№6001-23-00-6ап/1289
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Б[...],
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Ішкі істер министрлігі), «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) зейнетақы тағайындаудан бас тартқан әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Т[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша қойылған талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің 2014 жылғы 18 қарашадағы №Л-66 бұйрығына сәйкес, Т[...] қаржы полициясы органдарының таратылуына байланысты 2014 жылғы 19 қарашадан бастап жұмыстан босатылған.
Талап қоюшы қызметінен босатылғанда 49 жаста болған, жалпы еңбек өтілі 27 жыл, оның ішінде ішкі істер органдарындағы және қаржы (салық) полициясы органдарындағы еңбек өтілі күнтізбелік есеппен – 24 жыл, 1 ай, 7 күн, ал жеңілдікпен есептегенде, 36 жыл, 1 ай, 25 күнді құраған.
Талап қоюшы зейнеткерлікке шығу мақсатында 2015 жылғы ақпанда Департаментке тиісті арыз берген.
2015 жылғы 2 наурызда Департамент талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тартқан, себебі нормативтiк құқықтық актiнiң күшi Т[...] қатысты қолданылмайды деп көрсеткен.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 11 шiлдедегi Қазақстан Республикасының заңына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) өзгерістер енгізілген.
Заңның 64-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына енгізілген өзгерістерге байланысты Т[...] 2022 жылғы 22 шілдеде Департаменттен зейнетақы тағайындауды сұраған.
2022 жылғы 3 тамызда Департамент Т[...] зейнетақы төлемдерін тағайындауға негіз жоқ деп хабарлаған. Департаменттің жауабымен келіспей, 2022 жылғы 8 тамызда Т[...] Министрлікке шағым келтіріп, Заңның өзгеруіне байланысты өзіне зейнетақы тағайындауды сұраған.
2022 жылғы 25 тамызда Министрлік талап қоюшыға зейнетақы төлемдерін тағайындауға негіз жоқ деген Департаменттің шешімі дұрыс деп жауап берген.
Жергілікті соттар талап қоюшының «Құқықтық актілер» туралы Заңның 43-бабының 2-тармағына сілтемесін және Заңға енгізілген өзгеріс оған қатысты қолдануға жатады, жағдайын жақсартады деген уәждерін негізсіз деп санап, талап қоюды қанағаттандырудан келесі себептерге байланысты бас тартқан.
2014 жылғы 18 қарашадағы бұйрыққа сәйкес Т[...] Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексі» (жұмыстан шығарылған кезде қолданыста болған) 51-бабы 3) тармақшасының және 54-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының негізінде қаржы полициясы органдарының таратылуына байланысты жұмыстан босатылғандығы анықталған.
Жұмыстан босатылғанда талап қоюшының еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы болмаған, қазіргі енгізілген өзгеріс Т[...] қатысты қолдануға жатпайды, себебі нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды, Заңның немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы Заңда тікелей көзделмеген.
Сондықтан жауапкерлердің іс-әрекеттері мен шешімдері заңды және негізді деген соттардың тұжырымы заң талаптарына сәйкес келеді. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Көшірмесі дұрыс.
Б[...] Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.