Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/850 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 16 қыркүйек №6003-25-00-2к/850 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья С.К.Нурабай,

судьялар С.С.Кененбаев, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.Р.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Д.С.Мухамедиевтің, жауапкер Б.И.Туребековтің өкілі Н.А.Кайназаровтың қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Бектурган Ибракимович Туребековке, «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне үлгілік шарттарды жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер Б.И.Туребековтің өкілі Н.А.Кайназаровтың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сəуірдегі шешіміне жəне Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан əрідепартамент) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 сəуірдегі шешімімен департаменттың талабы қанағаттандырылған. Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі мен Б.И.Туребеков арасындағы 2014 жылғы 31 желтоқсандағы №002/1404 санды жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарты, «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен Б.И. Туребеков арасындағы 2023 жылғы 29 маусымдағы №001/1561 санды жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалануын (жалдаудың) үлгілік шарты, «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен Б.И.Туребеков арасындағы 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №001/1277 санды жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалануын (жалдаудың) үлгілік шарты жарамсыз деп танылған. Жауапкер Б.И. Туребековтен мемлекет пайдасына мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымда бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Б.И.Туребековтің өкілі Н.А.Кайназаровты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Д.С.Мухамедиевті, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.Р.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдары бойынша Шымкент қаласы əкімінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №2875 санды қаулысымен Б.И. Туребековке Шымкент қаласы, Дендросаябақ аумығанан 0,2 га. жер учаскесі құрылыстар мен ғимараттарды салу үшін 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.

Осы қаулы негізінде Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы мен Б.И. Туребеков арасында 2014 жылдың 31 желтоқсанда №002/1404 жер учаскесін уақытша жалға алу үлгілік шарты жасалған жəне осы құқықтық құжаттар негізінде кадастрлық №19-309-094-173 сəйкестендіру актісі рəсімделген.

Шымкент қаласы əкімінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №1471 қаулысының 7-тармағымен Б.И. Туребековке Шымкент қаласы, Самал-2 шағын ауданы, №173/3 мекен-жайынан 0,20 га. құрылыстар мен ғимараттарды салу үшін жалға берілген бөлінетін жер учаскесіне 3 жылға уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы берілген.

Бұл қаулының негізінде Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы мен Б.И. Туребековтың арасында 2023 жылғы 29 маусымда №001/1561 жер учаскесін 3 жыл мерзімге жалға алу шарты жасалған.

Шымкент қаласы əкімінің 2023 жылғы 13 қыркүйектегі №2243

қаулысының 71-тармағымен Б.И. Туребековке Шымкент қаласы, Самал-2 шағын ауданы, №173/3 мекен-жайынан құрылыстар мен ғимараттарды салу үшін берілген 0,20 га. жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй үшін өзгертіліп, уақытша пайдалану мерзімі өзгеріссіз қалдырылған.

2023 жылғы 14 қыркүйекте «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен (жалғы беруші) Б.И.Туребековтың (жалға алушы) арасында №001/1277 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жасалған жəне жердің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй үшін» деп өзгертілген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудың негізі ретінде жауапкер Б.И. Туребековке табысталған даулы жер учаскесі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан əрі – Жер кодексі) талаптарына сай сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы берілуі тиіс болғанын, бірақ сауда-саттық жүргізілмегенін негізге алған.

Кассациялық сот соттардың бұндай тұжырымы заңды деп есептейді, өйткені Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Аталған заң нормаларының негізінде жауапкер өкілінің бас жоспарға сəйкес, кадастрлық нөмірі №22-327-036-129 жер учаскесі аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан, жер учаскесі қызыл сызыққа енбейді деген уəжі негізсіз.

Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі Кодекстің 48-бабының талаптарын бұза отырып, яғни сауда-саттық (аукцион, конкурс) жүргізбей жауапкер Б.И. Туребековке заңсыз берілгені өз дəлелін тапқан.

Сонымен қатар, жер телімі жауапкермен қазіргі кезге дейін игерілмегені анықталған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 158бабында, мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтін мəміле, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мəміле, егер осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мəміле болып табылады жəне сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін екені қарастырылған.

Бірінші сатыдағы сот аталған мəн-жайларды негізге алып дауланып отырған үлгілік шарттарды заң талаптарын бұза отырып жасалынғанын

анықтап, оны жарамсыз дегені дұрыс.

Кассациялық сот жергілікті соттардың дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі қолдануға жатпайды, өйткені талап қоюшыға орын алған заңбұзушылықтар жөнінде тек 8 қазан 2024 жылы Н.Д.Смановтың арызы негізінде белгілі болған деген тұжырымдарын негізді деп санайды.

Мəні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дəлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мəн-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты жəне объективті зерттелген, тараптар ұсынған дəлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сəуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер Б.И.Туребековтің өкілі Н.А.Кайназаровтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Нурабай

С.Кененбаев

Судьялар

Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.