2025 жылғы 23 қазан 6003-25-00-4к/591 Астана қаласы
ҚАУЛЫ
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі Г.Б.Сихимовтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Дана Ғалымжанқызы Нұрманның жауапкерлер Түркістан қаласы әкіміне, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Түркістан қаласы әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1467, 2015 жылғы 27 қазандағы №1470, 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулыларын заңсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Д.Нұрман жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Түркістан қаласы әкімінің (бұдан әрі – қала әкімі) Акажан Муратович Сакашовқа жер учаскесін жеке меншік құқымен беру туралы 2015 жылғы 27 қазандағы №1467 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қала әкімінің Светлана Бейсенбаевна Абдихадироваға жер учаскесін жеке меншік құқымен беру туралы 2015 жылғы 27 қазандағы №1470 қаулысы заңсыз деп танылып, күшін жойылған.
Қала әкімінің Роллан Темірханұлына көгалдандыру үшін берілген жер учаскесіне қосымша көгалдандыру және абаттандыру үшін берілген жер телімін сатып беру туралы 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот алқасы құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Өздеріне хабарланған жауапкерлер мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, талап қоюшының өкілін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 1 және 2- тармақтарында Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады.
Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес сол бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушыларының) меншік құқығының туындағаны, сондай-ақ аралас жер учаскелері шекарасының бұзылғаны туралы дауды шешкен кезде соттар Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алу керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда тараптардың әрқайсысында жерге құқықтардың туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін оның нақтылы (белгілі бір жердегi) шекарасын белгілеу және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу қажет.
Соттар атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі немесе оның күшін жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған кезден бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түрінде жер пайдалану құқығына ие болады, сондықтан, құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі мүмкін.
Сол бір жер учаскесіне немесе учаскенің бір бөлігіне мәні тең құқықтар болған жағдайда соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Учаскелердің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес учаскелер иелерінің арасындағы дауда жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесінің меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдар құқықтарының бұзылуына алып келмеуге тиіс. Сот шешімдері өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындауына ықпал етпеуі керек. Егер сот жер учаскесіне құқық туралы даудың Жер кодексінің 43бабында жазылған жер учаскесі шекарасының бір-біріне қабаттастырып орналасуына алып келген, белгілі бір жердегі жер учаскесінің шекараларын дұрыс белгілемеу немесе жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын тиісінше ресімдемеу салдарынан жер учаскелеріне құқық беру тәртібін бұзу нәтижесінде туындағанын анықтаса, онда мұндай дау ӘРПК-де белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органның шешіміне дау айту тәртібімен қаралуға тиіс.
Соттармен анықталғандай, қала әкімінің 2006 жылғы 11 қыркүйектегі № 3459 қаулысымен Икилас Суйндикович Молдалиевке кіші базар, дәріхана құрылысы үшін Түркістан қаласының Түркістан-Кентау тасжолы, Оралмандар ауылында орналасқан кадастрлық №19-307-038-840, жалпы алаңы 0,1 га жер учаскесі жеке меншікке 123080 теңгеге сатылып, қала әкімі мен И.Молдалиев арасында 2006 жылы 4 шілдеде №2503 жер учаскесін немесе тұрақты және жер пайдалану құқығын сатып алу-сатудың келісім-шарты жасалып, Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінің Түркістан қаласының әділет басқармасымен 2011 жылы 18 ақпанда тіркелген.
«Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2015 жылғы 16 сәуірдегі №2 бұйрығымен кадастрлық №19-307038-840 жер учаскесінің мекенжайы Түркістан қаласының И.Алтынбеков көшесі №38А деп белгіленіп, жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай беру анықтамасы берілген.
Одан кейін 2015 жылы 2 шілдеде И.Молдалиев пен Д.Нұрман арасында жер телімін 300000 теңгеге сату-сатып алу келісім-шарты жасалып, жер учаскесіне жаңадан кадастрлық №19-307-157-043 сәйкестендіру актісі 2015 жылы 2 шілдеде рәсімделіп, әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден 2015 жылы 8 шілдеде өткен.
