Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 шілде №6003-26-00-2к/2446(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Р.А.Исполова, А.З.Кайырбеков,
прокурор К[...] ,
талап қоюшының өкілі У[...],
жауапкердің өкілі Қ[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Әділет» атауымен әрекет етуші Б[...] жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне шартты біржақты бұзуын заңсыз деп танып, жаңа оферта шартына отырмау әрекетсіздігін заңсыз деп танып, ақша-қаражатын өндіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2024 жылы жауапкермен шығармашылық үйірмелері қызметін көрсетуге қатысты мемлекеттік тапсырыс бойынша жария шарты ұсынылып, талап қоюшы шартты қабылдап, шарт бойынша қызметтер көрсеткен. Шарттың орындалуы барысында жауапкермен талап қоюшыға 30 000 000 теңге төленген.
2024 жылғы 17 желтоқсанда жауапкер №02-37/1960 хатпен талап қоюшыға шарт талаптарын тиісінше орындамағаны себепті 2024 жылғы 18 желтоқсаннан бастап біржақты бұзылатынын хабарлаған.
2024 жылғы 20 желтоқсанда жауапкермен талап қоюшыға шарт бойынша төленген қаржыны бюджетке қайтару туралы №02-37/1987 хат жолданып, талап қоюшы 2024 жылғы 21 желтоқсандағы төлем тапсырысымен 13 000 000 теңге қаражатты бюджетке қайтарған.
Талап қоюшы талап қоюында жауапкер шарт біржақты бұзылатынын хабарлағанынан кейін қаржыны төлеу қажеттігі туралы алдау, психологиялық қысым көрсету жолымен 13 000 000 теңгені қайтаруға мәжбүр болғанын, алайда қаржылық бұзушылық аудит қорытындысымен не өзге құжатпен бекітілмегенін, 2024 жылғы жария шартты біржақты бұзуға негіз болмағанын көрсетіп, жауапкердің жария шартты біржақты бұзуын және 2025 жылғы 5 қаңтардағы жария шартқа отырмау әрекетсіздігін заңсыз деп тануды, 13 000 000 теңге төленген қаражатты кері өндіруді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Сот шешімінің жаңа оферта шартына отырмау әрекетсіздігін заңсыз деп тану бөлігінде іс жүргізу тоқтатылған.
Шешімнің талап қоюшының 13 000 000 теңге қаражатты кері өндіруді сұраған талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Сот шығындары ретінде төлеген мемлекетік баж 130 000 теңге, өкілдің көмегіне 1 300 000 теңге өндірілген.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, оның сот актісінің күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын, прокурордың сот қаулысын өзгертіп, кассациялық шағымды қанағаттандыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, сот төменгі тұжырымдарға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 395, 396-баптарына сәйкес шарт жасасу туралы бiр немесе бiрнеше нақты жақтарға жасалған ұсыныс, егер ол жеткiлiктi дәрежеде айқын болып, ұсыныс жасаған жақтың ол қабылданған жағдайда (акцепт) өзiн сонымен байланысты деп есептеу жөнiндегi ниетiн көрсетсе, оферта деп танылады. Егер ұсыныста шарттың елеулi ережелерi немесе оларды анықтау тәртiбi көрсетiлсе, ол жеткiлiктi дәрежеде айқын деп табылады. Оферта жолданған жақтың оны қабылдағаны туралы жауабы акцепт деп танылады.
АК-нің 401-бабының 2-тармағына сай тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт: 1) екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады. Шартты орындаудан бiржақты бас тартылған жағдайда (шарттан тиiсiнше iшiнара немесе толығымен бас тарту (осы Кодекстiң 404-бабы) шарт өзгертiлдi немесе бұзылды деп есептеледi.
2024 жылдың тамыз, қараша айларында талап қоюшының көрсетіп отырған қызметінің сапасын анықтау мақсатында жауапкермен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде балалар, мұғалім құжатының толық еместігі, бейнебақылау жазбасы 15 күндік екені, 2024 жылғы 12 тамызда 80 бала болу қажет екені, бала санының аз екені, жұмыс құралдарын толықтыру, жабдықтау қажеттігі, сабақ кестесін дұрыстау, мұғалім 1 мезетте 3 топқа сабақ беретіні, [...]
үйірмеге тіркелген балалардың портфолиосы түгел еместігі, сабақ кестесіне сәйкес домбыра сабағы өту қажет болса, сабақ болмағаны, талап қоюшы тарапынан үйірмелердің басқа мекенжайында өтетіні туралы «Даму бала» ақпараттық жүйесінде анықтама тіркелмегені, есептік табельде көрсетілген бала саны бейнежазбадағы балалар санымен сәйкес келмейтіні, бейнежазба арқылы балалардың аз келгені анықталған.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №122 бұйрығымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларының» (бұдан әрі – қағида) 3- тарауының 19-тармағына сәйкес сабақ өткізуге арналған үй-жайлар келесімен жабдықталады: 2) бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіледі.
Бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етуге қатысты өнім берушінің міндеті жария шарттың 3.1.6-тармақшасында да көзделген.
Алайда талап қоюшының қызмет көрсету орны бойынша бейне мұрағаты 15 күн бойы ғана сақталатын болған.
