Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/531 (Гражданское)

6003-26-00-2к/531

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.Қ. Тлеубаева,

прокурор А.С. Қамашевтің, талап қоюшының өкілі Ғ. Әзімбайдың, жауакер Р.Е. Жаксыбаеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер Рабига Ельтаевна Жаксыбаеваға ақшалай өтемақы төлеумен, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Сот шешті:

«Рабига Ельтаевна Жаксыбаеваның мәжбүрлі түрде кадастрлық номері 21-318-031-272, жалпы ауданы 0,0558 га, Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, А. Сембинов көшесі, 2/1 үй мекенжайында орналасқан жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісімен бірге орналасқан жер учаскесі алынсын.

Астана әкімдігінің өкілі болып табылатын "Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесінен Рабига Ельтаевна Жаксыбаеваның пайдасына алынған жер учаскесінің өтеуі ретінде 37 687 000 теңге өндірілсін.

Рабига Ельтаевна Жаксыбаеваның ақшалай өтеу төленген соң Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, А. Сембинов көшесі, 2/1 үйден мәжбүрлеп шығарылсын».

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 36 742 861 мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшының өкілін, жауакерді, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 мамырдағы №510-1740 қаулысымен Астана қаласы, "Байқоныр" ауданы, А.Иманов және А.Сембинов көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,4808 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін «Тұрақ» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін қоса беріліп отырған схемаға сәйкес мәжбүрлеп иеліктеншығару туралы шешім қабылданды.

Жауапкер Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, А. Сембинов көшесі, 2/1 үй мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0558 га, кадастрлық нөмірі 21318-031-272 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.

Талап қоюшымен жауапкер арасында келіссөздер жүргізіліп, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің нарықтық құнына бағалау жүргізілуі ұйымдастырылып, иеліктен шығарылуға жататын мүлікке 36 742 861 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынылған.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған сот-тауартану сараптамасы қорытындысына қарағанда жауапкер Р.Е. Жаксыбаеваның меншік құқығындағы үймен және жер учаскесінің нарықтық бағасы 37 687 000 теңге құраған.

Сот алынатын жылжымайтын мүліктің бағасын айқындау кезінде сот сарапшылардың 2025 жылғы 28 сәуір №С-45-27 қорытындысын назарға алған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сот сарапшылардың қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сарапшылардың бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін кадастрлық нөмірі 21-318031-272 құның 37 687 000 теңге деп анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Л.Б. Мамырбаева

А.О.Тогумбетова

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.