ВС РК - Постановление от 24.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2936 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 сәуір 6001-24-00-6ап/2936 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Даулет Акжайыкович Шалтеновтың жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісін даулау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

2022 жылғы 6 қарашада «Теміржол жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) қызметкері Д.А.Шалтеновпен болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісінің 6.2 - тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Басқармаға арнайы тексеру актісіне жұмыс берушінің кінә дәрежесі - 60%, қызметкердің кінә дәрежесі - 40% деп көрсете отырып, тиісті өзгерістер енгізуге міндеттелген.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, «жұмыс берушінің кінә дәрежесі - 100%, қызметкердің кінә дәрежесі - 0% деп» өзгеріс енгізуді сұраған.

Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Даудың мән-жайларына қарағанда Д.А.Шалтенов 2021 жылғы 13 тамызда «Теміржол жөндеу» ЖШС-не (бұдан – Серіктестік) маусымдық жұмысқа автокөлік жүргізушісі болып қабылданған. һ

Серіктестіктің бұйрығымен алюменотермиттік дәнекерлеу жобасының басталуына байланысты Д.А.Шалтенов 2022 жылғы 14 қазаннан бастап 14 желтоқсанға дейін Ақтөбедегі рельс дәнекерлеу кәсіпорны филиалына іссапарға жіберілген.

Осы іс-сапарға дәнекерлеу жұмысының бақылаушысы - Н.Мәлікұлы, дәнекерлеушілер Н.К.Нурсултанов, К.К.Куанышбаев, дәнекерлеушінің көмекшілері - К.С.Назаров, Е.К.Куанышбаев, тағы басқа мамандар жолданған.

2022 жылғы 6 қарашада 15 сағат 00 минут шамасында дәнекерлеу жұмыстары барысында балқытылған шлак құйылған ыдыс жарылып, Д.А.Шалтенов денсаулығына зақым алған.

Д.А.Шалтеновке «екі жақ бет, екі жақ көз аймағы, оң жақтағы самай, маңдай және білезік буыны аймақтарының химиялық күйігінің 2-3 дәрежесі, екі көздің мүйізді қабығының химиялық күйігінің 3-4 дәрежесі» диагнозы қойылып, алынған зақым ауыр дәрежедегі жарақат деп танылған.

Еңбек инспекциясының 2022 жылғы 16 қарашадағы № 190 бұйрығымен ауыр жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру үшін арнайы комиссия құрылған.

Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес, комиссия «жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты және жазатайым оқиға туралы акті ресімделіп, кінә дәрежесі: жұмыс беруші – 40%, жұмыскер – 60%» деген қорытындыға келген.

Д.А.Шалтеновтың шағымы Басқармамен қанағаттандырусыз қалдырылған.

Д.А.Шалтенов жазатайым оқиғаға өзінің кінәсі жоқ екендігін көрсетіп жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, кінә дәрежесі: жұмыс беруші – 40%, жұмыскер – 60%» деп өзгеріс енгізгенде талап қоюшы тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптары сақталмаған деп негіздеген.

Алайда соттардың бұл тұжырымдары істің мән-жайларына сай келмейді.

Д.А.Шалтеновтың ауыр дәрежедегі дене жарақатын еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғадан алғанын тараптар теріске шығармайды. Тараптардың арасындағы дау тек қана жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәлілік дәрежесі жайында туындаған.

Жазатайым оқиғаның орын алу себептерін зерделегенде мынадай мәнжайлар анықталған.

Д.А.Шалтеновтың түсініктемесіне ол шлак құйылған ыдыстарды өз бастамасымен оңға-солға тастап отырмаған, бұл жұмысты тапсырма бойынша жасаған.

Оның бұл көрсетуін теріске шығаратын дәлелдмелерді жауапкер мен Серіктестік сотқа тапсырмаған.

Куә ретінде сұралған жұмысшылардың істің тынымына мүдделі Серіктестікте жұмыс жасайтыны, яғни соңғыға тәуелді екенін ескеріп, соттардың ол жауаптарды дәлелдемелер ретінде қабылдамауы негізді болып табылады.

Бұл жағдайда дәнекерлеу жұмысымен тікелей айналыспайтын, бөгде адамдардың қауіпті учаскеге жіберілуіне жұмыс беруші мүлдем жол бермеу керектігі туралы және жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігіне ішкі бақылау болмаған деген соттардың тұжырымы да орынды болып табылады.

Бірақ осындай қорытындылар жасай тұра жергілікті соттар жазатайым оқиғаға Д.А.Шалтеновтың да кінәсі бар деген қарама-қайшы тұжырым жасаған. Керісінше, Басқарма мен соттар жұмыс берушінің кінәсі бар екендігін толық анықтаған, оны Серіктестік те даулап отырған жоқ. Серіктестік тек жазатайым оқиғаға Д.А.Шалтеновтың кінәлілік дәрежесі бар екендігін мәлімдеген.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабы 2 - тармағының 1), 10), 25) тармақшаларына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға; жұмыскерлерді жабдықпен, аспаптармен, техникалық құжаттамамен және еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға міндетті болып табылады.

2022 жылғы 13 тамыздағы еңбек шартының 24-тармағында жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру міндеті көзделген.

Дәнекерлеу жұмыстарында жарылу мүмкіндігі, яғни айналасындардың өмірі мен денсаулықтарына зиян келтіру қаупі бар құрал-саймандарды транспортқа тиеу, тасымалдау, транспорттан түсіру, пайдалану кезінде ол жұмыстарға арнайы рұқсаты бар жұмысшылар тартылуы керек. Бұл жұмыстар ерекше бақылауға алынып, қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуға, бөгде адамдарды ондай жұмысқа тартуға тиым салыну тиіс. Серіктестік болса дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында жұмысшылардың өмірі мен денсаулықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Сол себепті жазатайым оқиғаға жұмыс беруші ғана кінәлі болып танылуы тиіс. Ал, Басқарманың жұмысшы Д.А.Шалтеновтың тарапынан өрескел абайсыздық орын алған деген қорытындысы істің мән-жайларына объективті баға берілмей, болжамдарға ғана негізделген.

Істің бұл тұрғысында Д.А.Шалтеновтың талабы толық көлемде қанағаттандырылуға жатады. Сот алқасының бұл шешімі ӘРПК-нің 7 және 8- бабтарымен көзделген заңдылық, әділдік пен ақылға қонымды қағидаттарына сай келеді.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне арнайы тексеру актісіндегі жұмыс берушінің кінә дәрежесі - 60%, қызметкердің кінә дәрежесі - 40% деп көрсеткен бөлігі, жұмыс берушінің кінә дәрежесі - 100%, қызметкердің кінә дәрежесі - 0% деп өзгертілсін.

Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшы Даулет Акжайыкович Шалтеновтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев С. Баймаханов

Көшірмесі дұрыс

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.