ВС РК - Постановление от 07.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2338 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 ақпан 6001-24-00-6ап/2338 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дүйсенбаев,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жанибеков Ауелбек Турарбекович жауапкер «Шымкент қаласының әділет департаменты» мемлекеттік мекемесінің ұсынысты және іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен қайтарылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Басқа сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда жауапкер талап қоюшыға қатысты сот орындаушы А.Т.Жанибековтің лицензиясынан айыру туралы ұсыныс енгізілген.

Талап қоюшы А.Т.Жанибеков жауапкер «Шымкент қаласының әділет департаменты» мемлекеттік мекемесімен келтірген ұсыныспен келіспей жоғарыда аталған әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.

Соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.

Дауланып отырған жауапкердің ұсынысы талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін әкімшілік акт болып табылмайды, және талап қоюшыны қандай да бір құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Сондай-ақ, талап қоюшыға қатысты лицензиядан айыру немесе тоқтату және т.б. әкімшілік акт болып табылатын түпкілікті шешім қабылданбаған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс-жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 144-бабына сәйкес, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.

Яғни, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыруға негіз болатын мән-жайлардың заңдылығына уәкілетті органның талап қоюын қарау барысында сотпен баға беріледі.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚР ЖС ӘІСА қаулы 2025 жылғы 7 ақпан №6001-24-00-6ап/2338

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ауелбек Турарбекович Жанибековтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дүсенбаев

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

ҚР ЖС ӘІСА қаулы 2025 жылғы 7 ақпан №6001-24-00-6ап/2338

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.