1
ҚАУЛЫ
8 сәуір 2026 жыл №6003-26-00-4к/152 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,
судьялар – Р.М.Айнақұлова, Г.Б.Дүйсенбаев болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Абдрахманов Марат Сагидуллиевичтің (бұдан әрі – талап қоюшы) жауапкер Орал қаласының әкіміне (бұдан әрі – жауапкер) берген 2025 жылғы 18 наурыздағы № 199 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, тұрғын үй беруге мәжбүрлеу туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қазанындағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсанындағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Абдрахманов М.С. жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қазанындағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсанындағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған тараптар мен мүдделі тұлғалардың өкілдері сотқа келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.
Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттар анықтағандай, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы шешімімен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған және осыған байланысты Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 28, 29 наурыздағы өкімдерімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және Орал қаласы аумағындағы су тасқыны орын алуына байланысты келтірілген материалдық шығынын есептеу жөніндегі қалалық комиссиялар құрылған.
Талап қоюшы Абдрахманов М.С. 2024 жылдың қараша айының 14-де Орал қаласы әкімшілігіне төтенше жағдай салдарынан өзінің меншігіндегі жанұясымен тұрып келген Орал қаласы, «Вишенка» бағбандық серіктестігінде (бұдан әрі – б/с) орналасқан № 17 үйдің тұруға жарамсыз болып қалуына байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтініш түсірген.
Аталған өтініш Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия отырысында қаралып және оның 2025 жылдың 18 наурызындағы № 199 хаттамалық шешімімен жер учаскесіне куәландыру құжаттары болмауына байланысты өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.
Соттар, талап қоюшының аталған комиссияның шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, төменде келтірілген заңнама талаптарын және істің анықталға мән-жайларын негізді түрде басшылыққа алған.
Табиғи төтенше жағдайлардың салдарынан жеке тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеудің негіздері мен тәртібі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңының 11-тарауында (бұдан әрі-Заң), Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысында (бұдан әрі - № 1358 Қағидалары), Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысында (бұдан әрі - № 1222 Қағидалары) көзделген ( даулы қарым-қатынастар туындаған кезде заңды күшінде болған ).
Заңының 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
№ 1222 Қағидаларының 3-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс.
Аталған Қағидаларға сәйкес Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, мынадай құжаттарды ұсынады:
зардап шеккен азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылжымайтын мүлік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) өтініш;
жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдің) кадастрлық паспорты;
жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт);
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.
Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжайы болып табылатын, уақытша (маусымдық) тұруға арналған құрылысжайда тұратын азаматтар жұбайында (зайыбында) және кәмелетке толмаған балаларында жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) болуы туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы берген анықтаманы қосымша ұсынады.
Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімі өтініштер негізінде қалыптастырылады. Зардап шеккен азаматтардан өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады.
Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күн өткен соң аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия құрады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тарту үшін:
осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы;
ұсынылған құжаттардың дұрыс еместігінің анықталуы негіз болып табылады.
Меншік иесінде, оның жұбайында (зайыбында) және кәмелетке толмаған балаларында уақытша (маусымдық) тұруға арналған, осы Қағидалардың 3- тармағының 4) тармақшасына сәйкес бірнеше құрылысжай болған жағдайда бір тұрғынжай ғана беріледі.
Іс бойынша соттар анықтағандай, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы шешіміне сәйкес төтенше жағдай жариялаған кезде талап қоюшы М.С.Абдрахмановта Орал қаласы, «Вишенка» б/с № 17 үй (саяжай) меншік иелігінде болмаған.
Аталған жағдай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерліқ қоғамның 2024 жылғы 13 қарашадағы анықтамасымен дәлелденген.
Бұдан басқа талап қоюшы жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт) ұсынбаған.
Осыған байланысты комиссия төтенше жағдай жарияланған кезде М.С. Абдрахмановтың атына меншіктік құқығы тіркелмеуіне байланысты № 1222 қағидаларының талаптарына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуден бас тарту туралы заңды шешім қабылдаған.
Бұл жағдайда, соттар талап қоюшының талабын заңды түрде негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды деп тапқан.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Мұндай жағдайда таап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қазанындағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Судьялар Айнақұлова Р.М.
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.