Қала әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1467 қаулысымен Акажан Муратович Сакашовқа емхана құрылысы үшін Түркістан қаласының Кентау тас жолынан жалпы алаңы 0,3050 га жер учаскесі жеке меншікке 2254560 теңгеге сатылып, «Түркістан қаласының ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен А.Сакашов арасында 2015 жылы 19 қарашада №178 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалып, уәкілетті органда 2018 жылғы 3 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
«Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2018 жылғы 3 қазандағы №322 бұйрығымен кадастрлық №19-307157-669 жер учаскесіне Түркістан қаласындағы Ө.Жәнібеков көшесі №1Д мекенжайы анықталған.
Одан кейін 2019 жылы 13 наурызда А.Сакашов пен З.Усманкулованың арасында жер телімін 3000000 теңгеге сату-сатып алу шарты жасалып, шарт уәкілетті органда 2019 жылы 14 наурызда мемлекеттік тіркеуге алынған.
Қала әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1470 қаулысымен Светлана Бейсенбаевна Абдихадироваға сауда орталығы құрылысы үшін Түркістан қаласының Ө.Жәнібеков көшесінен жалпы алаңы 0,0225 га жер учаскесі жеке меншікке 166320 теңгеге сатылып, «Түркістан қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен С.Абдихадирова арасында 2015 жылы 9 қарашада №164 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалып, уәкілетті органда 2016 жылы 20 қаңтарда тіркелген.
«Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №40 бұйрығымен кадастрлық №19307-157-671 жер учаскесіне Түркістан қаласындағы Ө.Жәнібеков көшесі, №2А мекенжайы берілген.
С.Абдихадирова мен З.Батырова арасында 2018 жылы 3 маусымда жер телімін сату-сатып алу шарты жасалып, уәкілетті органда 2018 жылы 6 маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен.
Қала әкімінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №2326 қаулысымен Роллан Темірханұлына сауда орны құрылысы үшін Түркістан қаласының Кентау тас жолы, №055 мекенжайда орналасқан кадастрлық №19-307-038-055, жалпы алаңы 0,02 га жер учаскесі және Тұран ауылы нөмірсіз мекенжайда кадастрлық №19-307-038-2851 халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы үшін жалпы алаңы 0,03 га берілген жер учаскесіне қосымша көгалдандыру және абаттандыру үшін жалпы алаңы 0,2 га жер учаскесі 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беріліп, «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Р.Темірханұлы арасында 2021 жылғы 22 желтоқсанда №1110 жер учаскесін жалға беру туралы шарты жасалып, мемлекеттік тіркеуден 2022 жылы 26 қаңтарда өткен.
Қала әкімінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулысымен Роллан Темірханұлына көгалдандыру және абаттандыру үшін Түркістан қаласының 157 кварталы, №896 мекенжайда орналасқан кадастрлық №19-307-157-896 берілген жалпы алаңы 0,1546 га жер учаскесі жеке меншік құқымен 1088384 теңгеге сатылып, шарт 2022 жылы 16 тамызда мемлекеттік тіркеуден өткен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының (бұдан әрі – корпорация филиалы) маманының далалық зерттеу қорытындысымен Д.Ғ.Нұрманға тиесілі жер телімі мұрағаттық істегі координаттар жиынтығына сәйкес И.Алтынбеков және Саққорған көшелері қиылысының ортасына түскен. Оның кадастрлық №19-307-157-043 жер телімі кадастрлық №19-307-157-669, №19-307-157-671, №19-307-157-896 жер учаскелерімен беттеседі.
Бірінші саты соты талап қоюшының құқығы мүдделі тұлғалардың құқықтарынан бұрын пайда болғанын, мемлекеттік тіркеуден өткенін ескере отырып, қала әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1467, 2015 жылғы 27 қазандағы №1470 және 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулыларын заңсыз деп таныған. Бұл тұжырыммен кассациялық сот келіседі.
