ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/616 (Административное)

6001-24-00-6ап/616

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшы М.Е. Есжановтың, Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.А.Жубаев, Отырар ауданы əкімінің өкілі А.Т. Әмірханның қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Мухтар Есиркепович Есжановтың жауапкер Түркістан облысы, Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясына 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №105 жəне 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 107 шешімдерінің күшін жою, 2023 жылғы 24 қарашадағы жəне 2023 жылғы 24 желтоқсандағы жауап хаттарын заңсыз деп тану туралы əкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымына жəне Түркістан облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкерлерге сотқа жүгініп, 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №105 жəне 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №107 шешімдерінің күшін жою, 2023 жылғы 24 қарашадағы жəне 2023 жылғы 24 желтоқсандағы жауап хаттарын заңсыз деп тануды сұраған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюын мерзімін қалпына келтіруді, бірінші саты сотына жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс материалдарына қарағанда талап қоюшы Отырар ауданы Маяқұм ауылдық №7 бірмандаттық Маяқұм ауылы сайлау округінен 2023 жылғы 19 наурызда Отырар аудандық мəслихатына депутат ретінде сайланған.

Өз кезегінде талап қоюшы М.Е.Есжанов «Аманат» партиясы» Түркістан облыстық филиалының саяси кеңесі Бюросының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №018PQ қаулысымен партия қатарынан шығарылған.

Жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы Заңның 20-бабы 3-тармағының 3-1 тармақшасы негізінде Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 105 шешімімен Отырар аудандық мəслихатының депутаттық өкілеттігі тоқтатылған.

Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №107 шешімімен Отырар аудандық мəслихатының депутаты өкілеттігінің жоғалту фактісі көрсетіліп, талап қоюшының депутаттық куəлігі жарамсыз деп танылған.

Талап қоюшы талап қоюмен сотқа 19 желтоқсан 2023 жылы қайырылған.

Жергілікті соттар ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сəйкес, талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дəлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауына байланысты талап қоюды қайтарған.

Соттардың бұл тұжырымдары негізсіз, себебі талап қоюшының

уəждеріне соттар тиісті түрде құқықтық баға бермеген.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының (бұдан əрі – Конституциялық заң) 1-бабына сəйкес, осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жəне Мəжiлiсiнің, мəслихаттардың депутаттарын, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің əкімдерін жəне өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық жəне оны өткiзу кезінде, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Парламент Мəжілісі мен мəслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi жəне Республика азаматтарының ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн кепiлдiктердi белгiлейдi.

Аталған нормаға сəйкес, Конституциялық заңмен сайлауға дайындық жəне сайлау өткізу кезінде, соңдай-ақ сайланған депуттарды кері шақырып алу кезiнде қабылданған шешімдер мен іс-əрекеттерге шағым беру тəртібі реттеледі. Талап қоюшының талабы аталғандарға жатпайды.

Талап қоюшы Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының депутаттық өкілеттігі тоқтату жəне депутаттық куəлігі жарамсыз деп тану туралы шешімдерін даулап отыр.

Демек, əкімшілік рəсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын актіге шағым келтірілген.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сəйкес дау айту туралы, мəжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нəтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 129-бабы бірінші бөлігіне сəйкес, берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мəлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дəлелдеуге міндетті.

Егер заңда сотқа дейінгі тəртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою əкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Талап қоюшы көрсетілген шешімдерге 2023 жылғы 1, 2, 9, 10 қазанда Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясына «е-Otinish» сервисі арқылы шағым келтірген.

30 қазан 2023 жылы оған ӘРПК-нің 91-бабына сəйкес жоғары тұрған орғанға немесе сотқа шағымдануға құқылы екендігі туралы жауап берілген.

Талап қоюшы 2023 жылғы 4 жəне 29 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясына шағыммен жүгініп, жауап 13 желтоқсан 2023 жылы берілген.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының осы жауабын алғаннан кейін талап қоюшы талап қоюмен сотқа 19 желтоқсан 2023 жылы жүгінген.

Осылайша, талап қоюшымен сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімі сақталған. ӘРПК-нің 8 - бабының бірінші бөлігіне сай əкімшілік орган, лауазымды адам жəне сот əкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, əкімшілік іске қатысушылардың əрқайсысына олардың əкімшілік істің мəн-жайларын жан-жақты жəне толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл жағдайда жергілікті соттар аталған мəн-жайларды ескермей, қолданылуға жатпайтын заңды қолданып, талап қоюды заңсыз қайтарған.

Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот ұйғарымдарының күші жойылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымының жəне Түркістан облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс бірінші саты сотына мəні бойынша қарауға жолдансын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т. Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.