6003-25-00-2к/2241
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 3 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А. Молдахановтың, талап қоюшының өкілі А.Айдарханованың, жауапкер Н. Абдыкадырулының, Түркістан қаласы әкімдігінің өкілі Б.Бекдилдаевтің, Түркістан қаласы әкімдігінің «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) өкілі Б.С.Баймахановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық ММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер Нурали Абдыкадырулына, Түркістан қаласы әкімдігіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына 2005 жылғы 2 қарашадағы Түркістан қаласы әкімдігінің №3585 қаулысын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған талап қоюшының өкілі А.Айдарханованы, кассациялық шағымға қарсылық білдірген жауапкер Н.Абдыкадырулын, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 2 қарашадағы №3585 қаулысында (бұдан әрі - даулы қаулы) Н.Абдыкадырулына Түркістан қаласы, Б.Майлин көшесі, нөмерсіз мекенжайдан тұрғын үй аумағы үшін 0,1000 шаршы метр жер учаскесі берілген.
Н.Абдыкадырулының атына жер учаскесіне меншік құқығын беретін №19-307-012-449 сәйкестендіру актісі жасалып, мемлекеттік тіркеуден өткен.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММнің 2022 жылғы 28 наурыздағы анықтамасымен жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайы Түркістан қаласы, Б.Майлин көшесі, №114 екендігі нақтыланған.
Даулы жердің аумағынан, 2014-2016 жылдары сол аумақты газ құбырымен қамтамасыз ету мақсатында, газ құбырлары жүргізілген.
2022 жылғы 3 қарашадағы Түркістан қаласы әкімінің №1769 қаулысына (бұдан әрі - № 1769 қаулысы) сәйкес, қаулының қосымшасында көрсетілген жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерін мемлекеттік мұқтажы үшін алуы басталған. Қаулының қосымшасындағы №4 тізімде Н.Абдыкадырулының меншігіндегі жер көрсетілген.
Аталған даулы жерді мемлекет мұқтажы үшін алу рәсімдерін жүргізу барысында жауапкер Н.Абдыкадырулы мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесінің орнына тең көлемде жер учаскесін алудан бас тартып, жер учаскесінен өткен газ құбырының қорғау аймағын сақтай отырып конфигурациясын өзгертіп, әрі қарай өзінің пайдалануында қалдыру туралы өтініш білдірген.
Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімімен газ құбырының қорғау аймағы сақтала отырып, жауапкер Н.Абдыкадырулының кадастрлық №19-307-012-449 жер учаскесінің сипаттамасы (конфигурациясы) өзгертіліп, (жер учаскесінің ұзындығы бір жағы 63,00 м, екінші жағы 63,03 м, ені бір жағы 15,86 м, екінші жағы 15,92 м болып өзгертілген) өзінің пайдалануында қалдырылған.
Сонымен бірге №1769 қаулысы негізінде және қаулыға №1 қосымшасына сәйкес, Бөлімнің коммуналдық меншігіне газ құбыры өткен 66 шаршы метр жер меншігіне енгізілген.
«Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай -ЖШС) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №381 мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы, Б.Майлин көшесі, №114 мекенжайдағы даулы жер учаскесіні жанынан 6кВ әуе желісі фидер антибиотик яч№15 п/ст ЖБИ 110/35/6кВ 1973 жылы іске қосылғанын даулы жер аумағынан өткен 0,4 кВ
2022 жылдан бастап Бөлімнің коммуналдық теңгеріміне екендігі, жауапкер Н.Абдыкадырулының кадастрлық №19-307-012-449 жер учаскесінің және 6кВ әуе желісі фидер антибиотик яч№15 п/ст ЖБИ 110/35/6кВ желісінің арасында заң талаптарына сәйкес ара қашықтығы сақталғаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптары қанағаттандырылудан бас тартуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшының шағымындағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.