№6003-26-00-2к/567(2)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілі Т.А.Ибайдилдаевтың,
жауапкер өкілдері С.Б.Маденов пен Н.Д.Махамбетовтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Қармақшы аудандық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Дастан Абдибекович Бухановтың жауапкер «Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Д.А.Буханов талап қоюында еңбек заңнамасын бұзу арқылы 2025 жылғы 22 сәуірде қабылданған № 161-жқ бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қармақшы аудандық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімімен Д.А.Бухановтың бұл талап қоюы қанағаттандырылған.
Даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылып Д.А.Буханов «Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыспен қамту, еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік секторының меңгерушісі қызметіне қайта орналастырылған.
Оған, соттардың заңда көзделген тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткені және талап қоюшының мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер туралы жазбаша нысанда таныстырылмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған. Жауапкер кассациялық шағымында, талап қоюшының 2002 жылы мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап, заңда көзделген шектеулерді қабылданған болып есептелетінін және тәртіптік жаза қолдану мерзімі бұзылмағандықтан іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, негізсіз болғандықтан сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi
шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының (бұдан әрі - Заң) 45-бабының 1-тармағының талабы бойынша тәртіптік жаза, теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Д.А.Буханов жұмысқа 2024 жылғы 28 тамыздағы №439-ж/қ бұйрықпен 3 ай сынақ мерзіміне қабылданып, сол жылдың қарашадағы №679-ж/қ бұйрығымен қызметіне тағайындалған.
Талап қоюшының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңының 12-бабының 1-тармағы 6) тармақшасына көзделген шектеулерді бұзып, 2024 жылғы 9-20 қыркүйек аралығында «Realbet» букмекерлік кеңсесінде бәс тіккені тараптармен дауланбайды.
Осыған байланысты Заңның 61-бабының 1-тармағының 8) тармағының талабы бойынша соңғы жұмысынан босатылған.
Қазақстан Республикасының Президентінің 2015 жылдың 29 желтоқсанындағы № 152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының» (бұдан әрі -Қағида) 37- тармағына сәйкес жасағаны үшін лауазымын төмендету, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту және атқаратын лауазымынан босату түрiнде тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін тәртіптік теріс қылықтар бойынша қызметтiк тергеп-тексеру жүргізу және Комиссияның ұсынымдарының болуы міндетті.
Қағиданың 45-тармағының талабы бойынша, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтік тергептексерулер мемлекеттік әкімшілік қызметшіні лауазымға тағайындау және лауазымынан босату құқығы бар лауазымды адамға жасалған теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті адамның актісімен тағайындалуы тиісті.
Осы Қағиданың 53-тармағының 7) тармақшасын сәйкес қызметтік тергептексерулер, қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпарат беру туралы сұрау салу мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберілген кезеңде тоқтатыла тұрады.
Анықталғаны, жұмыс берушіге талап қоюшының тәртіптік теріс қылылғы жөнінде Қармақшы ауданының прокуратурасымен заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынымы негізінде 2025 жылғы 28 ақпанда белгілі болған.
Алайда, жауапкермен осы ұсыным бойынша қызметтік тергеп - тексеру тек 2025 жылғы 27 наурызда №35-нқ бұйрығымен тағайындалған, сол күнгі №36-нқ бұйрығымен тоқтамға алынып, 2025 жылғы 8 сәуірдегі №42-нқ бұйрығымен жалғастырылған.
Қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысы аудандық тәртіптік комиссия отырысында 2025 жылғы 18 сәуірде қаралып, комиссия ұсынысымен 22 сәуірде талап қоюшы жұмысынан босатылған. Бұл тұрғыда, соттардың Д.А.Бухановқа қатысты тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалған уақыт бастап 7 ай 2 күн өткеннен кейін, теріс қылық жасалғаны анықталған уақыттан бастап (қызметтік тергеп-тексеруді тоқтату күндерін есептемегенде) 41 күннен кейін қолданылғаны жөніндегі тұжырымдары негізді болып табылады.
Одан бөлек, тәртіптік жаза қолдануда қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау мерзімі де 16 күнге бұзылған.
Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және жауапкермен жоққа шығарылмаған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 25-тармағының талабына сәйкес, егер сот еңбек тәртібін бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы істі қарау кезінде теріс қылық шын мәнінде орын алған, бірақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін немесе мерзімін бұза отырып жүргізілген деген түйінге келсе, жұмыскер жұмысқа қайта алынуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметте болудағы шектеулерді қабылдаудың жазбаша түрде рәсімделмеуінің маңыздылығы жоқ, ол мемлекеттік қызметшіні жауаптылықтан босатпайды.
Сондықтан кассациялық сатыдағы сот шағымның бұл уәждерін негізді деп табады, бірақ соттың бұл негізсіз тұжырымы іс бойынша шығарылған сот актілерінің мәніне әсер етпейді. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
Осы мән-жайларға байланысты сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-тің 109 және 113-бабының талабына сәйкес талап қоюшыға, ұсынылған құжаттармен расталған кассациялық сатыдағы сотта өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты 200 000 теңге шығыны жауапкерден алып берілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қармақшы аудандық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Дастан Абдибекович Бухановтың пайдасына жауапкер «Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен кассациялық сотта өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты 200 000 (екі жүз мың) теңге шығыны өндірілсін.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.