ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2778 (Административное)

6001-24-00-6ап/2778

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

талап қоюшы С.Ж. Туралиннің,

жауапкер өкілдері А.С.Усенбаеваның, К.С.Кубатайдың, мүдделі тұлға өкілі Г.Р.Сүлейменованың

қатысуларымен өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Сабирбек Жайлаубаевич Туралиннің жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына 2022 жылғы 18 тамыздағы шешімді заңсыз деп танып күшін жою, 2022 жылғы 19 қыркүйектегі шешімді заңсыз деп танып күшін жою, инфляция бойынша есептеу жөніндегі ісәрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 сәуірдегі шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С.Ж.Туралин сотқа аталған талап арызбен жүгініп, негіздемесіне жауапкерлермен аталған шешімдерді қабылдау кезінде Заң талаптары бұзылғандығын, сонымен бірге инфляция бойынша төленетін соманың мөлшері дұрыс есептелмегенін көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 сәуірдегі шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы талапкер С.Ж.Туралиннің кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкер өкілдері А.С.Усенбаеваның, К.С.Кубатайдың және мүдделі тұлға өкілі Г.Р.Сүлейменованың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Департамент 2022 жылғы 18 тамыздағы шешімімен Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 2-тармағына сәйкес талап қоюшы С.Ж.Туралинге 20 191 теңге көлеміндегі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалған.

Департаменттің 2022 жылғы 18 тамыздағы №160401010097726 шешімімен (бұдан әрі - 26 шешім) Заңның 11-бабының 1,5-тармақтарының негізінде С.Ж.Туралинге 87 768 теңге көлемінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалған.

Департаменттің 2022 жылғы 19 қыркүйектегі №160410000004235 шешімімен (бұдан әрі - 35 шешім) С.Ж.Туралинге Заңның 5-бабының 1- тармағына сәйкес инфляция деңгейi ecкepіле отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы мен міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерi арасындағы 670 348 теңге көлеміндегі айырмасы төленген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда Департаменттің дауланып отырған шешімдері, Корпорацияның әрекеттері Заң талаптарына сәйкес келеді, шешімдер БЖЗҚдан ұсынылған мәліметтерге сәйкес бекітілген деп тұжырымдаған. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты. ӘРПК-тің 5-бабына сай әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-тің 8-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау және олардың мөлшерін арттыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

С.Ж. Туралинге зейнетақы төлемін тағайындау кезеңінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы (бұдан әрі - Заң) қолданыста болған.

Заңның 16-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 46 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс (Заңның 2022 жылғы редакциясы).

Іс материалдарынан, талап қоюшыға Заңда белгіленген ең жоғарғы шекте тағайындалғаны анықталды.

С. Ж. Туралиннің еңбек өтілі еңбек кітапшасы бойынша толық көлемде есепке алынған. Еңбек кітапшасының жазбаларына сәйкес талап қоюшы 1997 жылы 3 сәуірде жұмыстан босатылып, 1997 жылы 1 шілдеде жұмысқа қабылданған.

Еңбек кітапшасында 1997 жылғы 3 сәуір мен 1 шілде аралығындағы жұмыс туралы жазба жоқ.

Ынтымақты зейнетақымен бір мезгілде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалған, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.

Заңның 4-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде осы Заңның 13бабына сәйкес есептелген, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі; міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең есепке алынады. Бұл ретте С.Ж. Туралиннің зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 25 жыл 10 айды (01.01.1998 жылға дейін – 20 жыл 8 ай, 01.01.1998 жылдан кейін – 5 жыл 2 ай) құрайды.

Бүгінгі күні жыл сайынғы арттыруды ескере отырып зейнетаақысының жалпы мөлшері 143 824 теңгені құрайды (жасына байланысты зейнетақы-102 587 теңге, базалық төлем- 41237 теңге).

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 сәуірдегі шешімі және Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Сабирбек Жайлаубаевич Туралиннің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.