ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қыркүйек 6003-25-00-4к/344 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ж.А. Оспанова,
судьялар – М.А. Қасымов, Г.М. Ыдырысова,
прокурор О.С. Пернеевтің, талап қоюшы Р.Т. Қалықованың, талап қоюшының өкілі Г.А. Мұхажанованың, жауапкердің өкілдері А.А. Оканова мен Н.Т. Досмырзаеваның, мүдделі тұлғаның өкілдері Е.О. Сайлауовтың және С.Б. Сталдың қатысуымен,
Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,
Роза Төлепбергенқызы Қалықованың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласының Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына» РММ-ге (бұдан әрі – Басқарма) салық бұйрығын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Р.Т. Калыкова Мемлекеттік кірістер басқармасына 2024 жылғы 24 мамырдағы №21000110947 салық бұйрығын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 24 мамырдағы №21000110947 салық бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылды, талап қою арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын ретінде қайтарылды.
Кассациялық шағымда талап қоюшы Р.Т. Калыкова апелляциялық сатыдағы қаулының күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды. Шағымның негіздемесінде арыз беруші апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, дәлелдемелерді дұрыс бағаламағанын және істің нәтижесіне әсер еткен процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетеді. Тараптардың және мүдделі тұлғалардың өкілдерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, материалдарды зерттеп, шағымдардың дәлелдерін талқылағаннан кейін кассациялық сот мынадай түйінге келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, Кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер осы Кодекстің 427-бабында көзделген, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол бермеді.
Іс материалдары бойынша 2024 жылғы 2 сәуірде жауапкер талап қоюшыға қатысты көлік салығы бойынша берешекті өтеу туралы №20000439048 хабарлама шығарған. Талап қоюшы хабарламаның берешегі туралы талаптарын орындамады. Ал 2024 жылғы 24 мамырда орындамау фактісі негізінде жауапкер сол соманы мәжбүрлеп өндіріп алу туралы №21000110947 салық бұйрығын шығарды.
Р.Т. Калыкова 2024 жылғы 24 мамырдағы №21000110947 салық бұйрығын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді. Талап қоюдың негіздемесінде салық төлеуге жатпайтынын көрсеткен, өйткені ол есептелген көлік құралдары 2007 жылы мемлекет меншігіне берілген (мемлекет кірісіне тәркіленген).
Бірінші сатыдағы сот бұл дәлелмен келісіп, талап қоюды қанағаттандырған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюшының салық төлеу міндетін тудыратын және оның жағдайын нашарлататын алғашқы әкімшілік акт 2024 жылғы 2 сәуірдегі берешек туралы хабарлама екенін көрсетті. Дәл осы акт заңдық салдарды тудырды. Ал 24 мамырдағы салық бұйрығы екінші, туынды акт болып табылады. Ол тек бастапқы хабарлама бойынша төленбегендіктен шығарылды және мәжбүрлеп өндіріп алу тетігін қолдану актісі болып табылады. Осылайша, салық бұйрығына (өндіріп алу туралы актіге) дау айту даудың мәні бойынша шешілуіне әкелмейді. Егер оның күші жойылса да, жауапкер оны қайта шығаруы мүмкін, өйткені 2024 жылғы 2 сәуірдегі берешек туралы алғашқы хабарламаның күші жалғасуда және өз күшін сақтайды. Өз құқықтарын нақты қорғау үшін талап қоюшы бастапқы актіге – 2024 жылғы 2 сәуірдегі берешек туралы хабарламаға дау айтуы керек еді. Бірінші сатыдағы сот әкімшілік іс жүргізу тәртібімен оның қазіргі түрінде шешілуі мүмкін емес талапты қарағандықтан (даудың нысанасы дұрыс анықталмағандықтан), оның шешімінің күші жойылып, талап қою арызы талап қоюшыға қайтарылды.
Осылайша, талап қою процестік қателікке – дұрыс емес құжатқа дау айтуға байланысты қайтарылды.
Талап қоюшыға 2024 жылғы 2 сәуірдегі берешек туралы хабарламаны заңсыз деп тану туралы талап қоюмен, шағымдануға өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатпен сотқа қайта жүгіне алатындығы түсіндірілді.
Екінші сатыдағы соттың осындай ұстанымымен кассациялық сот келіседі.
Апелляциялық сатыдағы сот жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган белгілі бір тұлғаның құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім түсінілетін әкімшілік акт әкімшілік даудың нысанасы болуы мүмкін деп заңды түрде негіздеген (ӘРПК-нің 4-бабы).
ӘРПК-нің 4-бабы ережелерінің негізінде талап қоюшы үшін заңды маңызы салдарларға алып келетін, оның нақты салық сомасын төлеу міндетін туғызатын және осы соманы мәжбүрлеп өндіріп алу мүмкіндігін жасайтын салық хабарламасына дау айтылуы тиіс.
Осылайша, құқықтық салдарларды туғызатын және дауды мәні бойынша түпкілікті шешу мақсатында дау айтылуы тиіс мұндай акт - берешек сомасы айқындалған және талап қоюшы үшін оны өтеу жөніндегі міндетті тудырған 2024 жылғы 2 сәуірдегі №20000439048 берешек туралы хабарлама болып табылады. Осы бастапқы актіге дау айту тала қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған, өйткені оны заңсыз деп тану дәл сол берешекті өндіріп алу туралы кез келген салық хабарламасын кейіннен шығарудың құқықтық негіздерін жояды.
Апелляциялық сатыдағы сот ӘРПК-нің 102, 4-баптарының және Салық кодексінің 114-бабының ережелерін дұрыс қолданды, бұл процесте бастапқы (берешек туралы хабарламаның) заңдылығын зерттемей тек қайталама актіге (салық бұйрығына) дау айту талап қоюшының бұзылған құқықтарының түпкілікті қалпына келтірілуіне әкелмейтінін, демек осы әкімшілік талап қою шеңберінде шешілуі мүмкін еместігін көрсеткен.
Дәлелдемелерді дұрыс бағаламау және процестік құқық нормаларын бұзу туралы шағымның дәлелдері дәрменсіз болып табылады.
Апелляциялық сот даулы актінің құқықтық сипатын дұрыс анықтап, құқықты қорғаудың тиісті әдісін көрсете отырып, заңға қатаң түрде сәйкестікте әрекет еткен. Сот алқасы істің нәтижесіне әсер ететін процестік құқық нормаларын бұзушылықтарды анықтаған жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 наурыздағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалдырылсын. Роза Төлепбергенқызы Қалықованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ж. Оспанова
Судьялар
М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.