ВС РК - Постановление от 07.02.2022 по делу 6001-21-00-3Г/7696 (Гражданское)

6001-21-00-3Г/7696

2022 жылғы 7 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.Қ.Ескендіров, талап қоюшы А[...] жауапкерлер «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әріКорпорация), «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) мүлікті кепілден босату туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы талап қоюшы А[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А[...] сотқа жоғарыда аталған талаппен жүгініп, онда Серіктестіктен алған 3 455 267 теңге несиесін толық өтегендіктен 2015 жылғы 6 қазандағы № 02-ЮД-2015 үш жақты шартқа сәйкес Қызылорда қаласы, [...] мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлікті (бұдан әрі - даулы мүлік) кепілге қойылған мүлікті босатуды сұраған.

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Өтінішхат уәждері келесі мән-жайлармен негізделген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 377-бабының 1-тармағында таратылған заңдытұлғаның мiндеттемесiн орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келуi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, мiндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие берушi) таратылғанда тоқтатылады деп көрсетілген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 24 ақпандағы шешімімен талап қоюшы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талап қою арызы қанағаттандырылып, Серіктестік мәжбүрлеп таратылған.

АПК-нің 277-бабының 8) тармағына сәйкес iс бойынша тарап ретiнде әрекет ететін ұйым қызметi тоқтатылуына және құқық мирасқорларының болмауына байланысты таратылса, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Арыз берушінің пікірі бойынша Серіктестіктің өкілеттілігі, заңды күшіне енген соттың шешімімен тоқтатылғандықтан, аталған азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуы қажет.

Алайда, Қызылорда облысының жергілікті соттары өкілеттігі жоқ тұлғаға байланысты дауды қарап заңсыз шешім қабылдаған деп санайды.

АК-нің 322-бабы 1-бөлігінің 1-тармағында кепіл кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер тоқтатылғанда тоқтатылатыны қарастырылған.

Аталған заң талаптарына сәйкес талап қоюшы Серіктестіктен алған қарызын толық өтегендіктен кепіл ұстаушының алдындағы міндеттемелері тоқтатылған деп санайды.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2014 жылғы 25 ақпанда, 2018 жылғы 29 мамырда және 18 маусымда жасалған несие шарттары негізінде Серіктестік А[...] жалпы 3 455 267 теңге несие берген.

2015 жылғы 6 қазанда тараптардың арасында жасалған № 02/ЮД-2015 үш жақты кепіл шарты негізінде Серіктестіктің Корпорациядан алған 10 500 000 теңге несиесін қамтамасыз ету үшін А[...] меншігіндегі даулы мүлік кепілге берілген.

Корпорация мемлекеттік бағдарлама аясында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытын жүзеге асыру үшін, ал Серіктестік одан алған несиені аумақтағы кәсіпкерлікті дамыту үшін одан әрі жеке тұлғаларды несиелендіретін, содан табыс табатын үйлестіруші заңды тұлға ретінде құрылған.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты - аумақтағы кәсіпкерлікті дамыту.

Серіктестік Корпорациядан алған 10 500 000 теңге несиені одан әрі несиелендіру үшін үшінші тұлға А[...] 3 455 267 теңге несие берген.

Бүгінгі таңда, А[...] несие шарттары бойынша міндеттемелері тиісінше орындалып, алынған қаржылар Серіктестікке толықтай қайтарылған. Бұл жөнінде 2021 жылғы 11 наурызда тараптардың арасында салыстыру актісі жасалып, 2021 жылғы 13 наурызда Серіктестікпен А[...] қарызы жоқ екендігі туралы анықтама берілген.

Қарастырылып отырған жағдайда, А[...] кепіл шартымен қамтамасыз етілген өзінің міндеттемелерін толық орындаған, сәйкесінше оның өзіне тиесілі емес бөлікте берілген несиелерге жауап беруі қисынсыз және мемлекеттік бағдарламаның түпкі мақсатына қайшы келеді.

АК-нің 158-бабының 1-тармағында мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан

Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін екендігі көзделген.

Жоғарыда көрсетілген дәлелдемелерді біржақты бағалау белгілері, яғни АПК-нің 15-бабында көзделген азаматтық сот ісін жүргізудегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы, сондай-ақ АПК-нің 68-бабымен белгіленген дәлелдемелерді бағалау қағидаларының бұзылуы, өтінішхатта келітірлігне уәждермен жиынтығында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын дәлелдемелердің толық, жан жақты зерделенбегеніне сілтейді және дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын негіздердің бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысына талап қоюшы А[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья А.Ескендіров

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.