№6001-22-00-3Г/5054
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 9 қаңтар
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы З.Б.Кейкибасова,
талап қоюшы Ж[...] жауапкер Т[...] несие бойынша төленген қарызды ерлізайыптылардың ортақ қарызы деп тану, төленген қарыз сомасын өндіру және ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен үлесін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша шығарылған Ақтөбе қалалық сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімін, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкер Т[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
Ж[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда жауапкермен некеде тұрған уақытта 2006 жылғы 15 желтоқсанда «Альянс Банк» (қәзіргі-«Forte Bank») акционерлік қоғамынан несие алып, мемлекеттік номері [...], «Мазда-626» маркалы автокөлігін 4 900 АҚШ долларына сатып алғанын және көлік несие бойынша кепілге қойылғанын мәлімдеген. 2007 жылы неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлік бөлінбеген, көлік жауапкерде қалған. Банктік несие шарты бойынша міндеттемелері талап қоюшымен 2021 жылғы қыркүйек айында толық орындалғанын көрсетіп, банктен алынған несие ортақ қарыз болып табылатынын және де қарызды өзі төлегендіктен, төленген қарыздың ½ бөлігін өндіруді және автокөлік ортақ меншік болғандықтан төленген қарыз ерлі-зайыптылардың ортақ қарызы деп танып, оның ½ бөлігін ақшалай түрде өндіруді сұраған.
Ақтөбе қалалық сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Сот шешім етті: «Forte Bank» акционерлік қоғамына төленген қарыз ерлі-зайыптылардың ортақ қарызы деп танылсын. Ж[...].Т[...] талап қоюшы Ж[...] пайдасына төленген қарыз сомасының ½ мөлшері 1 033 900 теңге, ортақ мүліктің ½ бөлігі 700 000 теңге өндірілсін. Ортақ мүліктің ½ бөлігінің құнын талап қоюшыға толықтай төленгеннен кейін «Мазда -626» маркалы, мемлекеттік белгісі [...] автокөліктің меншік иесі Т[...] танылсын.
Талаптың басқа бөлігін қанағаттандырудан – бас тартылған. Сот шығындары өндіріліген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта жауапкер Т[...] көрсетілген сот актілерімен келіспей, келесідей уәждер келтірген.
Осылайша, өтінішхатта 2006 жылғы 31 желтоқсанда «Мазда-626» маркалы автокөлікті алғаннан 10 күн өткен соң талап қоюшының інісі С[...] сол автокөлікпен жол-көлік оқиғасына түскенін, автокөлік сақтандыру компаниясымен сақтандырылғандықтан корпусындағы зақымдар бойынша тараптар 380 000 теңге (алынған 600 000 теңге несие сомасының 63%-ы) сақтандыру төлемін алғанын мәлімдеген.
Жауапкер 2021 жылғы 26 қарашада және 6 желтоқсанда азаматтық істі қарау мен шешу үшін маңызы бар бірнеше қосымша дәлелдемелерді сұрату туралы сотқа өтінішхаттар жолдаған.
Алайда, оның өтінішхаттары сотпен ескерілмеген, мәні бойынша қаралмаған.
Жауапкердің ойынша аталған өтінішхаттар қанағаттандырылған жағдайда талаптың мөлшері біршама азаятын еді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы талап қою мерзімі 2010 жылы өтіп кетті.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі - зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 37-бабының 6-тармағына сәйкес, некесi (ерлізайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлiзайыптылардың талаптарына неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап талап-арыз ескіруінің үш жылдық мерзiмi қолданылады.
Ақтөбе қалалық сотының заңды күшіне енген 2007 жылғы 17 шілдедегі шешімімен тараптар арасында неке бұзылған. Бұл ретте тараптар ерлізайыптылардың ортақ мүлкін ерікті түрде бөлуге келіскен. Осылайша, 2007 жылы тараптар мүліктік дау сотта жоқ деп мәлімдеген.
Осы азаматтық істі қарау барысында жауапкер талап қоюшының талап қою мерзімін өткізіп алғаны туралы бірнеше рет ауызша мәлімдегенін көрсеткен.
Алайда, төменгі соттар бұл өтінішті назарға алмаған және оны мәні бойынша қарамаған.
Оған қоса, төменгі сатыдағы сот істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған жауапкер болмаған кезде қараған.
2022 жылғы 17 қаңтарда жауапкер жұбайына медициналық тексеру жүргізу үшін Ресей Федерациясына кеткен. Осыған байланысты ол алдағы сот отырыстары туралы сот хабарламасын алмаған. Қазақстан Республикасына 2022 жылы 4 ақпанда ғана оралған.
Өтінішхатта келтірілген уәждер істі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысына кассациялық тәртіпте қарауға беру қажеттілігін көрсетеді.
Сонымен қатар, іс материалдарынан анықталғандай, даулы көлік несиеге сатып алынған.
2006 жылғы 15 желтоқсандағы №ДЗ 1417-КА-1363400/2006 кепіл шартының 1.1 және 1.2-тармақтарына сәйкес 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №1417-КА-1363400/2006 Кредиттік шарт бойынша Т[...] банкпен 4900 АҚШ доллар мөлшерінде 60 ай мерзімге несие берілген. Аталған шарттың 1.7-тармағынан тараптардың келісім бойынша кепіл заттың құны 626 955 теңге (4900 АҚШ долларға тең) көлемінде анықталғаны көрінеді.
2022 жылғы 20 қаңтардағы сот отырысында банк өкілі несие алушы несие шартын орындамағандықтан банктің сотқа жүгінгенін, 2010 жылғы соттың сырттай шешімімен Т[...] (Ж[...]) 587 966 теңге өнідірілгенін сотқа баяндаған. Бұл сот шешімі орындалмаған.
Іс материалдарында тіркелген 2021 жылғы 3 қыркүйектегі міндеттемелерді тоқтату туралы келісімнің 1-тармағына сәйкес, борышкер Ж[...] 1739,96 АҚШ доллар мөлшеріндегі соманы төлей отырып, Кредиттік шарт бойынша міндеттемесі тоқтатып борышкер бұдан былай Кредиттік шарт бойынша берешекті төлеу міндеттемесінен босатылған.
«Forte Bank» АҚ-ның жауабынан көрінгендей несие алушы Т[...] несиелік құжаттарының көшірмесі және 2006 жылғы 22 желтоқсанынан бастап 2015 жылғы 15 қаңтар аралығындағы кезең бойынша Т[...] (Ж[...]) дербес шотынан үзіндісі қосымша сотқа жіберілген. Бірақ іс материалдарына аталған несиелік құжаттардың көшірмелері тіркелмеген.
Осылай, іс құжаттарында Кредиттік шарт бойынша 4900 АҚШ доллары көлемінде талап қоюшымен төленген ақша қаражаттары туралы мәліметтердің жоқтығына қарамастан, соттармен жауапкерден 4900 АҚШ доллар мөлшерінде алынған несие сомасының жартысы өндірілген. Осыған байланысты, судья жауапкердің жоғарыда көрсетілген уәждері және басқа да уәждер кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады деп санайды.
АПК-нің 444-бабының 1 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ж[...].Т[...] қалалық сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімін, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья З.Кейкибасова Көшірмесі дұрыс
З.Кейкибасова
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.