ВС РК - Постановление от 22.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3169 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3169

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Оңалбек Несіпбай Ділдабекұлының «Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) жер телімін жалға беруден бас тарту туралы жауапкердің 2024 жылғы 28 наурыздағы №101000042455750 дәлелді бас тартуын заңсыз деп тануды және оның күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Н.Д.Оңалбек жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы 2024 жылғы 13 наурызында Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Шаңырақ-2» ықшам ауданы, Рахимов көшесі, №183 үй мекен-жайында, аумағы 0,0600 га жер теліміне, жеке тұрғын үй құрылысын пайдалану мақсатында уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы өтінішпен Басқармаға жүгінген.

Басқармамен 2024 жылғы 28 наурызында сол жер телімін жалға беруден бас тарту туралы №101000042455750 дәлелді бас тарту қабылданған.

Бұл жауаппен талап қоюшы келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, келесі мән-жайларға назар аударған.

Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №4/720 қаулысымен бектілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобысына сәйкес, талап қоюшы жалға сұрап отырған жер телімі Боралдай өзенінің су қорғау алқабында орналасқан, оның үстіне, сол жер телімінің бір бөлігі тектоникалық жарық аумақта орналасқаны анықталған.

Сонымен қатар, Алматы қаласында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу кезегі жүргізілмейді.

Жер телімінің су қорғау алқабында орналасқанынан басқа, оны басып алу нәтижесінде тұрғын үй нысанында рұқсат етілмеген құрылыс салынған, тұрғын үй құрылысына құқық белгілейтін, яғни, пайдалануға беру актісі немесе сот шешімі, тағы басқа құжаттар рәсімделмеген.

Бұл жағдайда соттар әкімшілік органның дәлелді бас тарту туралы әкімшілік актіні шығаруы, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде қабылданған. Олар заң талаптарын орындау мақсатында, қолданыстағы заңнаманың талаптарына қайшы келмейді.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Оңалбек Несіпбай Ділдабекұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.