ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 тамыз №6003-25-00-4к/1525 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
мүдделі тұлға С.Б. Кичуковтың, оның өкілі Р.В.Артамоновтың, аудармашы Р.Т. Шайхының қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Анар Амировна Бекболатованың жауапкерлер Түркістан облысы Сайрам ауданының әкіміне, Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Корпорация) жер учаскесін беру әрекетін заңсыз деп тану, 2025 жылғы 12 қыркүйектегі № 1369 қаулыны ішінара заңсыз деп танып, күшін жою, қолайлы әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІЖСА) 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға С.Б. Кичуковтың берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы көрсетілген әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгініп, дауланып отырған қаулы негізінде В.А. Татарниковаға берілген жер учаскесінің бір бөлігі өзіне тиесілі екенін, меншік құқығы заңда белгіленген тәртіппен тіркелгенімен негіздеген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2023 жылғы 11 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
ӘІЖСА-ның 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен МАӘС-тің 2023 жылғы 11 қазандағы шешімі өзгертілген. Жер учаскесін беру жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану, әкімінің 2005 жылғы 12 қыркүйектегі № 1369 қаулысын заңсыз деп тану және оны жою бөлігінде шешімнің күші жойылып, осы бөлігінде талап қою қанағаттандырылған.
Сайрам ауданы әкімінің В.А. Татарниковаға 0,05 гектар көлемінде № 56 жер учаскесін беру жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылды.
В.А. Татарниковаға жер учаскесін жеке меншік құқығымен беру туралы Сайрам ауданы әкімінің 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №1369 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсете отырып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын жоюды сұраған. Түркістан облысы «Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімі) өкілі атынан істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтініш келіп түсті.
Бірінші және апелляциялық саты соттарына қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісінше хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді, келмеу себептерін сотқа мәлімдеген жоқ.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот осындай бұзушылықтарға жол берген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауыл округі, «Жазира» бағбандық серіктестігіндегі №50 жер учаскесіне құықтары Шымкент облыстық советі атқару комитетінің 1987 жылғы №26 мамырдағы №248 шешімі мен 1994 жылғы 3 тамыздағы №585 мемлекеттік акті негізінде А.А.Бекболатоваға берілген.
Көрсетілген жер учаскесіне кадастрлық нөмірі 19-295-155-079 берілген. Жер учаскесіне А.А. Бекболатованың құқықтары 2007 жылғы 24 шілдеде тіркелген.
Корпорация мен Ордабасы және Сайрам аудандарының жер қатынастары бөлімдері ұсынған мәліметтерден, кадастрлық №19-295-155-079 жер учаскесі бойынша жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмегені, жер учаскесін жергілікті жерде белгілеу жүзеге асырылмағаны, оған қатысты жер-кадастрлық іс жоқ екендігі анықталады.
Дауланып отырған 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №1369 қаулымен В.А.Татарниковаға жалпы алаңы 1008,0 шаршы метр болатын, Сайрам ауданы, Шұбарсу ауылында орналасқан «Жазира» бағбандық серіктестігіндегі жер учаскесі бағбаншылық пен саяжай құрылысы үшін жеке меншікке берілген.
Осы құқық В.А.Татарникованың атына 2009 жылғы 19 қаңтарда тіркелген. Аталған жер учаскесіне 19-295-156-1458 кадастрлық нөмірі беріліп, мекенжайы ретінде Шұбарсу ауылы, «Жазира» саяжай алабы, 34/56 учаске деп бекітіліп, сондай-ақ №2951561458 мемлекеттік акт берілген.
2009 жылғы 5 қазандағы №4163 сатып алу-сату шартына сәйкес, В.А.Татарникова С.Б.Кичуковқа Сайрам ауданы, Шұбарсу ауылы, «Жазира» саяжай алабы, 34/56 учаскесінде орналасқан кадастрлық нөмірі 19-295-1561458 жер учаскесі мен тұрғын үйді (35,9 ш.м.), гаражды (18,3 ш.м.), моншаны (9,6 ш.м.) 1 800 000 теңгеге сатқан.
Аталған жер учаскесіне, Сайрам және Ордабасы аудандарының шекараларының өзгеруіне байланысты, жаңа 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі берілген.
С.Б.Кичуковқа Ордабасы ауданы, Шұбарсу кенті, «Жазира» саяжай алабы, №34/56 учаскесі бойынша орналасқан 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесіне жаңа №293180036 мемлекеттік акт берілген.
С.Б.Кичуковтың атына жер учаскесіне, тұрғын үйге және құрылыстарға меншік құқығы 2009 жылғы 5 қазанда тіркелген.
