ВС РК - Постановление от 03.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2803 (Административное)

6001-24-00-6ап/2803

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 3 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкер өкілі М.А.Джургенбаеваның қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Сапақ» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - ӨК, Кооператив) жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы 2024 жылғы 22 қаңтардағы шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысына жауапкер келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Басқарманың «Сапақ» ӨК-ті қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы 2024 жылғы 22 қаңтардағы шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Онымен бірге анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының атына жеке ұйғарым қабылданған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы мен мүдделі тұлғалардың кассациялық сатының сот отырысына келмеулері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, процеске қатысушының түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда, өндірістік кооперативтің қатысушылар құрамына қатысты өзгерістер Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 9 қазандағы шешімімен және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен енгізілген.

Бұл сот актілері Кооперативтің қатысушылар құрамындағы өзгерістерді жарамсыз деп тану және мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы шешімдерді қамтиды. Аталған сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2024 жылғы 22 қаңтарда №124 бұйрық қабылдаған. Бұл бұйрықта «Сапақ» ӨК-нің қатысушылар құрамындағы өзгерістерге байланысты хабарламалардың жарамсыздығы тіркеліп, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтер бизнессәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізіліміне енгізілсін деп бұйырылған. 2024 жылғы 22 қаңтарда Басқармамен «Сапақ» ӨК қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім қабылданып, өндірістік кооператив 2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап тіркеу есебінен шығарылған.

Талап қоюшы сотқа шағым түсіріп, даулы шешімді заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Негіз ретінде заңды тұлғаның қайта тіркеуден өтпегендігін алға тартқан.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімді өндірістік кооперативтің қатысушылар құрамындағы өзгерістер заңнама талаптарына сәйкес заңды тұлғаны қайта тіркеу міндетін жүктемейтіндігінен орай қабылдаған.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексінің 85-бабының 4- тармағының 5) тармақшасына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде заңды тұлғаның қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған жағдайда, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органының шешімі негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен салық төлеушіні хабарламасыз шығару жүзеге асырылады.

Сот актілерінде өндірістік кооперативтің қатысушылар құрамына қатысты өзгерістер анықталғанымен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 42-бабының 6-тармағына сәйкес, заңды тұлғаның қайта тіркеуі жарғылық капиталы азайған кезде, атауы өзгергенде, немесе шаруашылық серіктестік қатысушылар құрамында өзгерістер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Өндірістік кооператив шаруашылық серіктестік болып табылмайды, оның қызметі «Өндірістік кооператив туралы» заңмен және АК-тің 96-101 баптарымен реттеледі.

Заңнамаға сәйкес, өндірістік кооператив қатысушылар құрамындағы өзгерістерге байланысты қайта тіркеу міндеті жүктелмеген.

Сондықтан, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу талап етілмейді.

Өз кезегінде тіркеуші органның бұйрығы негізінде өндірістік кооперативтің қатысушылары құрамындағы өзгерістерге байланысты хабарламалар жарамсыз деп танылып тіркелген.

Осыған сәйкес, заңды тұлға қайта тіркеуден өтпеген, өйткені заңнама талаптары бойынша өндірістік кооператив қатысушылар құрамының өзгеруі қайта тіркеу міндетін жүктемейді.

Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайларды ескере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі. Себебі өндірістік кооперативтің қатысушылар құрамындағы өзгерістер заңды тұлғаны қайта тіркеуге міндетті етпейді.

Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына сүйене отырып шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан объективті және дұрыс баға берілген.

Сот алқасы шағымдалып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негізделген дәлелді себептер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.