Талап қоюшымен анықталған кемшіліктер жоққа шығарылмаған, шарт талаптарын едәуір түрде бұзылуына жол берілгені расталған.
Төменгі сатыдағы соттар талап қоюшының шарт бойынша қызметтерді тиісінше және толық атқармауы, жауапкерге хабарламай, оның келісімін алмай, қызметтерді өтінімінде көрсетілгеннен өзге мекенжайда өткізуі және қызметтерге қатысты тиісінше бейнежазба жүргізбеуі шарт талаптарын едәуір бұзуға жатады, сондықтан жауапкердің шартты мерзімінен бұрын біржақты бұзуы заң талаптарына сай келеді деп бағалап, талап қоюды бұл бөлігінде қанағаттандырудан бас тартқан.
Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың бұл тұжырымдарын істің мәнжайына және заң талаптарына сай келеді деп санайды.
Сот актілері бұл бөлігінде шағымдалмаған.
Бірінші саты соты 13 000 000 теңге қаражатты кері өндіру туралы талап қоюды жауапкердің психологиялық қысым көрсету, әрі алдау арқылы төлеттіргені жөніндегі уәждері өз дәлелін таппағаны, ол туралы тиісті дәлелдемелер сотқа ұсынбағаны, керісінше, талап қоюшының 13 000 000 теңгені бюджетке өз еркімен қайтаруы қаржылық бұзушылықтармен келісіп, шарт талаптарын тиісінше орындамағанын мойындағаны деп бағалап, қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы сот жауапкердің тексеру материалдарында және негізсіз төленген қаражатты қайтару туралы ұсынысында 30 000 000 теңге мемлекет қаражатын жауапкердің қандай жолмен заңсыз иемденгені көрсетілмеген, бұл заңсыздық қалай орын алғанын бекітетін қандайда бір тексеру жүргізілгендігі туралы есеп құжаттары, тексеру актілері немесе басқа да тиісті құжаттық дәлелдемелер тіркелмеген деген негізде сот шешімінің осы бөлігінің күшін жойып, талап қоюды бұл бөлігінде қанағаттандырған.
Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымдары оның жауапкердің келісім шартты біржақты бұзуы заңды екені туралы өз тұжырымдарына қайшы келеді. Талап қоюдың келісім шартты біржақты бұзу туралы бөлігінде апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының шартты тиісінше орындамағаны, оның талаптары едәуір бұзылғаны туралы бірінші саты сотының тұжырымдары дәлелді деп келіскен. Істің мән-жайына осылайша қарама қайшы баға берілуі АПК-нің 68бабының 1-бөлігімен белгіленген дәлелдерді бағалау тәртібінің бұзылғанын көрсетеді. Қаражаттың заңды жолмен төленгенін дәлелдеу талап қоюшыға жүктелуі тиіс, себебі ол қаражатты кері өндіру туралы талап қойып отыр. Сот актілерінде талап қоюшымен шарт бойынша анықталған кемшіліктер жоққа шығарылмағаны, шарт талаптары едәуір түрде бұзылуына жол берілгені расталғаны көрсетілген, яғни талап қоюшының талаптың бұл бөлігінде тиісті дәлелдер келтірмегені бекітілген. Дәлелденбеген талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады. Демек, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюды бұл бөлігінде заңсыз қанағаттандырған. Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы осы бөлігінде күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюдың жауапкердің жаңа оферта шартына отырмау әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы бөлігіне қатысты іс жүргізуді тоқтатқаны дұрыс. Оферта шартын жасау тәртібі мемлекеттік билік органы қабылдаған Қ[...] реттеледі. Осы орайда Қ[...] 3, 4, 5, 6 тармақтарына сай жауапкерге билік жүргізу құқығы жүктелген. Демек, дау бұл бөлігінде жауапкердің билік ету құқықтарынан туындайды. Сондықтан жауапкердің Қ[...] бойынша жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдері билік органдарының акттеріне теңестіріледі. Мұндай жағдайда дау осы бөлігінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 133-бабына сәйкес әкімшілік соттармен қаралуға жатады.
АПК-нің 277-бабының 1-тармағына сәйкес сот, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, кассациялық сот істі жаңадан қарауға жібермей, дау айтылған сот актісі жоғарыда баяндалғандай тәртіпте өзгертілуге жатады деп санайды.
АПК-нің 109-бабының ережелеріне сәйкес талап қоюшыдан мемлекет кірісіне 65 000 теңге мемлекеттік баж өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының талап қоюшы жеке кәсіпкер «Әділет» атауымен әрекет етуші Б[...] жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен 13 000 000 (он үш миллион) теңге және сот шығындары мемлекетік баж ретінде төлеген 130 000 (бір жүз отыз мың) теңге, өкілдің көмегіне төленген 1 300 000 (бір миллион үш жүз мың) теңге өндіру туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінің күшін жойылсын.
Осы бөлігінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қалған бөлігінде Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы ішнара қанағаттандырылсын.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер «Әділет» атауымен әрекет етуші Б[...] мемлекет кірісіне 65 000 (алпыс бес мың) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
Р.Исполова
А.Кайырбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.