Кадастрлық нөмірі 19-295-156-1458 (қазіргі 19-293-180-036) жер учаскесіне қатысты жер-кадастрлық іс материалдарынан келесі мән-жайлар анықталады:
жерге орналастыру инженері жерге орналастыру жұмыстарын жүргізген,
жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамалары кадастрға енгізілген,
жер учаскесінің жергілікті жердегі сызбалық жоспары бар және ол Сайрам ауданының жер қатынастары бөлімімен келісілген,
В.А.Татарникова серіктестіктің мүшесі екендігі және оған 19-295-1561458 кадастрлық нөмірі бар 34/56 жер учаскесі тиесілі екендігі көрсетілген «Жазира» бағбандық серіктестігінің төрағасы қол қойған анықтамалар бар, - В.А.Татарникова «Жазира» бағбандық серіктестігінде мүше екендігі туралы 1996 жылғы 15 наурызда берілген мүшелік кітапшасы бар,
34/56 жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт пен жоспары бар,
осы жер учаскесіне белгілеулер бар,
жер учаскесінде тұрғын үй (қабырғалары кірпіштен, іргетасы бетоннан, шатыры шиферден, 1989 жылы салынған), гараж (қабырғалары газоблоктан, іргетасы бетоннан, шатыры шиферден, 1990 жылы салынған), монша (қабырғалары газоблоктан, іргетасы бетоннан, шатыры шиферден, 1990 жылы салынған) орналасқан,
тұрғын үйді пайдалануға қабылдау туралы қабылдау комиссиясының актісі бар,
шекаралары мен көршілес учаскелермен шектесуі (А-Б, Б-В, В-Г, Г-Д нүктелерінен) көрсетілген, көршілес учаске иелерінің тегі мен қолдары көрсетілген жер учаскесінің жоспары бар. Бұл жоспар ауылдық округтің әкімі мен В.А.Татарникованың қолымен бекітілген,
С.Б.Кичуковпен жүргізген жерге орналастыру жұмыстары көрсетілген 2009 жылғы 22 қазандағы №36488 тіркеу карточкасы бар (Ордабасы аудандық жер-кадастрлық филиалы).
МАӘС-тің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі және ӘІжСА-ның 2024 жылғы 22 ақпандағы ұйғарымдарының негізінде Корпорация мамандары іске тартылып, 19-295-155-079 және 19-293-180-036 кадастрлық нөмірлері бар жер учаскелерінің нақты орналасуын, олардың шынайы координаттарын айқындау, сондай-ақ олардың арасында қабаттасу (сәйкес келу) бар-жоғын анықтау мәселелері қойылды.
2023 жылғы 27 шілдеде Корпорация мамандары жүргізген зерттеу актісіне сәйкес, 19-295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің орналасқан жерін анықтау және көрсету мүмкін емес, себебі оған қатысты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмеген. Жер иесінің айтуынша, 19295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің аумағында С.Б.Кичуковқа тиесілі 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің бір бөлігі орналасқан.
2024 жылғы 4 наурызда корпорация мамандары жүргізген зерттеу актісіне сәйкес келесі мән-жайлар анықталды:
19-295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің орналасқан жерін анықтау және көрсету мүмкін емес, себебі оған қатысты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмеген,
жер иесінің айтуынша, 19-295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің аумағында С.Б.Кичуковқа тиесілі 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің бір бөлігі орналасқан,
С.Б.Кичуковқа тиесілі 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесі дұрыс орналасқан және жер-кадастрлық іс материалдарына сәйкес келеді.
