Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 сәуір №6003-26-00-2к/359 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы Д.К.Букаевтың және оның өкілі А.Х.Тұяқбаевтың, жауапкер өкілі Е.Ж.Айтжановтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Букаев Даулет Кушербаевичтің (бұдан әрі - Кәсіпкер) жауапкер «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - Cеріктестік) берешек сомасы мен өсімпұл өндіру туралы және қарсы талап бойынша талап қоюшы Серіктестіктің қарсы талап бойынша жауапкер Кәсіпкерге тауарға төленген соманы қайтару және жарамсыз тауарды алып кетуді мәжбүрлеу туралы қарсы талап бойынша азаматтық істі Кәсіпкердің және Серіктестіктің Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 6 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымдарымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпкер сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік тарапынан әкелінген тауар үшін тиісті қаржы төленбей жүргенімен негіздеген. Серіктестік қарсы талабында Кәсіпкермен әкелінген тауардың ақаулары анықталғанын және ол тауар үшін қаржы төленгенін көрсеткен.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен Кәсіпкердің талабы қанағаттандырусыз қалдырылып, Серіктестіктің қарсы талабы қанағаттандырылған, Кәсіпкермен 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №1014429/2024/1 келісім шарт аясында жеткізіліп, жарамсыз болған зауыт нөмірлері №№053, 150, 151, 153, 156 превенторлары үшiн төленген 12 748 609 теңге қайтарылып, аталған превенторларды Серіктестік аумағынан 30 күнтізбелік күннің ішінде алып кетуге мәжбүрленген, Кәсіпкермен Серіктестіктің пайдасына 459 057 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Кәсіпкердің талабы ішінара қанағаттандырылған, Серіктестіктен Кәсіпкердің пайдасына негізгі берешегі 7 061 531 теңге, өсімпұл 635 537 теңге, шартты қамтамасыз ету сомасы 667 983 теңге, мемлекеттік баж салығы 83 650 теңге, барлығы 8 448 701 теңге өндіріліп, талаптың қалған бөлігін және Серіктестіктің қарсы талабын қанағаттандырудан бас тартылған.
Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасының қаулысын өзгертуді, талабын толық қанағаттандыруды сұраған.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8, 272, 273, 293-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2024 жылғы 2 қыркүйекте тараптар арасында превентор (бұдан әрі - тауар) жеткізу туралы шарт (бұдан әрі - шарт) пен қосымша келісім жасалып, ол бойынша Кәсіпкер 21 дана превенторды шарт жасалған күннен бастап 90 күн ішінде 2024 жылғы 2 желтоқсанға дейін әкелуге міндеттенген, шарттардың жалпы сомасы 70 615 314 теңге құраған.
Шарт талаптарын орындау мақсатында Кәсіпкер 2024 жылғы 10 қазанда 34 989 570 теңге құрайтын 11 дана превентор жеткізіп, 2024 жылы 21 қазанда екі жақты тауарды қабылдау-тапсыру акті жасалған, Серіктестік әкелінген тауар үшін төлемді 2024 жылғы 20 қарашаға дейін жүргізуге міндетті бола тұра төлемді 2025 жылғы 7 ақпанда ғана жүргізген.
Кәсіпкер тауардың екінші бөлігін, яғни 35 625 744 теңге тұратын 10 дана превенторды 2024 жылғы 2 желтоқсанда жеткізген, бірақ екі жақты тауарды қабылдау-тапсыру актісі тек ғана 2025 жылғы 6 ақпанда жасалған.
Тараптар арасында 2025 жылғы 17 сәуірде жасалған екі жақты өзара есеп айырысуларды салыстыру актісіне сәйкес Серіктестіктің Кәсіпкер алдындағы берешегі 7 061 531,40 теңге құраған, Серіктестік тауар үшін ақшаны 2025 жылғы 17 мамырға дейін төлеуге міндеттенген, алайда осы күнге дейін төлем жүргізілмеген.
Сонымен қатар, Серіктестік тарапынан Кәсіпкермен енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасы 667 983 теңге қайтарылмаған, бұл ретте соңғысы 2025 жылғы 5 маусымда, 26 маусымда және 21 шілдеде аталған соманы қайтару жөнінде хаттар жолдаған, бірақ хаттар орындаусыз қалған.
Осыған байланысты, Кәсіпкер сотта талабын нақтылап, түпкілікті Серіктестіктен 7 061 531,40 теңге берешек сомасын, төлемді кешіктіргені үшін 635 537 теңге және актіге қол қоюды кешіктіргені үшін 1 460 655 теңге
өсімпұл сомаларын, енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасы 667 983 теңге өндіруді сұраған.
