КСАД РК - Постановление от 24.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/1426 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 қыркүйек № 6003-25-00-4к/1426 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

талап қоюшылардың өкілі А.О.Алмабаев, жауапкердің өкілі А.М.Михаилованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Ажан Сіләмғали, Ақымет Тұрсын, Анарбек Мүтан, Қошұт Рақымет, Сағытай Ахат, Уали Төкен, Рашит Шақанның жауапкер «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне берген жасы бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар Ажан Сіләмғали, Ақымет Тұрсын, Анарбек Мүтан, Қошұт Рақымет, Сағытай Ахат, Уали Төкен, Рашит Шақан жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Абай облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің Ажан Сіләмғали, Ақымет Тұрсын, Анарбек Мүтан, Сағытай Ахат, Зәкер Қазез, Уали Төкен, Рашит Шақанға қатысты 2024 жылғы 7 маусымдағы және Қошұт Рақыметке қатысты 2024 жылғы 11 маусымдағы зейнетақы тағайындаудан бас тарту туралы шешімдері заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік – кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшылар Қытай Халық Республикасынан (бұдан әрі – ҚХР) Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келген қандастар болып табылады. 2024 жылдың сәуір айында талап қоюшылар тұрғылықты мекенжайлары бойынша яғни, Абай облысы Үржар және Ақсуат аудандарындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға құжаттарын тапсырған. Департаменттің 2024 жылғы 7 маусым және 2024 жылдың 11 маусымдағы шешімдеріне сәйкес талап қоюшыларға еңбек өтілі бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған. Бас тарту себебі ретінде ұсынған еңбек өтілі туралы құжаттары апостиль қою рәсімінен өтуі тиістігі көрсетілген.

Талап қоюшылардың шағымдары Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлуметтік қорғау комитетімен қанағаттандырусыз қалдырған.

Бұл бас тартумен келіспеген талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Кассациялық сатыдағы сот, Департаменттің талап қоюшыларға құжатты Қағидамен көзделмеген тәртіпте рәсімдеуді талап етуі заңсыз деген төменгі соттардың үәждерін дұрыс деп санайды.

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ «Әлеуметтік кодексінің» 208-бабының 1-тармағының 16-тармақшасына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады. Қандастарға зейнетақы тағайындау негіздері мен тәртібі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсызздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2023 жылдың 22 маусым №232 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында» (бұдан әрі – Қағида) реттеледі.

Заңның 13-бабының 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

Қағиданың №5 қосымшасының 8-тармағында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі және оларға қойылатын талаптар көрсетілген.

Қағиданың жоғарыда аталған тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына тарихи елінде тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу мемлекетіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

Ал Қағиданың 8-тармағында көзделгендей, шет тілінде жасалған құжаттарды ұсыну барысында нотариус «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 1-тармағы 9) тармақшасына, 80-бабына сәйкес құжаттың қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын куәландырады.

Заңда немесе Қағидада аталған құжатты «Құжаттарды заңдастыру қағидаларына» сәйкес заңдастыру қарастырылмаған және Қағидада «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ғана сілтеме жасалған.

Яғни Қағида нормаларының мазмұнына сай қандастардың еңбек қызметін растайтын шет тілінде жасалған құжаттары қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын нотариалдық куәландыруы жеткілікті болып табылады.

Қағида тізбесіндегі тиісті құжаттар талап қоюшылармен толығымен ұсынылған.

Сондықтан Департаменттің талап қоюшыларға құжатты Қағидамен көзделмеген тәртіпте рәсімдеуді талап етуі заңсыз болып табылады. ӘРПК-нің 14-бабымен әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынған.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә.Назарова

Судьялар

Г.Ыдырысова

М.Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.