Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/839 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 23 сәуір №6003-26-00-2к/839 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова,

Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А[...] және жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «СЛ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VІІІ ЗРК заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасын, 8-бабының 4-тармағының 1)-тармақшасын, 11-бабын, 14-бабының 1 және 2-тармақтарын және «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Басқармамен бірыңғай ұйымдастырушы ретінде 2025 жылғы 5 маусымда «Ақтөбе қаласы Алматы ауданы аумағында апатты үйлерді бұзу» ашық конкурс тәсілімен жалпы сомасы 264 695 321 теңгеге мемлекеттік сатып алу жарияланған, тапсырыс беруші - «Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.

Конкурстық біліктілік талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім беруші ВС категориясынан төмен емес жүргізушілер, слесарь механик, тракторшы-машинист, автомобиль кранының машинисі, учаске бастығы және жұмысшылар талап етілген материалдық ресурстарымен қамтылуы тиіс.

Ашық конкурсқа Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде өтінім тапсырып, өтініміндегі №11 қосымшасында материалдық ресурс болып табылатын 4 тұлғаға қатысты тракторшы-машинист біліктілігін растайтын куәлік көшірмелерін ұсынған.

2025 жылғы 16 маусымдағы қорытындылар хаттамасына сәйкес «Ф[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз, екінші орын алған әлеуетті өнім беруші «Е2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып танылған.

Алайда, қорытынды хаттамаға әлеуетті өнім берушілер шағым жолдап, ол шағымдар ішінара қанағаттандырылып, конкурс қайта қаралды.

2025 жылғы 24 маусымдағы қорытынды хаттамасына сәйкес, конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты конкурс өтпеген деп танылған. «ZG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 18 тамыздағы шағымында Серіктестікпен тіркелген тракторшы-машинист біліктілігін растайтын куәліктері шындыққа жанаспайтыны туралы көрсетілген.

Аталған шағым негізінде 2025 жылғы 19 тамызда Басқармамен «Шымкент қаласының ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесіне сұраныс хат жолданып, сонғының 2025 жылғы 27 тамыздағы №880 жауап хатында жоғарыда көрсетіліп кеткен тракторшымашинисттерге куәліктер берілмегені хабарланған.

Бірінші сатыдағы сот Басқарманың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін Серіктестік конкурсқа ұсынылған тракторшымашинистердің куәліктерін өз бетінше тексере алмайды, ұсынған құжаттар конкурстық ұсынысқа әсер етпеген, өйткені ол жеңімпаз болып танылмаған және де конкурс өтпеген деп танылған, Басқармаға қандай да бір теріс әсерлерге әкеп соқпаған деп қате тұжырымдаған.

Серіктестіктің конкурстық құжаттамаға ұсынған құжаттардың заңдылығын тексеруге мүмкіншілігі болған және ол тексеруге тиісті, тапсырылған ақпараттың шынайлылығына Серіктестік жауапты болады, ол конкурстық өтінімге конкурсқа қатысу туралы келісімді (конкурстық құжаттамаға 2-қосымша) ұсынған, онда конкурсқа қатысуға өтінімде және оған қоса берілген құжаттарда анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатыны бекітілген.

Сонымен қатар, Басқармамен талап қою мерзімі сақталған, Серіктестіктің жеңімпаз болып танылмауы және конкурстың өтпеген деп танылуы оны Заңмен көзделген жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды, Нормативтік қаулының 9-тармағымен Заңның 11-бабының 1- тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталған кезде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылатыны бекітілген.

Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелденгенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күші жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкер «СЛ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.