Бірінші сатыдағы сот дауды шешу барысында және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, келесі тұжырымдарға келген:
19-295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмеген,
19-295-155-079 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесінің орналасқан жері туралы сәйкестендіру деректері жоқ, оның шекаралары айқындалмаған,
Шымкент облыстық советі атқару комитетінің 1987 жылғы №26 мамырдағы №248 шешімінде нақты кімге және қандай жер учаскесі берілетіні, қандай құқық берілетіні, мақсатты пайдаланылуы көрсетілмеген, - 1994 жылғы 3 тамызда А.А.Бекболатоваға берілген жерге өмір бойы мұрагерлікпен иелену құқығына №585 мемлекеттік акт тек құқықты куәландыратын құжат болып табылады және құқық белгілейтін құжаттарға жатпайды,
19-295-155-079 және 19-293-180-036 кадастрлық нөмірлері бар жер учаскелерінің қабаттасқаны (сәйкес келгені) туралы дәлелдер мен деректер ұсынылмаған және жоқ,
С.Б.Кичуковқа тиесілі 19-293-180-036 кадастрлық нөмірі бар жер учаскесі дұрыс орналасқан және жер-кадастрлық іс материалдарына сәйкес келеді,
талап қоюшының талаптары іс материалдарымен расталмаған және жер учаскесінің орналасуы тек оның сөзінен ғана көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы соты бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, талапты қанағаттандыра отырып, келесі мән-жайларға сілтеме жасады:
соттың көшпелі отырысы барысында А.А.Бекболатова өз жер учаскесін танып, оның С.Б.Кичуковқа тиесілі жер учаскесінің аумағында орналасқанын көрсеткен,
соттың көшпелі отырысында сұралған куәгер С.С.Исаева бұрын А.А.Бекболатовамен бір мекемеде бірге жұмыс істегенін, 2000 жылға дейін ол бағбандық айналысқанын, уақытша тұрғын үйге іргетас құйғанын түсіндірді,
А.А.Бекболатова «Жазира» бағбандық серіктестігіне жол салу мен электр тарту үшін 1991, 1995 жылдары төленген жарналарға қатысты түбіртектерді ұсынды,
А.А.Бекболатоваға қатысты сенім құқығын қорғау қағидаты қолданылды (ӘРПК-нің 13-бабы).
Қазақстан Республикасының Жер кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабы 10-тармағына сәйкес, егер облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Кодекстің 157, 158-баптарына сай, мемлекеттiк жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен арақатынаста болады. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзуді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, Мемлекеттік корпорация және лауазымды адамдар жер-кадастрлық құжаттамаға енгiзiлетiн мәлiметтердiң анықтығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Кассациялық сот іс материалдарын және мән-жайларын зерттеп, сот отырысына қатысушыларды тыңдай келе, келесі қорытындыларға келеді.
Анықталған мән-жайлардан талап қоюшы А.А.Бекболатова «Шұбарсу» алабындағы «Жазира» бағбандық серіктестігінің №50 жер учаскесінің (кадастрлық нөмірі 19-295-155-079) меншік иесі екені көрінеді. Көрсетілген құқық 2007 жылғы 24 шілдеде тіркелген және қазіргі уақытқа дейін тоқтатылмаған.
Өз кезегінде, В.А.Татарниковаға дауланып отырған аудан әкімінің 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №1369 қаулысының негізінде жер учаскесі (кадастрлық нөмірі 19-295-156-1458) тиесілі болған, ол кейіннен С.Б.Кичуковқа сатылып, оған 19-293-180-036 жаңа кадастрлық нөмірі берілген. Көрсетілген тұлғалардың меншік құқығы да заңда белгіленген тәртіппен тіркелген. Өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінген талап қоюшы, өзіне тиесілі жер учаскесі В.А.Татарниковаға берілген жер учаскесінің (бұрынғы кадастрлық нөмірі – 19-295-156-1458, қазіргі – 19-293-180-036) бір бөлігімен сәйкес келіп, қабаттасатынын көрсеткен. Осыған байланысты ол В.А.Татарниковаға жер учаскесін беру туралы жергілікті атқарушы органның әрекеттері мен қаулысын даулаған, себебі меншік құқығы оған бұған дейін берілген. Алайда сотта талап қоюшы келтірген уәждер объективті түрде расталған жоқ, талаптарының негізділігін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмады. Кадастрлық нөмірлері 19-295-155-079 және 19-293-180-036 жер учаскелерінің қабаттасуы (сәйкес келуі) туралы дәлелдер мен деректер талап қоюшы тарапынан ұсынылмаған. Бірінші сатыдағы соттың талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі қорытындысы дұрыс деп танылады, кассациялық сот бұл шешіммен келіседі.
Жоғарыда аталғандай, А.А.Бекболатоваға жер учаскесі берілгеннен кейін оған қатысты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмеген, 19-295155-079 кадастрлық нөмірлі жер учаскесінің орналасқан жері жөніндегі сәйкестендіру деректері жоқ, оның шекаралары айқындалмаған.
1987 жылғы 26 мамырдағы №248 шешімде жер учаскесінің орналасқан жері туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген, сондай-ақ мемлекеттік актіде де мұндай деректер жоқ. А.А.Бекболатоваға тиесілі жер учаскесіне қатысты жер-кадастрлық іс жүргізілмеген.
Осыған байланысты 19-295-155-079 және 19-293-180-036 кадастрлық нөмірлері бар жер учаскелерінің қабаттасуын не болмаса сәйкес келуін анықтау және дәлелдеу мүмкін емес, өйткені А.А.Бекболатоваға тиесілі жер учаскесінің шекаралары жергілікті жерде айқындалмаған.
