаскесінде құрылыс нысандары салынбағанын жоққа шығармаған.

Мұндай жағдайда, соттар талап қоюшының «Тұран» ықшам ауданында №3 көшенің құрылысы жүргізіліп, өзіне тиесілі жер учаскесін пайдалану құқығының бұзылғаны жөніндегі уәждерін негізсіз деп тану туралы дұрыс тұжырымға келген.

Осыған қоса, талап қоюшы жер учаскесінде нақты жол құрылысы жүргізіліп жатқанын, жер учаскесінің бір бөлігі көше құрылысы үшін арнайы тегістелгенін растайтын дәлелдемелерді ұсынбаған.

ӘРПК-тің 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.

ӘРПК-тің 8-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.