№6003-25-00-2к/345
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.А.Айкенова, талап қоюшының өкілі Л.Т.Кайралапованың,
үшінші тұлға өкілі Д.Е.Султангалиевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Гүлшара Төлендіқызы Төлешованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі Атырау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз және заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Г.Т.Төлешова сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылған, талап қоюшының пайдасына бос жүрген күндеріне 120 263 теңге еңбек ақы және сот шығындары өндірілген. Ал даулы бұйрықты негізсіз деп тану және бұрынғы жұмысқа қайта алу туралы талап қоюдың бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, талап қоюын толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 20 қазандағы еңбек келісім шартына және Атырау қаласы полиция департаментінің (Полиция департаменті) №220 ж/қ санды бұйрыққа сай, Г.Т.Төлешова 2023 жылғы 20 қазаннан бастап Полиция департаменті жанындағы процессингтік орталықтың тағылымдамадан өтуші-мемлекеттік автоинспекторы
лауазымына қабылданып, 2023 жылғы 23 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ-нің М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының алғашқы кәсіби даярлық курсына жолданған.
Еңбек шартының 5,7-тармақтарына сәйкес шарт бір жылға жасалған және үміткердің мерзімі аяқталу күні 2024 жылғы 20 қазан.
2024 жылғы 25 сәуірдегі Атырау қаласы полиция басқармасының анықтау бөлімінің қаулысына сай, Г.Т.Төлешоваға қатысты қылмыстық қудалау, іс бойынша айғақ зат болатын сериясы ЖБ-Б № 0527259 тіркеу № 203 санды дипломы табылмай, нәтижесінде сараптама тағайындау мүмкін болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша өндіріс тоқтатылған.
2024 жылғы 09 тамызда Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментіне (ары қарай - ҰҚК) Г.Т.Төлешоваға қатысты арнайы тексерістен өткізу үшін тиісті құжаттарды жолдаған. ҰҚК-нің 2024 жылғы 12 қыркүйектегі № 25/2/13-3847 санды хатына сай Г.Т.Төлешоваға қатысты арнайы тексеру құжаттары қараусыз кері қайтарылған.
ҰҚК-нің арызы негізінде 2024 жылғы 19 қыркүйектегі №1129 ж/қ санды бұйрыққа сай Г.Т.Төлешовамен еңбек шарты Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (ары қарай - Кодекс) 49-бабының 5- тармағына сәйкес 2024 жылғы 19 қыркүйектен бастап бұзылған.
Г.Т.Төлешова, қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
Кодекстің талабын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, даулы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойып, талап қоюшының пайдасына бос жүрген күндеріне 120 263 теңге еңбек ақы өндіріп, талап қоюдың қалған бөлігін негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.
Себебі Кодекстің 56-бабының 1,2,4-тармақтары негізінде Г.Т.Төлешованың еңбек шартын тоқтату туралы арызында қай уақыттан бастап жұмыстан шығаруды сұрайтыны көрсетілмеген, бұл арыз Полиция Департаментінде бір жыл бұрын, яғни 2023 жылғы 27 желтоқсанда тіркелген. Бұған қоса Г.Т.Төлешованың жұмыстан өз еркімен шығу ниеті болмаған, яғни жұмыс беруші аталған даулы бұйрықты Кодекстің талаптарын өрескел бұза отырып шығарған.
Сонымен қатар, Кодекстің талаптары негізінде бұйрықты негізсіз деп тану туралы талап қоюдың бөлігі дұрыс қанағаттандырудан бас тартылған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024
жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 31-тармағында белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты заңсыз тоқтатылған немесе бұзылған жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алуға еңбек шартының қолданылу мерзімі шегінде жол беріледі. Егер дауды қарау кезiнде еңбек шартының қолданылу мерзiмi аяқталса, онда жұмыскерге келісу комиссиясының немесе соттың шешiмi бойынша оған еңбек шарты заңсыз тоқтатылған кезден бастап еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге дейін бүкiл, бірақ алты айдан аспайтын кезең үшiн жалақысы мен оған тиесілі өзге де төлемдер төленедi делінген. Мұндай жағдайда тараптар арасында бір жылға, яғни 2024 жылғы 20 қазанға дейін жасалған еңбек шартының қолдану мерзімі аяқталуына байланысты талап қоюшының жұмысқа қайта орналастыру туралы талабы дұрыс қанағаттандырудан бас тартылған.
Сондай-ақ аталған Нормативтік қаулының талабына сай еңбек шарты заңсыз тоқтатылған кезден бастап еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге дейін жауапкерден талап қоюшының пайдасына бос жүрген күндеріне 120 263 теңге көлемінде еңбек ақы өндірілген.
Талап қоюшының кассациялық шағымында Нормативтік қаулының 12 тармағы мен Кодекстің 51-бабаның 2-тармағында көзделген құқықтары бұзылғанын, себебі еңбек шартының қолдану мерзімі аяқталу кезінде жүкті болғаны туралы уәжі негізсіз. Өйткені талап қоюшы еңбек шарты мерзімінің аяқталуы себепті емес, жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу жөніндегі бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қойған, ал сот АПК-нің 225-бабының 2-бөлігіне сай істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
Сондықтан соттар талап қоюшының талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы заңды шешім қабылдаған. Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.Ормаханов А.Рамазанова
А.Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.