ВС РК - Определение от 01.02.2022 по делу 6001-21-00-3гп/318 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/318

Ұ Й Ғ А Р Ы М

2022 жылғы 1 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – судья Н.Қ.Сұлтанов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.О. Сисенова, прокурор Д[...],

«Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорының өкілі

Н[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен 2021 жылғы 10 тамызда қаралған талап қоюшы «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме) жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорынан (бұдан әрі - Қоғамдық қор) мемлекет кірісіне ақшалай соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша

Қоғамдық қор өкілінің қосымша қаулы шығару туралы арызын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен Мекеменің талап қою арызы қанағаттандырылып, Қоғамдық қордан мемлекет кірісіне 160 000 000 теңге ақшалай сома, 4 800 000 теңге сот шығыстары өндірілген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – кассациялық сот алқасы) 2021 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен жергілікті соттардың жоғарыда аталған сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сот алқасына басқа құрамда қайта қарау үшін жолданып, Қоғамдық қордың өтінішхаты ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкердің өкілі Н[...] кассациялық сот алқасы іс бойынша қаулы қабылдау барысында Қоғамдық қор өтінішхатын толық көлемінде, соның ішінде бажды төлеу бойынша 2 472 000 теңге мөлшеріндегі шығыстарды өндіруді талап еткеніне қарамастан, мемлекеттік бажды төлеу шығыстары туралы мәселені шешпегенін көрсетіп, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 236-бабының негізінде кассациялық сот алқасына қосымша қаулы шығару жөніндегі арызымен жүгінген. Талапкер өкілі сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған, алайда қосымша қаулыны шығару туралы арыздың сот отырысындағы қаралуына белгісіз себептермен қатыспады. АПК-нің 236бабының 2-бөлігіне сәйкес аталған жағдай арызды қарауға кедергі болмайтынын ескеріп, кассациялық сот алқасы жауапкердің арызын Мекеме өкілінің қатысуынсыз қарады. Қоғамдық қор өкілінің қосымша қаулы қабылдау жөніндегі арызын қанағаттандыру туралы түсінігін, прокурордың арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, азаматтық іс құжаттарын, жауапкердің арызын және оған тіркелген құжаттарды зерделеп келесі шешімге келеді.

АПК-нің 452-бабының 2-бөлігі бойынша кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстің 236-бабында көзделген жағдайда және тәртіппен қосымша қаулы шығарады.

Аталған Кодекстің 236-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасына сай іс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша, егер сот шығыстары туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.

Алайда, АПК-нің 236-бабының мағынасы мен мазмұнынан қосымша шешім азаматтық іс бойынша тек мәні бойынша шешім қабылданғаннан кейін шығарылатыны көзделген.

Сондай-ақ осындай норма АПК-нің 109-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, атап айтқанда өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Ал АПК-нің 223-бабы 1-бөлігінің талаптары бойынша істi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі шешiм нысанында шығарылады.

Кассациялық сот алқасы осы азаматтық іспен мәні бойынша шешім қабылдамай істі апелляциялық сот алқасының қайта қарауына жолдағандықтан, жауапкер өкілінің қосымша қаулы шығару туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Сот шығыстары туралы мәселелерді шешу істің мәні бойынша шешім қабылдаған соттың құзыретіне жатады.

Жоғарыдағылардың негізінде, АПК-нің 236-бабының 3-бөлігін, 452бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, кассациялық сот алқа

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:

Талап қоюшы «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорынан мемлекет кірісіне ақшалай соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қоры өкілінің қосымша қаулы шығару туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Сұлтанов Судьялар Ғ. Мырзаке Н. Сисенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.