Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5299 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5299

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі А.Төлендінің, жауапкер А.К.Изтлеуованың өкілі Т.Т.Байтасовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылыс және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-ММ, Басқарма), Бахытжан Абдашимович Алтынбековқа, Алия Керимбековна Изтлеуоваға, Дармен Ергешович Ергешовқа, нотариус Эльдос Саулебаевич Альчикеновқа 2023 жылғы 21 тамыздағы №001/1130 үлгілік шартын, 2023 жылғы 28 қарашадағы №5908 меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісін, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер А.К.Изтлеуованың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ мен Б.А.Алтынбеков арасындағы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) 2023 жылғы 21 тамыздағы №001/1130 үлгілік шарты, 2023 жылғы 28 қарашадағы №5908 меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісі, Б.А.Алтынбеков пен А.К.Изтлеуова арасында жасалған 2024 жылғы 11 наурыздағы №933 кадастрлық № 22-327-071-315 жер учаскесі мен тұрғын үйдің сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер А.К.Изтлеуова кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, шешімді күшін жойып, апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Жауапкер А.К.Изтлеуоваға сот актілеріне кассациялық шағым беру

мерзімі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сай қалпына келтірілуге жатады.

Өйткені, сот қаулысы 2025 жылдың 3 маусымында жарияланып, сот кабинеті «Төрелік» ақпараттық жүйесіне 5 маусымда салынып, 11 маусымда тараптарға жіберілген, нәтижесінде кассациялық шағымды беру мерзімі 7 күнтізбелік күнге себепті негіздермен өткізіп алған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда Шымкент қаласы әкімдігінің (бұдан әрі – Әкімдік) 2023 жылғы 18 тамыздағы №2038 қаулысы негізінде жауапкер Б.А.Алтынбековқа Шымкент қаласы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, Есік көшесі №315/1 мекенжайында орналасқан алаңы 0,0800 га жер учаскесі 3 жылға уақытша өтеулі қысқа мерзімге жер пайдалану құқығымен жалға берілген (бұдан әрі – даулы жер).

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі– Жер кодексі) 44-2-бабының 3-тармағында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының не аумағын орналастыру схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасына сай, жер учаскесін беру мынадай тәртіппен жүргізіледі қала құрылысы құжатына сәйкес сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау.

Жер кодекснің 109-бабының 1 - тармағына сәйкес, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Даулы жер учаскесі Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 25 сәуір №200 қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының бас жоспарлау жобасына сәйкес жасыл-желек аумағында орналасқан.

Демек, даулы жер учаскесі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес жасыл-желек аумағында орналасуына байланысты комиссиямен теріс қорытынды, әкімдікпен жер учаскесіне құқық беруден бас тартылуы тиіс болған. Алайда, жауапкер Б.А.Алтынбековқа даулы жер егжей-тегжейлі жоспарлау

жобасына қайшы келетіндігіне, аталған мақсатқа құқық беру мүмкін емес екеніне қарамастан, комиссиямен оң қорытынды, Әкімдіктің қаулысы негізінде құқық берілген.

Басқарма мен Б.А.Алтынбеков арасында даулы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) 2023 жылғы 21 тамыздағы №001/1130 үлгілік шарты жасалып, кадастрлық №22-327-071-315 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2023 жылғы 28 қарашадағы №5908 меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы акті жасалған (бұдан әрі – даулы акт).

Әкімдіктің 2024 жылғы 15 ақпандағы №416 қаулысы негізінде Б.Алтынбековқа Шымкент қаласы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, Есік көшесі, №315/1 мекенжайында орналасқан кадастрлық №22-327-071-315 жеке тұрғын үйді пайдалану үшін даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген. Б.А.Алтынбеков пен А.К.Изтлеуова арасында 2024 жылғы 11 наурыздағы №933 кадастрлық №22-327-071-315 даулы жер учаскесі мен тұрғын үйдің сатып алу-сату келісім шарты жасалған.

Жергілікті соттар Әкімдіктің 2023 жылғы 18 тамыздағы №2038 жауапкер Б.А.Алтынбековқа даулы жер учаскесіне 3 жылға уақытша өтеулі қысқа мерзімге жер пайдалану құқығын беру туралы қаулысы қолданыстағы жер заңнамасы талабына қайшы қабылданған деген қорытындыға келген.

Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымы келесі себептермен негізсіз.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қазандағы №916 қаулысымен Шымкент қаласының жаңа Бас жоспары бекітілген.

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы №ЖТ-2025-00287213 хатының негізінде даулы жер учаскесі аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан (жаңа Бас жоспар бойынша).

Істі қарау барысында жергілікті соттар жаңа Бас жоспар бойынша даулы жер учаскесі аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқанына назар аудармаған және тиісті түрде құқықтық баға бермеген.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 28 қарашадағы өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы акті жасалған кезде жаңа Бас жоспарға сәйкес даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты аз қабатты тұрғын үйлер аумағы деп өзгертілген.

Бүгінгі таңда жаңа Бас жоспарға сәйкес даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты аз қабатты тұрғын үйлер аумағы ретінде қарастырылғандықтан үлгілік шартты жарамсыз деп тану тиімсіз болып табылады.

Сонымен қоса, даулы актінің негізінде объект пайдалануға қабылданған және Б.А.Алтынбеков тұрғын үйді жер учаскесімен бірге А.К.Изтлеуоваға сатқан.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 12,13-тармақтарының талаптарына сәйкес А.К.Изтлеуова адал алушы болып табылады.

Жауапкер А.К.Изтлеуованың даулы жер учаскесі Әкімдіктің қаулысы мен Басқарманың үлгілік шарты негізінде Б.А.Алтынбековқа берілген, алайда Әкімдік пен Басқарма сот отырысына іске қатысушы тұлға ретінде тартылмаған деген уәжі негізсіз. Өйткені азаматтық істе Әкімдік пен Басқарма жауапкер ретінде талап қоюда көрсетілген, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда оларға тиісті түрде (2025 жылдың 20 қаңтарында № 5242-25-5-21/4469 және 19 мамырында №5299-25-5-20/3381) хабарламалар жіберген.

Жергілікті соттар тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, дауланған сот актілерінің күші жойылып, Департаментің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деп есептейді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкер А.К.Изтлеуованың кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылсын.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күші жойылып, жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен Бахытжан Абдашимович Алтынбеков арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) 2023 жылғы 21 тамыздағы №001/1130 үлгілік шартын, 2023 жылғы 28 қарашадағы №5908 меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісін, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Жауапкер А.К.Изтлеуованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков Судьялар: А.О.Тогумбетова

А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.