ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 қараша 6003-25-00-4к/1942 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева
талап қоюшы Г.Т.Араповтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Арапов Галымжан Мухтаровичтің жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі- Департамент) 2024 жылғы 14 қазандағы хатымен берілген ауыртпалық әкімшілік акт шешімінің күшін жою, талап қоюшы және отбасы мүшелеріне ағымдағы тұрғын үй төлемдерін 2022 жылдың маусым айынан қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент гарнизоны әскери соты судьясының 2024 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымына, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымына түскен талап қоюшының кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымымен Г.М.Араповтың талап қою арызы кері қайтарылған.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қою арызын қайтадан негізі бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Жауапкер сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот, шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Г.М.Арапов 2019 жылғы 20 қазаннан бастап Департаментте әскери қызметін атқарған.
2019 жылғы 20 қарашадан өзі және отбасы мүшелері тұрғынжайға мұқтаж ретінде танылып, тұрғын үйге төлем ақыларын алып жүрген.
Департамент бастығының 2022 жылы 11 шілдедегі №99 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 Қаулысымен «Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары» бекітілген Қағиданың 53-тармағына сәйкес өзіне және отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдерінің төленуі тоқтатылған.
2024 жылғы 14 қазандағы №1417/1417/1166 жауабынан белгілі болғандай, Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 114-VII «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес «Тұрғын қатынастар туралы» Заңына өзгерістер еңгізілген, осыған байланысты талап қоюшыға тұрғын үйді жалға алу бойынша тұрғын үй төлемдерді 2022 жылдың шілде айынан бастап тоқтатылғаны туралы хабарланған.
Талап қоюшы 2024 жылғы 14 қазандағы №1417/1417/1166 хатымен берілген жауапты ауыртпалық әкімшілік акт деп шешіп, шешімінің күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Төменгі соттар талап қоюшының арызын кері қайтара отырып, талап қою берудің процесуалдық мерзімін өткізіп алғандықтан және даулап отырған жауапкердің шешімі хабарлама-сипатында хабарланған хат болғандықтан, ешқандай құқықтық салдарды туғызбағандықтан, яғни әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) ұғымына жатпайды деп тұжырымдаған.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істін . мән-жайларын дұрыс қолдануга негізделген
ӘРПК-нің 102-бабы екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігі 9) тармақшасына сәйкес, әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде әкімшілік акт немесе әкімшілік органның әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым келтіріледі.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт болып 2022 жылғы 11 шілдедегі Департаменттің тұрғын үйді жалға алу бойынша тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы бұйрығы табылады. Аталған бұйрық талап қоюшымен белгіленген мерзімде дауланған жоқ. Демек, 2024 жылғы 14 қазандағы №1417/1417/1166 жауапкердің даулап отырған жауап хаты әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет болып табылмайды, себебі талап қоюшы мен жауапкердің арасында жарияқұқықтық қатынастар туындамаған, аталған даулы хат құқықтар мен міндеттерді іске асырмайды, тек түсіндірме сипатындағы хабарлама болып табылады.
ӘРПК-нің 136-бабы сегізінші бөлігіне сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
ӘРПК-нің 138 бабы екінші бөлігі 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарын заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның от тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған төменгі соттардың ұйғарымдарының күшін жоюға, сөйтіп талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент гарнизоны әскери соты судьясының 2024 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымына, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
Л. Кудекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.