Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/940 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 08 шілде № 6003-26-00-2к/940 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья С.Қ.Нұрабай, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.С.Алпысова,

талап қоюшының өкілі К[...], мүдделі тұлганың өкілі У[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші А[...] заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы азаматтық істі арыз берушінің Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Арыз беруші А[...] жоғарыда көрсетілген арызымен сотқа жүгінген. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Кассациялық шағымда арыз беруші соттардың дәлелдемелерге толық әрі объективті баға бермегенін, куәлардың айғақтарын ескермегенін, өзінің Желтоқсан оқиғасына қатысқаны анықталғанына қарамастан қатысушы ретінде заңдық маңызы бар фактіні анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды және арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот алқасы іс материалдарын, кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, төмендегідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 305-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот азаматтардың немесе ұйымдардың жеке немесе мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын заңдық маңызы бар фактілерді анықтайды. АПК-нің 72-бабына сәйкес әрбір тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысына сәйкес сот заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арызды тек мұндай факт заңдық салдар туындатқан немесе туындатуға қабілетті болған жағдайда ғана қанағаттандырады.

Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1 және 2-баптарының талаптарына сәйкес Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар заңда белгіленген тәртіппен ақтауға жатады. Іс материалдарынан анықталғандай, арыз берушінің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін мемлекеттік органдар тарапынан қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын, қамауға алынғанын, оқуынан немесе жұмысынан заңсыз шығарылғанын, не өзге де құқықтарын шектеуге байланысты саяси қудалау шаралары қолданылғанын растайтын ресми құжаттар ұсынылмаған.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, сондай-ақ мемлекеттік архивтің мәліметтері бойынша арыз берушіге қатысты мұндай деректер анықталмаған.

Арыз беруші ұсынған куәлардың айғақтары оның Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда болғанын ғана көрсетеді. Алайда, бұл айғақтар заңда көзделген саяси қуғын-сүргін шараларының өзіне қатысты қолданылғанын немесе оның құқықтарының мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз шектелгенін дәлелдемейді.

Сондай-ақ, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігіне мүшелік туралы куәлік, қоғамдық ұйым берген куәлік және фотосуреттер заңда көзделген құқықтық салдар туындататын ресми дәлелдемелер болып табылмайды және өздігінен заңдық маңызы бар фактіні анықтауға негіз бола алмайды.

Кассациялық шағымдағы соттардың арыз берушіні Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде ғана тануы қажет болғаны туралы уәждері де негізсіз.

Өйткені заңдық маңызы бар фактіні анықтау институтының мақсаты тарихи оқиғаға қатысу фактісін белгілеу емес, заңмен байланыстырылған құқықтық салдар туындататын фактілерді анықтау болып табылады.

Арыз беруші талап етіп отырған факт заңда көзделген құқықтардың туындауына негіз болатындай қажетті мән-жайлармен расталмаған.

АПК-нің 225-бабына сәйкес бірінші сатыдағы сот дәлелдемелердің барлығына құқықтық баға берген, ал апелляциялық саты соты олардың дұрыстығын тексеріп, негізді қорытынды жасаған.

Кассациялық сот алқасы бірінші және апелляциялық саты соттарының материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданғанын, АПК-нің 427 және 438-баптарында көзделген сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғатын елеулі заң бұзушылықтарға жол берілмегенін анықтады.

Кассациялық шағымның уәждері іс бойынша соттардың қорытындыларын теріске шығармайды және дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, ал бұл кассациялық саты сотының құзыретіне жатпайды.

Осыған байланысты кассациялық шағым қанағаттандыруға жатпайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: С.Қ.Нұрабай

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.С.Алпысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.