ҚАУЛЫ
2025 жылғы 11 ақпан 6001-24-00-6ап/2604 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Молдахановтың,
жауапкер «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) өкілі А.Қ.Азимбеттің, мүдделі тұлғалар:
«RoyalCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі Ф.А.Түзеловтың,
«Қабылан эксперт» ЖШС-нің өкілі Н.Р.Егизекованың қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Амаль» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), Басқармаға Департаменттің 2024 жылғы 23 сәуірдегі №№611010000-4-6-282004-V2, 611010000-4-6-281979-V2, 611010000-4-6-281980-V2, 611010000-4-6-281980-V2 анықталған бұзушылықтарды жою жайлы хабарламаларының күшін жою, Басқарманың 2024 жылғы 26 сәуірдегі №12230956, 2024 жылғы 10 мамырдағы №№12329342, 12340901, 12339291 қорытынды хаттамаларының күшін жою, «Төлеби ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі және «Royal Company» ЖШС-нің арасындағы №060240010222/240021/00 мемлекеттік сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану, №№10907784-2, 11261493-2, 11494487-1, 11541479-1 мемлекеттік сатып алулары бойынша техникалық ерекшелікке қосымша құжаттарын ұсынбаған әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа өткізуден бас тарта отырып, сатып алу нәтижесін қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Серіктестік кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Комитеттің, Департаменттің және «Сауран ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тындап, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма №11494487-1 «Түркiстан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық округi, Көксәйек елдi мекенiндегi 600 орындық Жайлы мектебiнiң сыртқы инженерлiккоммуникация жүйелерінің құрылысына инжинирингтік қызмет көрсету», №10907784-2 «Түркістан облысы Келес ауданының Бірлік ауылдық округіне қарасты Жаңатіршілік, Үшағаш, Қосөткел, Бірлік елді мекендерінде және Ошақты ауылдық округіне қарасты Саттаров, Ынталы, Қаратал, Бақытсай, Атақоныс елді мекендерінің гидравликалық жару қондырғыларымен газ құбырларының құрылысына (түзету) техникалық қадағалауды жүзеге асыру қызметтері», №11541479-1 «Түркістан облысы Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы жобасы бойынша техникалық қадағалау қызметтері», №11261493-2 «Сарыағаш ауданы, Жылға ауылдық округі, Шеңгелді елді мекенін газбен жабдықтау құрылысы (түзету) техникалық қадағалау» ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жарияланған. 2024 жылғы 13, 14 наурызындағы қорытындылар туралы хаттамаларының негізінде:
№11494487-1 конкурс бойынша "D.E.A. Union" ЖШС-гі жеңімпаз деп, ал "RoyalCompany" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші;
№11261493-2 конкурс бойынша "Бинас Инжиниринг" ЖШС-гі жеңімпаз деп, ал "RoyalCompany" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші;
№10907784-2 конкурс бойынша "Банур-1" ЖШС-гі жеңімпаз деп, ал "RoyalCompany" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші;
№11541479-1 конкурс бойынша "Банур-1" ЖШС-гі жеңімпаз деп, ал Серіктестік екінші орын алған әлеуетті өнім беруші деп айқындалған.
Департамент басқа әлеуетті өнім берушілердің шағымдарын қарап, "RoyalCompany" ЖШС-нің, «Қабылан эксперт» ЖШС-нің өтінімдеріне тіркеген техникалық ерешеліктері конкурстық құжаттамаға сай келмегендіктен конкурстарға қатысудан шеттетуге жатады деп келген тұжырыммен Ұйымдастырушыға 2024 жылдың 8 сәуірінде хабарламалар жолданған.
Департаменттің хабарламаларымен келіспей, "RoyalCompany" ЖШСгі, «Қабылан эксперт» ЖШС-гі Комитетке шағымданған.
Комитет 2024 жылдың 22 сәуірінде "RoyalCompany" ЖШС-гі, «Қабылан эксперт» ЖШС-гі өтінімдерінің техникалық ерешеліктері конкурстық құжаттамаға сәйкес келетіні туралы қорытындысын Департаментке жолдаған.
2024 жылғы 23 сәуірінде Ұйымдастырушыға Департамент камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы №№611010000-4-6-282004-V2, 611010000-4-6-281979-V2, 611010000-4-6-281980-V2, 611010000-4-6-281980-V2 хабарламалар (бұдан әрі – хабарламалар) жолдаған.
Ұйымдастырушымен конкурстар қайтара қаралып, 2024 жылғы 26 сәуірдегі №12230956, 2024 жылғы 10 мамырдағы №№12329342, 12340901, 12339291 қорытынды хаттамаларының (бұдан әрі - қорытынды хаттамалары) нәтижесінде:
№11494487-1 конкурс бойынша "RoyalCompany" ЖШС-гі жеңімпаз деп, "Банур-1" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші;
№11261493-2 конкурс бойынша "RoyalCompany" ЖШС-гі жеңімпаз
деп, "Банур-1" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші;
№10907784-2конкурс бойынша "Қабылан эксперт" ЖШС-гі жеңімпаз
деп, "Банур-1" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші; №11541479-1 конкурс бойынша "Банур-1" ЖШС-гі жеңімпаз деп, "Қабылан эксперт" ЖШС-гі екінші орын алған әлеуетті өнім беруші деп айқындалған.
2024 жылдың 13 мамырында «Төлеби аудананының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен «Royal Company» ЖШС-гі арасында конкурс нәтижесі негізінде №24 келісім шарт жасалған.
Бұл нәтижелермен келіспеген Серіктестік жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген. Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» 15-қосымшасының ескертпесіндегі 2, 3 тармақтары бойынша техникалық ерекшелікте әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік, өзге құжаттарда техникалық ерекшеліктің талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
Конкурстық құжаттамалардың талаптарында, оның ішінде 15қосымшасы, сатып алынатың қызметтердің техникалық ерекшеліктерге әлеуетті өнім берушілердің тарапынан қосымша құжат немесе файл ұсыну шарттары көзделмеген.
«RoyalCompany» мен «Қабылан эксперт» ЖШС-нің конкурстарға ұсынған көрсететін қызметтердің техникалық ерекшеліктері конкурстық құжаттаманың 15-қосымшасында көзделген талаптарына сай толтырылған.
Серіктестіктің уәждеріне соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Амаль» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын .
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.