ВС РК - Определение от 15.08.2024 по делу 6001-24-00-6ап/476 (Административное)

№6001-24-00-6ап/476

ҰЙҒАРЫМ

2024 жылғы 15 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьялары Ш.Т. Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшының өкілі М.К. Менисбаевтың,

мүдделі тұлға «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі С.С.Дабаровтың,

мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың, оның өкілдері С.У.Мусабеков пен Е.А.Ерсұлтанның қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айнаш Карабаевна Сатиеваның жауапкер Жетісай қаласының әкіміне іс-әрекетін заңсыз деп тану, 2022 жылғы 25 тамыздағы №196 шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша мүдделі тұлға Ә.Ж.Әбдіғаппарқызының өкілі С.У.Мусабековтың сот алқасының судьясы С.Ү.Баймахановқа қарсылық білдіру туралы өтінішін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Істі кассациялық тәртіпте қарау барысында мүдделі тұлғаның өкілі С.У.Мусабеков іс бойынша төрағалық етуші - сот алқасының судьясы С.Ү.Баймахановқа қарсылық білдірді.

Қарсылықта төрағалық етуші С.Ү.Баймаханов оған істің мән-жәйын айтқызбай сөйлеттірмегені және жауапкер Жетісай қаласы әкімінің өкілін ол мас күйде деп, медициналық куәландырудан өткізбей сотқа қатыстырмағаны, бұл жағдайлар аталған судьяның бейтараптығына күмән тудыратыны көрсетіліп негізделген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 1- бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады.

АПК-нің 38-бабына сәйкес судьяға қарсылық білдіру үшін негіздердің тізбесі айқындалған және ол кеңейтілген түрде түсіндіруге жатпайды.

Сот алқасы С.У.Мусабековтың судья С.Ү.Баймахановқа қарсылық білдіру туралы өтініші АПК-нің 38, 40-баптарында көзделген негіздер талаптарына сәйкес келмейді.

Судья С.Ү.Баймаханов істің нәтижесіне тікелей немесе жанама түрде мүдделі деп айтуға негіз жоқ, сондай-ақ оның бейтараптығына негізделген күмән тудыратын басқа жағдайлар жоқ.

С.У.Мусабеков өз уәждерін бірнеше рет қайталап айта берген соң төрағалық етушінің оған ескерту жасауы орынды. Бұл оның істің тынымына мүдделілігін білдірмейді. Сонымен қатар, төрағалық етушінің жауапкер Жетісай қаласы әкімінің өкілін сотқа негізсіз қатыстырмағаны туралы С.У.Мусабековтың уәжі де негізсіз. Себебі кеңсе қызметкерлерінің мәлімдеуі бойынша аталған өкіл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына сағат 9-да мас күйінде келгендіктен бақылау-өткізу пунктінен ғимаратқа кіргізілмеген. Ол мас екендігін теріске шығармай кетіп қалған.

Жоғарыда айтылған жауапкер өкілі Ш.Ш.Ажикабылов түскі уақыттан соң Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына қайта келіп өзінің мас күйінен айыққанын айтып, медициналық куәландыру актісін ұсынған.

Бұл актіге қарағанда ол 2023 жылғы 15 қазанда сағат 14-37-де куәландырудан өткен. Бірақ осы куәландыру қорытындысына сай Ш.Ш.Ажикабылов ауырлық дәрежесі жеңіл мас күйінде болған.

Мұндай жағдайларда С.У.Мусабековтың өтініші қанағаттандыруға жатпайды.

АПК-нің 38, 40, 41 баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьялары

ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:

Ж.Ә.Әбдіғаппардың өкілі Мусабеков С.У. сот алқасының судьясы С.Ү.Баймахановқа жариялаған қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Ұйғарым жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді, шағымдануға және наразылық келтірілуге жатпайды.

Судьялар Е. Өмірәлиев

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.