ВС РК - Постановление от 15.11.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1228 (Административное)

6001-22-00-6ап/1228

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 15 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Е.Д.Өмірәлиев болып,

талап қоюшы К[...], жауапкер Н[...], мүдделі тұлға Д[...] қатысуларымен,

талап қоюшы К[...] жауапкер жеке сот орындаушы Н[...] (бұдан әрі - ЖСО Н[...]) атқарушылық іс жүргізу қозғау туралы қаулысына дау айту, моральдық зиянды өтеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге аталған әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуіріндегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, ЖСО Н[...] 2022 жылғы 27 қаңтарындағы қаулысының борышкер К[...] 555 431 теңге жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгертіліп, шешімнің ЖСО Н[...] 2022 жылғы 27 қаңтарындағы қаулысы борышкер К[...] 555 431 теңге жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу бөлігіндегі шешімінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында талап қоюдағы уәждерді көрсетіп, апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының түсінігін, жауапкердің қарсы пікірін, шығымды қанағаттандыруды сұраған мүдделі тұлғаны тыңдап, іс құжаттарын және шағымдағы уәждерді зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша осындай негіздер бар.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшы Д[...] жауапкер К[...] мәмілені жарамсыз деп танып, қарыз ақшаны өндіру туралы талабы бойынша бітімгершілік келісім бекітіліп, оның шаттарына сәйкес К[...] Д[...] пайдасына 6 000 000 теңге өндірілген.

Аталған ұйғарымның негізінде ЖСО Н[...] 2018 жылдың 22 тамызында атқарушылық іс жүргізуін қозғаған.

Өндіріп алушы 2021 жылдың 29 қарашасында ЖСО Н[...] берешек борышкермен өзара келісім бойынша орындалуына байланысты атқару өндірісін тоқтатуды және мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралардың күштерін жоюды сұраған

ЖСО Н[...] 2021 жылғы 29 қарашасында атқару өндірісін тоқтату және бұрын қойылған шектеулерді алып тастау туралы қаулы қабылдаған.

2021 жылғы 30 қарашасында мәжбүрлеп орындату шараларының күштерін жойған.

2021 жылғы 22 желтоқсанында қызметіне ақы төлеу шығыстарын өндіру туралы қаулы шығарып, 2022 жылғы 27 қаңтарында осы шығыстарды өндіру мақсатында атқару өндірісін қозғау туралы қаулы қабылданған (бұдан әрі - даулы қаулы).

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 118-бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Осы заң нормасына сәйкес жеке сот орындаушысы өзінің атқарған қызметіне байланысты шығыстарды нақты өндірген сома есебінен өндіре алады. Өз кезегінде өндірілуге жататын сома өндіріп алушының борышкермен өзара келісімге келіп, Д[...] ары қарай өндіріп алудан бас тартуына байланысты атқарушылық өндіріс тоқтатылған.

Осы негіз бойынша өндіріс тоқтатылғанға дейін өндіріп алушы Д[...] пайдасына борышкер К[...] 445 692 теңге өндірілген.

ЖСО Н[...] даулы қаулыны қабылдау уақытына нақты өндірілген сома бөлігіне өзіне тиесілі атқарған қызметінің ақысын өндіріп қойған. Заңмен өндірілмеген сома бөлігінен еңбек ақысын өндіру көзделмеген. Сандықтан, апелляциялық алқаның ЖСО Н[...] өзінің қызметі үшін ақыны өндіру жөніндегі іс-әрекеті заңды болып табылатындығы, ол заң талаптары шеңберінде қабылданғандығы туралы қорытындысы ӘРПК-нің мөлшерлестік қағидатына және істің мән-жайына сәйкес келмейді. ӘРПК-нің 10-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

ЖСО Н[...] даулы қаулыны шығару барысында мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етпеген.

Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Сондықтан, бірінші сатылы соттың даулы қаулының заңдылығына қатысты тұжырымдары дұрыс әрі заң нормаларына сәйкес. Сонымен қатар, АПК-нің 449-бабының екінші бөлігінде кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы екені қарастырылған.

Жергілікті соттардың талап қоюшының моральдық зиянды өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөліктегі шешімдері төмендегі мән-жайларға байланысты бұзылуға және талап қоюшының осы талабы кері қайтарылуға жатады.

ӘРПК-нің 3-бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасында іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығы көрсетілген. АПК-нің 413-бабының бірінші бөлігінде сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексеретіндігі бекітілген.

Алайда, апелляциялық саты шешімнің моральдық зиянды өтеу бөлігінің заңдылығы мен негiздiлiгiн тексермей жоғарыда көрсетілген процестік норманың талабын ескермеген.

Істі қарау барысында соттар осы бөліктегі талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы және мемлекеттік бажды қайтару туралы шешімді қабылдап, процестік қате жіберген. Осы талап бойынша шешім тек азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралған жағдайда ғана шығарылуға тиіс. Осылайша соттар басқа сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюды қарап, мұндай талаппен азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау үшін жүгінуге кедергі келтірген.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, ол кері қайтарылуға жатады.

Істі қарау барсында соттар істің мән-жайын толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық және процестік нормаларын қолдануда қателік жіберілген.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, апелляциялық сот алқасының қаулысы толығымен күші жойылуға, бірінші сатылы сот шешімінің өзгертілген бөлігі күшінде қалдырылуға, ал моральдық зиянды өндіру бөлігіне қатысты шешімі бұзылуға және ол әкімшілік іс жүргізумен қаралуға жатпайтындықтан кері қайтарылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-тің 117 бабына сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж мемлекет кірісіне жауапкерден өндірілуге, ал ӘРПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сай талап қоюдың моральдық зиянды өтеу бөлігі кері қайтарылуына байланысты К[...] 1 532 теңге мемлекеттік баж кері қайтарылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі шешімінің ЖСО Н[...] 2022 жылғы 27 қаңтардағы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы бөлігі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюдың моральдық зиянды өтеу бөлігіне қатысты шешімінің күші жойылып, талап қоюшының осы бөліктегі талабы кері қайтарылсын.

ЖСО Н[...] мемлекет пайдасына 1 532 (бір мың бес жүз отыз екі) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

К[...] талап қоюды беру кезінде төленген 1 532 (бір мың бес жүз отыз екі) теңге мемлекеттік баж кері қайтарылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Б. Нажмиденов

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.