Серіктестік қарсы талабында Кәсіпкер тарапынан жеткізілген 21 дана превентордың 5 данасы пайдалануға жарамсыз болып шыққанын, бұл жөнінде жауапты тұлғалармен бірнеше айқындамалар жасалғанын көрсетіп, жарамсыз тауарға төленген 12 748 609 теңгені қайтаруды және жарамсыз тауарды алып кетуді мәжбүрлеуді сұраған.
Сотта Серіктестіктің Кәсіпкер алдындағы 7 061 531,40 теңге берешек сомасы екі жақты жасалған 2025 жылғы 17 сәуірдегі салыстыру актісімен бекітілген, бұл ретте салыстыру актісіне қызметкердің қолы қателесіп қойылған деген Серіктестіктің уәждері негізсіз болып табылады.
Серіктестікпен 2024 жылғы 21 қазанда жеткізілген тауар үшін төлем кешіктіріліп 2025 жылғы 7 ақпанда ғана жүргізілгені іс құжаттарымен дәлелденген, бұл мән-жай шарттың 7.5.1. тармағының бұзылуы болып табылады және өсімпұл есептеуге негіз болады.
Кәсіпкер тауардың екінші бөлігін, яғни 10 дана превенторды 2024 жылғы 2 желтоқсанда жеткізгені 2025 жылғы 6 ақпандағы тауарды қабылдау-тапсыру және 2025 жылғы 17 сәуірдегі салыстыру актілерімен бекітіледі, себебі бұл актілерде тауардың нақты жеткізілген күні ретінде 2024 жылғы 2 желтоқсан деп көрсетілген және бұл мән-жаймен келіскен Серіктестік актілерге қол қойған.
2025 жылғы 11 желтоқсанда «электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі» порталында Кәсіпкермен 10 дана тауарды қабылдау-тапсыру актіге қол қойлып, жауапкерге жолданған, осы порталда орналасқан «оқиғалар журналына» қарағанда бұл акті 2025 жылғы 12-13 желтоқсан күндері Серіктестіктің жауапты қызметкерлерімен келісілгені көрінеді.
Кәсіпкермен шарт талаптары орындалуына байланысты онымен 2025 жылғы 27 қыркүйекте енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасы қайтарылуы тиіс.
Кәсіпкердің кассациялық шағымында көрсетілген төлемді кешіктіргені үшін 2 487 758 теңге және тауарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қоюды кешіктіргені үшін 1 460 655 теңге өсімпұл сомаларын өндіру жөніндегі уәждері негізсіз, өйткені Кәсіпкер түпкілікті нақтыланған талабында 2 487 758 теңге өндіру мәселесін сот алдында қоймаған, ал 1 460 655 теңге өсімпұл өндіру жөніндегі талапты апелляциялық сот алқасы негізді қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұл жағдайда апелляциялық сатыдағы сот Серіктестіктің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).
Шарттың 3.15. тармағына сәйкес тапсырыс берушіде өнім берушіге сапасы және/немесе саны бойынша наразылықтар туындаған жағдайда,
тапсырыс беруші тауарды жеткізген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде бұл туралы өнім берушіні талдауға шақыра отырып хабардар етуге міндетті. Талаптардың мазмұны мен негіздемесі тапсырыс беруші мамандарының тиісті біржақты актісімен расталуға тиіс.
Сотта анықталған мән-жайларды саралай келе, апелляциялық сот алқасы шарт бойынша жеткізілген барлық тауарларды қабылдау кезінде Серіктестік тауарларды сынақтан өткізіп тексеріп алған, 2024 жылғы 30 қазанда №45 бригадасымен біржақты жасалған айқындамасы бойынша жоғарыда көрсетілген мерзімде олармен талап қойылмаған және тиісті актімен рәсімделмеген. Ал басқа біржақты жасалған айқындамаларда тауардың заводтық нөмірлері жазылмаған және күндері көрсетілмеген, тиісінше жарамсыз болған превенторлардың Кәсіпкермен жеткізілгені туралы уәждер өз дәлелін тапқан жоқ, себебі жұмысты тоқтатпау мақсатына әрі бригадада екі превенторден орналасқан, оның ішінде өзге превенторлар да бар деген дұрыс қорытындыға келген.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағымдардың уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, апелляциялық алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы күшінде, жеке кәсіпкер Букаев Даулет Кушербаевичтің және «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.