Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/1168 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 тамыз №6003-25-00-2к/1168 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілі Д.О.Нәсіпақынның, жауапкер өкілдері В.В.Стрельниковтың және К.Умбетовтың, аудармашы Г.Н.Нурланованың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «Павлодарский завод «ТЕМІРМАШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру, қарсы талап бойынша талап қоюшы Серіктестік қарсы талап бойынша жауапкер Департаментке 2024 жылғы 18 шілдедегі №124 шарт негізінде жеткізілген тауарларды қабылдауға міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық іспен шығарылған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімінің қарсы талап қою бөлігі бойынша (бұдан әрі - сот шешімі) және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) Серіктестіктің кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Департамент аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанына негіздеген.

Серіктестік қарсы талап қоюында шартпен көзделген тауарды жеткізгенін көрсеткен.

Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 4 500 000 теңге тұрақсыздық айыбы өндірілген, талаптың қалған бөлігін және қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, сот шешімінің Серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру жөніндегі бөлігінің күші жойылған, талап қоюдың Серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы бөлігін қанағаттандыру және Серіктестіктен мемлекет пайдасына тұрақсыздық айыбын өндіру жөніндегі бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған, сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік кассациялық шағымында талап қоюдың отыз күндік мерзімі өтіп кеткенін, шарт талаптарын орындау үшін Қытай Халық

Республикасына тапсырыс бергенін, алайда тапсырыс өзіне байланысты емес мән-жайлармен орындалмағанын, тауарды уақытылы жеткізгенін, бірақ Департамент оны қабылдаудан негізсіз бас тартқанын көрсетіп, сот шешімінің қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бөлігінің күшін жойып, қарсы талапты қанағаттандыруды, алқа қаулысын өзгертуді сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған. Анықталғаны, тараптар арасында 2024 жылғы 18 шілдеде №124 мемлекеттік сатып алу туралы Шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, талаптарына сай Серіктестік 2024 жылғы 16 қарашаға дейін 150 000 000 теңгеге көлік құралы - жылжымалы автокөлік жөндеу шеберханасын (бұдан әрі - тауар) жеткізуі қажет болған.

Алайда, Серіктестік 2024 жылғы 13 қарашадағы жазбаша кепілдік хатымен өзіне алған міндеттемелерін орындауға және тауарды 2024 жылғы 20 желтоқсанға дейін жеткізуге кепілдік берген. Сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 9-бөлігінің негізінде Серіктестік жеткізілуге жататын тауардың өндірушісі болғандықтан осы кепілдік хат бойынша Шарттың орындау мерзімі 2024 жылғы 20 желтоқсанына дейін ұзартылған.

Департамент тарапынан 2024 жылғы 19 желтоқсанда тауарды қабылдаған кезде оның техникалық шарттарға сәйкес келмейтіні анықталып, ол жөнінде тауардың сәйкессіздігі туралы акт жасалған және кемшіліктерді жоюға 5 күндік мерзім берілген

Осыған қарамастан, Серіктестік 5 күнде кемшіліктерді жоймаған.

Бұл ретте Серіктестік Шарт бойынша міндеттемелерін орындамай, бюджет қаржысы игерілмей қалған, Департамент мұқтаж болған тауар жеткізілмей, қайтадан конкурс жариялауға мәжбүр болған, яғни ол үшін жағымсыз салдар туындаған.

Сонымен қатар, Серіктестік тарапынан 2025 жылғы 10 ақпандағы №304 төлем түбіртегімен 4 500 000 теңге тұрақсыздық айыбы мемлекетке төленген. Істің мұндай тұрғысында Серіктестік өзінің міндеттемелерін орындамағанын ескере отырып, сот шешімі өзгертілуге жатады деген апелляциялық сатыдағы сот дұрыс қорытындыға келген.

Сол себепті, сот шешімі қарсы талап қою бөлігі бойынша және алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімі қарсы талап қою бөлігі бойынша және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Павлодарский завод «ТЕМІРМАШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.