ҚАУЛЫ
2023 жылғы 29 қараша 6001-23-00-6ап/1133 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Б[...], судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өміралиев болып,
талап қоюшы Н.Қ.Сəулебайдың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] Сəулебайдың жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне хаттамалық шешімінің бөлігін заңсыз деп тану, тұрғын үйге мұқтаж тізіміндегі кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы əкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қарашадағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 20 маусымдағы №1/4 хаттамалық шешімінің Сəулебай Н[...] тұрғын үйге мұқтаж ретіндегі кезектен шығару туралы бөлігі заңсыз деп танылып, жауапкерге Н.Қ.Сəулебайдың тұрғын үйге мұқтаж тізіміндегі кезегін қалпына келтіру міндеттелген. Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мəн-жайларына қарағанда Сəулебай Н.Қ. коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж тізіміне «Халықтың əлеуметтiк жағынан осал» санаты бойынша 4 қараша 2015 жылы кезекке тұрған. Кезектік нөмері 18.
Тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 20 маусымдағы шешімімен Н.Қ.Сəулебайдың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып кеткен деген негізбен кезектен шығарылған.
Бұл шешіммен келіспеген Н.Қ.Сəулебай сотқа талап қоюмен жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мəн-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (əрі қарай – Заң) 73-бабы 1-тармағы 1) тармақшасына сай азаматтар егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған жағдайларда оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.
Осы Заңда белгіленген тəртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жəне тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тəртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар жəне атаанасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I жəне II дəрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды.
Н.Қ.Сəулебай көпбалалы отбасылар қатарына жатады.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мəн-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сəйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дəлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уəждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уəждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дəлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды жəне істің мəнжайларына сəйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын жəне АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қарашадағы шешімі, Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Б[...] Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.