ВС РК - Постановление от 02.07.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/273 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/273

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 2 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Молдахметова Т.А., судьялар Иманиязова Ш.С., А.Савинова, прокурор М[...], жауапкер Л[...] өкілі М[...] және аудармашы

Т[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер Л[...] өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Л[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі шешімімен талап қою арыз қанағаттандырылған.

Л[...] 7 725 487 теңге өтемақы төлеп, оған меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, Алматы ауданы, «Южный» жеке гараж иелерінің тұтынушылық кооперативі, № 3251/1 гараж мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 0,00206 га жер учаскесі (бұдан әрі - жер учаскесі) мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жер учаскесіне төленетін 7 725 487 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақының мөлшері 1 012 840 теңгеге дейін азайтылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот алқасының қаулысын қайта қарап, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырып, өтемақының мөлшерін 7 725 487 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.

Сот алқасы прокурордың апелляциялық сот қаулысының күшін жойып, істі жаңадан қарауға жолдау туралы қорытындысын, жауапкер өкілінің

өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағы бойынша, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктіңтең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Аталған кодекстің 88-бабының 1-тармағында, егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталғаны туралы қаулымен келіспесе не онымен алынатын жер учаскесі үшін баға және басқа шарттар туралы келісімге қол жетпесе жергілікті атқарушы орган сотқа жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен жүгінуге құқылы деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 67-бабының 2, 3-тармақтарына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 510-2202 қаулысы бойынша қаладағы Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылынан Т[...] көшесіне дейінгі мекенжайда орналасқан жалпы ауданы 0,812 га жер учаскесі «Көшелер» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатқызылған.

Алынатын жер учаскесінің шекараларына Л[...] тиесілі жер учаскесі енген.

2023 жылдың 28 сәуірінде жауапкерге ақшалай өтемақы төлеу арқылы жердің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға жататындығы туралы ұсыныс берілген. «Н[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 0116//303 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебімен даулы жердің құны 700 132 теңгеге бағаланған. Жауапкер көрсетілген бағалау құнымен келіспеген.

Бірінші сатыдағы сот мүліктің құнын анықтау мақсатында тауартану сараптамасын тағайындаған.

«FK[...]» ЖШС-нің сарапшысы А[...] 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қорытындысымен жердің нарықтық құны зерттеу күніне 2 323 891 теңгені, онда орналасқан құрылыстың құны 5 401 596 теңгені, барлығы 7 725 487 теңгені құраған.

Осы сараптама қорытындысын негізге алған бірінші сатыдағы сот жауапкерге төленетін өтемақы мөлшерін 7 725 487 теңге деп анықтаған.

Алайда апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспей, даулы жерде орналасқан мүліктің құны сарапшымен 5 401 596 теңгеге бағаланғаны күмән туғызады және ескерілуге жатпайды деген тұжырыммен қайталама сараптама тағайындаған.

Астана қаласы бойынша Сот сараптамалар институтының сарапшылар комиссиясы жүргізген 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 17106 қайталама сараптама қорытындысына сәйкес, жер учаскесінің құрылыспен қоса есептегендегі нарықтық құны 4 510 784 теңгені құраған. Оның ішінде жердің құны – 1 012 840 теңге, ал өту жолының құны істегі құжаттар бойынша анықталған. Бағалау жүргізілген кезде даулы жерде ешқандай құрылыс болмаған (бұзылған).

Апелляциялық сот алқасы, жер учаскесінде өзге жылжымайтын мүлік жоқ. Сондықтан, жоқ мүлікке мемлекет өтемақы төлеуге тиіс емес деген қате тұжырым жасаған.

Өйткені, істің бірінші сатыдағы сотта қаралу кезінде даулы жер учаскесінде тұрғын емес үй-жайдың бар болғаны іс құжаттарымен дәлелденеді. Алайда, бірінші сатыдағы соттың тағайындаған сараптамасы бойынша зерттеу-қарау жұмыстары жүргізіліп болғаннан кейін, талап қоюшымен құрылыс нысаны сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бұзылған.

Демек, апелляциялық сот алқасымен тағайындалған қайталама сараптама жер учаскесінде даулы құрылыс нысаны бұзылғаннан кейін жүргізілген. Яғни, сарапшының даулы мүліктің нақты құнын анықтау мүмкіндігі болмаған. Осыған орай, Астана қаласы бойынша Сот сараптамалар институтының сарапшылар комиссиясы жүргізген 2023 жылғы 13 желтоқсандағы қайталама сараптама қорытындысы назарға алуға жатпайды.

Істің мұндай тұрғысында, қалалық соттың апелляциялық қаулысын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Л[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Т. Молдахметова

Судьялар Ш. Иманиязова

А. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.