ҚАУЛЫ
2026 жылғы 17 наурыз №6003-25-00-2к/3117 (3) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшының өкіл А.С.Суншалиеваның, жауапкер «Рауан» шаруа қожалығының өкілдері А.М.Нурушовтың, М.Т.Искаковтың, жауапкер «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Е.Х.Бекбулатовтың, Н.Е.Мақсутовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер «Рауан» шаруа қожалығына, «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастары бөлімі) жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюын даулы жер телімдері саудасаттықсыз (конкурстар, аукциондарсыз) заң талаптары бұзыла отырып берілгенімен негіздеген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Жер қатынастары бөлімі мен Т.С.Жумашеваның арасындағы 2014 жылғы 4 тамыздағы №119 және 2014 жылғы 19 қарашадағы №156 жер учаскесін жалға алу типтік келісім шарттары жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жер қатынастар бөлімі кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жататыны жөніндегі қорытындысын
тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2014 жылғы 25 сәуірде Жаңақала ауданы әкімінің №115 қаулысымен Т.С.Жумашеваға Қызылоба ауылдық округі босалқы жер қоры «Парфель» қыстауы маңынан жалпы көлемі 500 га, оның ішінде 200 га жайылым, 300 га шабындық жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін, өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге берілген.
2014 жылғы 3 қазанда Жаңақала ауданы әкімінің №247 қаулысымен жауапкерге бекітіліп берілген 500 га ауылшаруашылық жеріне қосымша Қызылоба ауылдық округі босалқы жер қоры «Қамыстыапан» қыстауы маңынан жалпы 2000 га жайылым жер учаскесі, өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге берілген.
Аталған қаулылар негізінде Жер қатынастары бөлімі мен Т.С.Жумашева арасында 2014 жылғы 4 тамыздағы №119 және 2014 жылғы 19 қарашадағы №156 жер учаскелерін жалға алу типтік шарттары жасалған.
Департамент тарапынан азамат Р.К.Уразалиевтің шағымы негізінде жүргізілген тексеру нәтижелері туралы актісімен жауапкерге берілген жер учаскесіне құқық сауда-саттық (аукцион, конкурс) тәсілінсіз берілгені Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48бабының талаптары бұзылғаны анықталған.
Жер кодексінің 43-бабының 1-1-тармағына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері мен жер учаскелеріне жалға алу құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.
Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында жеке-дара қолданылатын құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі -АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
АК-нің 157-бабының 2,3-тармақтарына сай, мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады. Мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
АК-нің 158-бабына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
Бірінші сатыдағы сот, Т.С.Жумашеваға даулы жер учаскесіне меншік құқығы Жер кодексінің 48-бабында көзделген сауда-саттық (конкурс, аукцион) өткізбей берілгенін негізге алып, АК-нің 267-бабы 1-тармағына сәйкес Т.С.Жумашева мен Жер қатынастары бөлімінің арасында 2014 жылғы 4 тамызда №239 және 2014 жылғы 19 қарашада №156 жер учаскелерін жалға беру туралы келісім шарттарын жарамсыз деп тануға жататындығы туралы дұрыс қорытындыға келген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкердің талап қою мерзімін қолдану туралы өтінішін орынды қанағаттандырусыз қалдырған.
АК-нің 178, 180 баптарының ережелері бойынша талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Департаментке заң бұзушылық фактілері 2024 жылғы жүргізілген тексеру нәтижесінде белгілі болған. Демек, талап қою мерзімі өтпеген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкердің шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.