Бұл ретте В.А.Татарниковаға тиесілі болып, кейіннен С.Б.Кичуковқа сатылған жер учаскесі дұрыс орналасқан және жер кадастрлық іс материалдарына сәйкес келеді. 19-295-156-1458 (қазіргі 19-293-180-036) кадастрлық нөмірлі жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілген; тиісті жер-кадастрлық ісі бар; оның сәйкестендіру сипаттамалары кадастрға енгізілген; жер учаскесінің жергілікті жерде сызбалық сызбасы, осы жер учаскесінің жоспары мен экспликациясы, сондай-ақ іргелес жер учаскелері мен олардың меншік иелері көрсетілген құжаттар бар, олар Жер қатынастары бөлімімен және ауылдық округ әкімімен келісілген.
Қазіргі уақытта В.А.Татарниковаға (қазіргі С.Б.Кичуковқа) тиесілі жер учаскесінде тұрғын үй, гараж және монша орналасқан, оларға қатысты тиісті құқық белгілейтін құжаттар және мемлекеттік тіркеу бар.
Төменгі тұрған соттар тартқан мамандардың және көшпелі сот отырыстарының нәтижелері көрсеткендей, 19-295-155-079 кадастрлық нөмірлі жер учаскесінің орналасқан жерін және нақты орналасуын анықтау мүмкін болмаған, өйткені оған жерге орналастыру жұмыстары жүргізілмеген, оның координаттары белгісіз.
Корпорация маманы 2023 жылғы 27 шілдедегі және 2024 жылғы 4 наурыздағы актілерінде 19-295-155-079 кадастрлық нөмірлі жер учаскесінің болжамды орналасқан жерін меншік иесі көрсеткенін, алайда оның нақты орналасқан жері сәйкестендіру өлшемдері бойынша анықталмағанын көрсетті.
Апелляциялық сатыдағы сот заңсыз түрде бірінші сатыдағы соттың шешімін бұза отырып, жоғарыда көрсетілген мән-жайларды жоққа шығарған жоқ, бұл бөліктегі тиісті тұжырымдар қаулыда кқрсетілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот куә С.С.Исаеваның түсініктемелеріне және талап қоюшының көшпелі сот отырысы барысында өз жер учаскесін танығанына сілтеме жасауы негізсіз, оларды жол берілетін дәлелдемелер деп тануға болмайды, өйткені АПК-нің 65-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес. Қаралып отырған жағдайда көрсетілген ауызша түсініктемелер жер учаскелерінің қабаттасуын растауға не жоққа шығаруға, сондай-ақ олардың нақты шекараларын айқындауға негіз бола алмайды. А.А.Бекболатоваға (қазіргі кезде талап қоюшының жасы 70-те) жер учаскесі берілген және тіркелген кезден бастап 30 (отыз) жылдан астам уақыт өтті, осы кезең ішінде талап қоюшы жер учаскесінің тағдырына қызығушылық танытпаған, аталған аумақта инфрақұрылым елеулі түрде өзгерген.
1991, 1995 жылдардағы жол құрылысы мен электр қуатын жүргізуге төленген жарналарға қатысты ұсынылған түбіртектер даудың мәніне де, осы істің шеңберінде анықталуға тиіс мән-жайларға да ешқандай қатысы жоқ. А.А.Бекболатоваға қатысты сенім құқығын қорғау қағидатын қолдану дұрыс емес, өйткені мұндай құқықтың бұзылуы сот отырысында расталмаған. А.А.Бекболатова мен В.А.Татарникованың жер учаскелерінің қабаттасу (сәйкес келу) фактісі анықталмаған, әкімшілік органның әрекеттерінің заңсыздығы да өз дәлелдемесін таппады.
Мүдделі тұлға келтірген уәждер назар аударуға тұрарлық, себебі бірінші сатыдағы сот істі қарай отырып және талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының талаптарының дәлелденбегеніне дұрыс назар аударған.
Қалыптасқан жағдайда мүдделі тұлғаның құқықтық ұстанымы заңдылық және әділеттілік қағидаттарына сәйкес келеді, оның тарапынан теріс пиғылды мінез-құлқының белгілері жоқ. Жауапкерді қолайлы актіні қабылдауға міндеттеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту бөлігіндегі сот актілері тараптармен дауланбайды, кассациялық шағымда бұл бөлікке қатысты уәждер келтірілмеген, тиісінше, кассациялық сот істі қойылған шектерде қарайды.
Осылайша, кассациялық сот апелляциялық саты сотының қаулысын жою және бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыру туралы қорытындыға келеді. Апелляциялық сатыдағы соты материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзған, оның тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасына басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының
2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға С.Б. Кичуковтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Судьялар
Д. Әбдіғалиев
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.