Бірінші сатыдағы сотпен анықталған мән-жайларды жоққа шығармай, сот алқасы тараптардың қатысуымен өткізілген көшпелі сот отырысында даулы жер учаскесінің бірнеше жер учаскелерімен ішінара беттесетінін анықтаған, атап айтқанда: №1 полиция тірек пункті нақты өзінің шекарасымен, орта білімге арналған мектепке өтетін авто және жаяу жүргінші жолымен, сауда саттыққа арналған дүкен нүктелерімен (кадастрлық нөмірлері 19-307-157-896, 19-307-157-671, 19-307-157-669).
Бірінші саты сотының шешімінің күшін жоя отырып, сол алқасы төмендегі тұжырымдарды жасаған:
- Түркістан қаласы әкімдігімен бекітілген 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 693 қаулыға сәйкес «Яссы» тұрғын үй алабының жоспарында даулы жер учаскелері жасыл желекті санитарлық белдеу аумағына кіреді, сондықтан, талап қоюшының тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сол нүктеден даулауы нәтижесіз болып саналады;
- Талап қоюды қанағаттандыру басқа меншік иелерінің (мемлекеттік және жекеменшік) құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына әкеп соғады;
- жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау бойынша жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесі меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс;
Бұл тұжырымдарды кассациялық сот қате деп санайды.
Біріншіден, Түркістан қаласы әкімдігімен бекітілген № 693 қаулы 2022 жылы 1 сәуірде қабылданған, ал талап қоюшы жер учаскесін 2015 жылы 2 шілдеде сатып алған.
Екіншіден, талап қоюшы №1 полиция тірек пункті, орта білімге арналған мектепке өтетін авто және жаяу жүргінші жолы орналасқан жер телімдеріне дау келтірмеген. Сонымен бірге, ситуациялық сызбаға қарағанда, полиция тірек пунктінің нақты жер учаскесі А.Сакашовқа берілген жер телімімен беттесетіні байқалады, ал жария картасы бойынша полиция пунктінің және даулы жер учаскелері бірбірімен беттеспейді. Үшіншіден, талап қоюшының өкілі түсіндіргендей, А.Сакашов, С.Б.Абдихадирова, Р.Темірханұлына берілген жер телімдерінде ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеген, игерілмеген. Учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасы бар деп айтуға келмейді.
Осы заңбұзушылықтарды анықтап, сот алқасы 2025 жылғы 28 сәуірдегі жеке ұйғарымын шығарып, заңсыздықтарға облыс прокуратурасының назарын аударған.
Жеке ұйғарымға қала әкімінің орынбасары, қала әкімі аппаратының басшысы және корпорация филиалынан жауап түскен.
ӘРПК-нің 13-бабының бірінші бөлігіне сай, әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Осы қағидатқа сәйкес, талап қоюшының жер учаскесі корпорация филиалының мамандарымен қате орналастырылған деген жауапкерлердің уәждері талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болмайды.
Сонымен бірге, даулы қаулыларды қабылдау корпорацияның құзыретіне кірмейді, сондықтан бұл ұйым осы іс бойынша тиісті емес жауапкер болып табылады.
Бірінші сатыдағы сот осы жайтты ескермей, талап қоюды толық қанағаттандырған. Осыған байланысты осы жауапкерге қатысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот алқасының шешімі дұрыс.
Мұндай жағдайда сот алқасының қаулысы өзгертілуге жатады.
Қала әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1467, 2015 жылғы 27 қазандағы №1470, 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жоюдан бас тарту бөлігінде сот қаулысының күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігіне қатысты бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылады.
Корпорацияға қойылған талапты қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде сот қаулысы күшінде қалдырылады.
Д.Нұрманның кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.
Дана Ғалымжанқызы Нұрманның жауапкер Түркістан қаласы әкімінің 2015 жылғы 27 қазандағы №1467 қаулысын, 2015 жылғы 27 қазандағы №1470 қаулысын, 2022 жылғы 2 тамыздағы №1557 қаулысын заңсыз деп танып күшін жою туралы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінде сот қаулысының күші жойылып, осы талап қоюға қатысты Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Д.Ғ.Нұрманның жауапкер «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде сот қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Д.Нұрманның кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Р. Айнакулова
Судьялар:
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.