ВС РК - Постановление от 30.03.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2199 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 наурыз 6001-22-00-6ап/2199 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

талап қоюшы – С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер Шымкент қаласының әкіміне Шымкент қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №1038 қаулысының 4-тармағының және 2014 жылғы 14 шілдедегі №1330 қаулысының 4-тармағының күшін жою, жер учаскесіне №4 кезегін қалпына келтіріп, жер учаскесін өзіне беру туралы шешім қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

С[...] сотқа берген талап арызында:

-Шымкент қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №1038 қаулысының 4-тармағының және 2014 жылғы 14 шілдедегі №1330 қаулысының 4-тармағының күшін жою;

-жер учаскесіне №4 кезегін қалпына келтіріп, жер учаскесін өзіне беру туралы шешім қабылдауға міндеттеу туралы талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Шымкент қаласының әкімдігіне талап қоюшы С[...] жер учаскесін беру туралы 2001 жылғы 3 қыркүйектегі 4-2252 санды өтініші бойынша № 4 кезегін қалпына келтіру және Шымкент қаласы, Достық шағын ауданы, №2503 жер учаскесін беру туралы арызын қарап, тиісті әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеме жүктелген.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы С[...], кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер Шымкент қаласының әкімінің және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Шымкент қаласының әкімінің (бұдан әрі – әкім) 2008 жылғы 5 ақпандағы №158 қаулысының 4- тармағымен С[...] Шымкент қаласы, Достық шағын ауданында орналасқан, тұрғын үй құрылысы үшін, алаңы 0,0800 га, №2503 жер учаскесі берілген.

Әкімнің 2012 жылғы 28 қарашадағы №1038 қаулысымен 2008 жылғы 5 ақпандағы №158 қаулысының С[...] қатысты бөлігі жойылған. О[...] Қазақстан облысы прокурорының 2012 жылғы 1 маусымдағы №212670-12-05191 санды хаты негіз болған.

Сонымен қатар, әкімнің 2014 жылғы 14 шілдедегі №1330 қаулысымен 2008 жылғы 5 ақпандағы №158 қаулысының 4-ші, тағы басқа да тармақтарының күші жойылды деп танылған.

Жергілікті соттар әкімнің 2012 жылғы 28 қарашадағы №1038 қаулысының 4-тармағының және 2014 жылғы 14 шілдедегі №1330 қаулысының 4-тармағының күшін жою жөніндегі талап бөлігін қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды ескерген.

Түркістан облысының прокуратурасының мәліметіне қарағанда жер туралы хат алмасулар бес жыл сақталатына байланысты аталған 2012 жылғы 1 маусымдағы хатты олардың тарапынан ұсынуға мүмкіншілік жоқ.

Апелляциялық сатыдағы сотта жауапкердің және мүдделі тұлғаның өкілінің берген түсінігіне қарағанда дауланып отырған әкімнің қаулылары талап қоюшыға берілген жер учаскесі заңмен белгіленген мерзімде игерілмегені үшін қабылданған. Әкім дау келтіріліп отырған қаулыларды өз құзыреті және әкімшілік қалауын жүзеге асыру шектерінде қабылдаған. Аталған қаулылардың заңсыздығын дәлелдейтін айғақтар, ӘРПК-ның 84, 85бабымен көрсетілген әкімшілік актінің күшін жоюға болатын негіздер сотпен анықталмаған.

Сол сияқты, бірінші сатыдағы сот жауапкердің әкімшілік қалауы болғандықтан, талап қоюшының жауапкерге Шымкент қаласы, Достық шағын ауданында орналасқан № 2503, алаңы 0,0800 га жер учаскесін талап қоюшыға беру туралы шешім қабылдауға міндеттеу туралы талап қою бөлігін қанағаттандыру туралы нақты шешім шығару мүмкін емес. Себебі, Қазақстан Республикасының жер Кодексінің 16-бабына сәйкес жер учаскесін беру мәселесі жергілікті атқару органымен шешіледі деген негізбен талап қоюдың бұл бөлігін де қанағаттандырусыз қалдырған.

Бірінші сатыдағы сот шешімінің бұл бөліктеріне С[...] апелляциялық шағым келтірмеген, апелляциялық сатыдағы сот та бұл тұжырыммен келіскен.

Бірақ бірінші сатыдағы сот талап қоюшының жер учаскесіне №4 кезегін қалпына келтіріп, №2503 жер учаскесін беру туралы арызын қарап, тиісті әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу жөніндегі талап қоюдың бөлігін қанағаттандырғанда жауапкермен ӘРПК-ның 13-бабымен белгіленген сенім құқығын қорғау қағидаты бұзылған деп есептеген.

Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымымен келіспей, әкім дауланып отырған әкімшілік актілерді өз құзіреті шеңберінде қабылдаған, соттың әкімшілік органды жер учаскесін талап қоюшыға беру туралы шешім қабылдауды міндеттеуге құқықтық негіз болмаған деген уәждері сот актілерінде көрсетілген. Бұл тұжырымдар негізді болып табылады.

Сонымен қатар бірінші саты соты ӘРПК 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілгенін ескермеген. Яғни, сот алқасы бірінші саты сотының талап қоюдың бір бөлігін қанағаттандырғанда 2012 жылы орын алған құқықтық қатынастарға ӘРПК-ның 13-бабына сілтеме жасауы да негізсіз болып табылады деп есептейді.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.