ВС РК - Постановление от 18.06.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3380 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 маусым 6001-24-00-6ап/3380 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Б.Т.Нәжмиденов, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілі М[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Я[...] атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мекемесінің (бұдан әрі – У[...]) жауапкер «Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлғалар Б[...] пен М[...] кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Шешімнің У[...] жауапкер Басқармаға 2024 жылғы 4 наурыздағы №24-БЕ-03 нұсқамасын заңсыз деп танып, күшін жою жөніндегі талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігінде Басқарманың 2024 жылғы 4 наурыздағы №24-БЕ-03 нұсқамасын заңсыз деп тану жөніндегі жаңа шешім қабылданған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлғалар Б[...] пен М[...] кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы У[...] өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда У[...] аға оқытушылары М[...] мен Б[...] 2020 – 2023 жылдар аралығындағы еңбек демалысына қосымша бір лауазымдық мөлшерде сауықтыру ақысының, біліктілікке байланысты қосымша ақының төленбеуі жайлы арыздары негізінде Басқарма тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысымен акт жасалып, 2024 жылғы 4 наурыздағы №24БЕ-03 және №24-БЕ-04 Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалары (бұдан әрі – Н[...]) шығарылған.

№24-БЕ-03 Н[...] бойынша – М[...] мен Б[...] 2020-2023 жылдар аралығындағы еңбек демалысының ақысына мекеменің бекіткен 2020 жылғы 21 ақпандағы «Еңбек ақы төлеу регламентінің» (бұдан әрі – Регламент) 10-бабына сәйкес бір лауазымдық жалақы мөлшерінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына сауықтыруға арналған жәрдемақыларын төлеуге;

  • №24-БЕ-04 Н[...] бойынша – Б[...] 300 922 теңге мөлшерінде жалақысы төлеуге және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 113-бабының 3-тармағына сәйкестендіру жүктелген.

У[...] келіспей, сотқа талап қоюмен жүгінген.

Дауланып отырған сот актісінің №24-БЕ-04 Н[...] қатысты бөлігіне кассациялық шағым берілмеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай №24БЕ-03 Н[...] байланысты шегінде қаралады.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюдың №24-БЕ-03 Н[...] байланысты бөлігінде қанағаттандырусыз қалдырғанда Регламенттің 19-бабына сай бір лауазымдық еңбеақы көлемінде сауықтыруға арналған материалдық көмек Қазақстан Республикасының «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес төленген.

Бірақ, Регламенттің 10-бабында қаралған - бір лауазымдық жалақы мөлшерінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына сауықтыруға арналған жәрдемақы М[...] мен Б[...] төленбеген деген қорытындыға келген.

Апелляциялық сатыдағы сотының №24-БЕ-03 Н[...] қатысты жасаған тұжырымдары негізді болып табылады.

Арыз берушілердің жұмыс істеген 2019-23ж.ж. аралығында оларға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезеңіне бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленіп тұрған. Бұл фактіні тараптар теріске шығарып отырған жоқ.

Регламенттің «Жалпы бөліміндегі» 10-бабына сай «У[...] қызметкерлеріне бір лауазымдық жалақы мөлшерінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді (Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізіндегі қызметкерлерге төленбейді)».

Регаламенттің «Демалыс беру бөліміндегі» 19-бабына сәйкес «Барлық жұмысшыларға жұмыс орны мен орташа еңбекақысының сақталуы арқылы жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы кепілдендіріледі және бір лауазымдық еңбекақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді». Осы бабта сол сияқты демалыс ұзақтығы мен оған қосымша күндер белгілеу мерзімдері көзделген.

Яғни, Регламенттің екі бабында да іс жүзінде еңбек демалысы кезеңіне бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу туралы қайталанып көрсетілген.

Жоғарыда аталғандай бұл жәрдемақы түрі Регламентке және Заңға сай арызданушыларға төленіп келген.

Сондықтан даулы Н[...] бұл жәрдемақыны қайталап төлеуге міндеттеу негізсіз болып табылады.

Апелляциялық саты сотының басқа негіздемелері сот актісінде көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғалар Б[...] пен М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Б. Нәжмиденов

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.