Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/654 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 қыркүйек №6003-25-00-2к/654 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі И.Кабидулланың, жауапкер өкілі Г.Ж.Алинаның, аудармашы С.М.Кенесовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Нурбекова И.С.» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Индира Сарсамбаевна Нурбекованы (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы ұйғарымы (бұдан әрі - сот ұйғарымы) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымына (бұдан әрі - алқа ұйғарымы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер конкурстық өтінімге анық емес ақпарат ұсынғанына негіздеген.

Алқа ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған сот ұйғарымымен талап қоюдың конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қайта қарау жөніндегі бөлігі бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған.

Кәсіпкер кассациялық шағымында жергілікті соттармен процестік құқық нормалары бұзылғанын, ұйғарымдар заңсыз шығарылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Кәсіпкер «Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнына балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтері туралы мемлекеттік сатып алу конкурсына әлеуетті өнім беруші ретінде қатысқан.

Басқарма осы конкурстың қорытындысымен жасалған хаттамаға дау айтқан.

Алайда, бұл дау Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабының 2-бөлігінің негізінде жария-құқықтық қатынастардан туындағандықтан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен

қаралуға жатпайды.

Бұл жағдайда жергілікті соттар іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады деген заңды әрі негізді тұжырым жасаған.

Сол себепті, аталған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы ұйғарымы мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымы күшінде, жауапкер «Нурбекова И.С.» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Индира Сарсамбаевна Нурбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.