ВС РК - Постановление от 12.07.2022 по делу 6001-22-00-6ап/484 (Административное)

6001-22-00-6ап/484

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 12 шілде Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Г.Б.Дуйсенбаев, Д.А.Токмурзина болып, талап қоюшы М[...], жауапкерлер: Казталов ауданы әкімінің өкілі Т[...], «Казталов аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының басшысы М[...] жауапкерлер Казталов ауданының әкіміне және «Казталов аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер комиссиясының хаттамасына және әкімшілік актісіне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

М[...] Казталов аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 20 қазандағы № 14 лот бойынша шығарылған № 36 шешімін бұзу туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Уәждерінде жер комиссиясының құрамына уәкілетті орган өкілінің қатыстырылмағанын, № 14 лот бойынша дауыс беруге комиссияның тек 9 мүшесі қатысқанын, қалған 8 мүшесінің дауыс бергендігі туралы ақпарат жоқ екенін, өзінің жер учаскесін алуға басым құқығының ескерілмегенін көрсеткен.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Казталов ауданының әкімдігімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы шаруа қожалығын жүргізуге арналған жер учаскелерінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөнінде конкурс өткізілген.

№ 14 лот бойынша Жаңажол ауылдық округіндегі 300,0 гектар құрайтын жер учаскесіне жаряланған конкурсқа төрт үміткер қатысқан.

Жер комиссиясы отырысының 2021 жылғы 20 қазандағы № 36 хаттамалық шешімімен бизнес-жоспар зерделеу барысында бір гектарға салынған болжамдық инвестиция көлемі бойынша барлық өтінім берушілерге 20 баллдан берілген. Жеңімпазды ашық дауыс беру арқылы анықтау кезінде «Ж[...]» шаруа қожалығы (басшысы К[...]) жеңімпаз болып танылған (5 дауыспен). Талапкер М[...] 3 дауыспен екінші орын алған.

Казталов ауданы әкімінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 297 қаулысымен конкурс жеңімпазына жер учаскесі уақытша өтеулі құқығымен 10 жылға жерді пайдалану құқығы беріліп, келісім-шарт жасалған.

Жер комиссиясының шешімі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) талаптары сақтала отырып қабылданғаны жөнінде соттардың тұжырымы негізді болып табылады.

Кодекстің 43-бабына сай жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Жер учаскелері Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі; жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясының жұмыс органы болып табылады.

Жер комиссиясының хатшысы жұмыс органының лауазымды адамдарының арасынан айқындалады. Жер комиссиясының хатшысы дауыс беруге қатыспайды.

Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі.

Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.

Казталов ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 қаңтардағы № 16 қаулысымен тоғыз адамнан құрайтын тұрақты жер комиссиясының мүшелері бекітілген. Сонымен қатар, комиссия құрамына әр ауылдық округ әкімі мен сол округтардың жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген уәкілдері кіргізілген.

№ 14 лот бойынша Жаңажол ауылдық округіндегі жер учаскесіне жаряланған конкурсқа комиссия құрамының жеті тұрақты мүшесі және Жаңажол ауылдық округінің әкімі, сол округтің жергілікті қоғамдық кеңесінің өкілі, яғни комиссияның жалпы 11 мүшесінің 9-ы қатысып, солар ғана дауыс берген. Комиссия мүшесі болып табылмайтын оның хатшысы тисінше дауыс беруге қатыспаған.

Жер комиссиясының 2021 жылғы 20 қазандағы отырысында бірнеше лоттармен басқа ауылдық округтардың жерлері бойынша да конкурстар өткізілген. Олар бойынша да тиісті сегіз ауылдық округ әкімі мен сол округтардың жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген уәкілдері қатысқан. Олар өз округтері аумағында орналасқан жер учаскелеріне қатысты мәселелер бойынша ғана дауыс берген.

Бұл мән-жайлар комиссия құрамының құқыққа сыйымды екендігін және даулы шешім Кодекс талаптарына сәйкес қабылданғандығын бекітеді.

Сонымен қатар, талап қоюшының жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган өкілінің жер комиссисының құрамына енгізілмегені туралы уәжі конкурс нәтижесіне әсер етпейді.

Талап қоюшының өзінің К[...] салыстырғанда даулы жер учаскесін алуға басым құқығы бар екендігі жөніндегі уәжі де негізссіз.

Жер Кодексінің 101-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзiндегi жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда, кентте тұратын азаматтар пайдаланады.

Конкурс жеңімпазы болып танылған К[...] талап қоюшы М[...] сияқты Казталов ауданының тұрғыны болып табылады.

ӘРПК-нің 4-бабының 6) тармақшасына және 11-бабына сай әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі.

Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.

Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.

Осы дау бойынша жер комиссиясы Кодексте белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігін жүзеге асырған.

Бұл өкілеттік жер комиссиясының құзыретіне жатады. Сондықтан сот жер комиссиясы мүшелерінің дауысты кімнің пайдасына не себептен бергенінің орындылығын бағалауға құқылы емес.

Сонымен қатар, соттармен М[...] өзінің туыстарымен бірге Жаңажол ауылында шаруа қожалығын жүргізу және мал өсіру үшін жер телімдері бар екендігі де ескерілген.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«А[...]» ШҚ-ның басшысы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Г. Дүйсенбаев

Д. Токмурзина

Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.