Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1640 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1640

ҚАУЛЫ 2025 жылғы 25 қараша Астана

қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.Молдахановтың, аудармашы Р.Т.Шайхының,

талап қоюшының өкілі С.Қ.Тастыбайдың, жауапкердің өкілі Н.Б.Абдикаримовтың, сот сарапшысы А.Д.Полякованың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер Султан Уалиханович Ракишевке өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) және шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Басқарма жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

С.У.Ракишевтің жеке меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі 70 үй, 2-пәтер мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік объектісі, кадастрлық №21-324-029-430, жалпы ауданы 0,0964 га, оның ішіндегі үлесі 0,0407 га жер учаскесіне (бұдан әрі –Объект) 139 590 412 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекеттік мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Ақшалай өтем ақыны төлеп болғаннан соң С.У.Ракишевті Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 70 үй, 2-пәтер мекенжайында орналасқан тұрғын үйден шығаруға шешім етілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі

өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, Объект үшін төленетін өтемақыны 72 155 303 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің шағымға қарсылығын, сот сарапшысының берген түсінігін, прокурордың сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сотқа қайта қарауға жолдануға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1- тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі –Заң) 67-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Іс құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесін сатып алу арқылы «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ-не берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекеттік мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Осы жер учаскесінің шегінде жоғарыда аталған Объект орналасқандықтан ол мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

2024 жылғы 22 сәуірдегі сыйға тарту шарты бойынша және жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі негізінде жер учаскесі мен жылжымайтын объектінің меншік иесі С.У.Ракишев болып табылады. «НОК «Дом Оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі –ЖШС) 2024 жылғы 23 желтоқсандағы жасаған мүлікті бағалау есебімен Объектіге төленетін өтемақы 72 155 303 теңге мөлшерінде анықталған.

Жауапкер Объектіні мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген. Талап қоюшы соттан жауапкердің меншік құқындағы Объект үшін 72 155 303 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп жауапкердің иелігінен шығаруды және босатуды міндеттеуді сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматық кодексінің 255-бабының 1- тармағына сәйкес мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

Бірінші сатыдағы сот істі қарағанда Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, Объектінің нарықтық құнын анықтау үшін сот сараптамаларын тағайындаған.

«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 19 наурыздағы №С.32-02.25 құрылыс-тауартану сот сараптамасының қорытындысымен Объектінің нарықтық құны 139 590 412 теңге болып анықталған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 нормативтік қаулысының 13 тармағына сай соттар ақшалай өтемақының мөлшерін анықтау туралы дауларды қарау кезінде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығаруға байланысты меншік құқығының тоқтауына орай келтірілген шығындарды меншік иесіне өтеудің барлық мәселелерін шешеді, бұл орайда, Заңның 67бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлік оның нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.

Иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы туралы мәселені зерттей отырып, соттар Заңның 67-бабының ережелерін ескеруге тиіс. Объектілердің нарықтық құнын айқындау кезінде бағалау жүргізуге,

қолданылатын тәсілдер мен әдістерге, бағалау туралы есептердің мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды белгілейтін Заңның 67-бабының 3- тармағын, 208-бабын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңды және бағалау қызметі саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу керек.

Жергілікті соттар аталған сот қорытындысын негізге алып, өтемақы мөлшерін түпкілікті 139 590 412 теңге мөлшерінде дұрыс анықтаған. Өйткені, бұл қорытынды арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделген, бірнеше әдістемелерді қолданып, сарапшылар Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде жасалынған және қорытындылар «Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау» бағалау стандартына сәйкес келеді.

Істі соттарда қарау барысында сот сараптамасының қорытындысына күмән келтіретін мән-жайлар анықталмаған.

Сондай-ақ, тараптар осы қорытындының негізсіздігі туралы дәлелдер келтірмеген.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Сондықтан жергілікті соттар аталған сот сараптамасын орынды негізге алған.

Жергілікті соттардың тұжырымдары мен уәждемелері дау айтылған сот актілерінде толық көрініс тапқан. Сот актісін зерделеу, соттардың ұстанымы, іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждерін кассациялық сот негізсіз деп табады. Дауланған сот актісінде оларға тиісті дұрыс құқықтық баға берілген, шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген, соттардың тұжырымдары жоққа шығарылмаған және де нақты қандай заң нормаларының бұзылуы орын алғаны көрсетілмеген.

Бұл азаматтық істі кассациялық сотта қарау кезінде іске қатысушы прокурор мемлекет мұқтажды үшін алынатын Объектінің техникалық құжаттары 2023 жылы 12 сәуірде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Астана қаласы филиалымен дайындалғанда тұрғын үйдің көлемі белгісіз адамдармен негізсіз ұлғайтылғаны туралы және осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу басталғаны туралы уәждері АПК-нің 76бабының 3-бөлігінің талаптарына сай заңды күшіне енген сот үкімінің болмауына байланысты азаматтық іс бойынша дәлелдеме ретінде қабылданбайды.

Осы көрсетілген факт бойынша сұралған сот сарапшысы А.Д.Полякова Объектіні және оның техникалық құжаттарын зерттегенде күмән болмағанын көрсетті.

Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын

басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, Ж.Рустембеков

Судьялар: В.Тохтарбаева

Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.