6кг-5-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 8 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева,
судьялар М.Т.Таймерденов, Б.Б.Шермухаметов, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры
Т[...],
Қызылорда облысының Полиция департаменті Жаңақорған ауданының Полиция бөлімі өкілі А[...] қатысуларымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен,
А[...] қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі А[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулысы өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Наразылықта прокурор соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.
Алқа, наразылықта көрсетілген уәждерді қолдаған уәкілетті орган өкілінің, прокурордың пікірлерін тыңдап, келесідей қорытындыға келеді.
Іс материалдарына сәйкес, А[...] 2021 жылғы 22 ақпанда 18 сағат 33 минут шамасында Жаңақорған [...] бойында «Tоyota camry» көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған. Медициналық куәландыру қорытындысымен А[...] алкоголді масаюдың жеңіл дәрежесі күйінде болу фактісі анықталған.
Осы мән-жайлар А[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот әкімшілік жауапкершілікке тарту ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жүргізуді тоқтатқан.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіскен.
Алайда кассациялық қайта қарау нәтижесінде алқа қорытындысы бойынша жергілікті соттардың қаулылары негізсіз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартудың жалпы 2 ай ескіру мерзімі бекітілген. ӘҚБтК-нің 62-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі сараптама тағайындалған, өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған, сондай-ақ iс сотқа немесе мемлекеттiк органның әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамына жiберілген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Заң ескіру мерзімін есептеуді тек сараптама нәтижелері алынған кезден бастап, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулыны орындаушы органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап қана қайта бастауды көздейді.
ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінің санкциясымен жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
ӘҚБтК-нің 744-бабының 3-бөлігіне сәйкес жасалуы әкімшілік қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған тұлғалар жүргiзуiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жатқан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамға күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн (ӘҚБтК-нің 744-бабының 4-бөлігі).
Демек, жоғарыда аталған заң нормалары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамға сотқа жеке қатысу міндетін жүктейді. Сонымен бірге, іс материалдары А[...] осы міндетті орындаудан жалтаруы оған күштеп әкелу шараларын қолдануға әкеп соққанын дәлелдейді.
2021 жылдың 22 ақпанында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін, 2021 жылдың 23 ақпанында іс қарау үшін сотқа уәкілетті органмен уақытылы жолданылған. Бірақ аталған іс уәкілетті органға заң талаптарына қайшы бірнеше рет қайтарылғаны Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Т[...] 2021 жылғы 25 ақпандағы, 2021 жылдың 14 мамырдағы шығыс хаттарымен, Р[...] 2021 жылғы 2 тамыздағы ұйғарыммен дәлелденеді.
Сотпен істің бірнеше рет заңсыз қайтарылуы салдарынан күштеп әкелу шаралары 2021 жылдың 1 тамызында жүзеге асқан.
Аталған істі қарау барысында жоғарыда көрсетілген заң нормаларын өрескел бұзу, сот өндірісі процессін ұйымдастыруға немқұрайлы қарау әкімшілік істің негізсіз тоқтатылуына алып келген.
Апелляциялық сатыдағы сот заңсыз шығарылған сот қаулысын күшін жоюға шаралар қабылдамай, өзгеріссіз қалдырған.
ӘҚБтК-нің 8-бабында бекітілген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң талаптарын дәлме-дәл сақтауға мiндеттi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады (ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігі).
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар бойынша өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамның сотқа келуден жалтаруы және соттың уақытылы қарауға жіберілген істі негізсіз қайтаруы - алқаның пiкiрi бойынша, ескіру мерзiмiнiң өтуi негiзiнде, оның iшiнде заңда мұндай жағдайлар үшiн мерзiмдi жаңартуға ерекше негiздің болмауына байланысты iс жүргiзудi тоқтатуға әкеп соқпауға тиiс.
ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот бұзушылықтарды жоюға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулыларының күшін жойып, іс жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Судьялар
М. Таймерденов
Б. Шермухаметов Көшірмесі дұрыс Судья
А. Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.