КСАД РК - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2024 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 желтоқсан 6003-25-00-4к/2024 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Г.Б. Дүйсенбаев,

ашық сот отырысында талап қоюшы Т.К.Каркеновтың жауапкер жеке сот орындаушысы Алмас Мейрамович Дукенбаевқа қойған жеке сот орындаушысы қызметіне ұсталған ақшасын қайтару туралы талап қоюы бойынша Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымына, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурызындағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы талаптармен 31 желтоқсан 2024 жылы сотқа жүгінген.

Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурызындағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылған. Талап қоюшы Т.К.Каркеновтың жауапкер жеке сот орындаушысы А.М.Дукенбаевқа қойған жеке сот орындаушысы қызметіне ұсталынған 340 081 теңге ақшасын және 2860 теңге пошталық шығыстарының қаражатын өндіріп қайтарып беру туралы әкімшілік талап қоюы қайтарылған.

Соттың ұйғарымдарымен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағым келтіріп, сот актілерінің күшін жоюын сұраған.

Соттың отырысына қатысу үшін іске қатысатын адамдар келмеді.

Қазақстан Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағым мен іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.

ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК 438 бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қарағанды облысы Ұлытау аудандық сотының 2019 жылғы 11 шілдедегі сот бұйрығымен Т.К.Каркеновтен Загира Героевна Султанованың пайдасына 30 тамыз 2003 жылы туған А.Т.Каркенова, 3 шілде 2008 жылы туған А.Т. Тұрарбек, 5 ақпан 2010 жылы туған М.Тұрарбекқызына, балалары кәмелеттік жасқа толғанша күтіп бағу үшін, ай сайын табысының немесе өзге де кірісінің тең жартысының көлемінде алимент өндірілген.

Жауапкер жеке сот орындаушысы А.М.Дукенбаев 2022 жылғы 24 маусымда жеке сот орындаушысының қызметіне ұсталынған ақшаны бекіту туралы қаулысын шығарған.

Талап қоюшы Т.К.Каркенов жауапкер жеке сот орындаушысы А.М.Дукенбаевтың 2022 жылғы 24 маусымдағы жеке сот орындаушысының қызметіне ұсталынған ақшаны бекіту туралы қаулысымен танысқан. Әкімшілік іс құжаттарына тіркелген құжаттарға сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын ай сайын, атап айтқанда 2024 жылдың 4 шілдесінде, 5 тамызында, 15 тамызында, 25 қыркүйегінде, 24 қазанында төлеп келген. ӘРПК-нің 136-бабының 4 бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Талап қоюшы сотқа сотқа мерзім өткізіп, тек қана 31 желтоқсан 2024 жылы жүгінгендіктен, бірінші және апелляциялық саты соттарының мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту және талап қоюды қайтару туралы тұжырымдары негізді болып табылады.

Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымы, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурызындағы ұйғарымы өз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Р. Айнақұлова

Судьялар:

Г. Дүйсенбаев

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.